Халық • 08 Желтоқсан, 2023

Бір шаңырақ астында

268 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жетісу жерінде елуден астам этнос өкілі тұрады. Дарқан қазақ даласына ба­уыр басқан қауым Шу мен Таластың ортасын атамекені санап кеткені қашан? Себебі көңілі жеті өзеніндей асып-тасып жатқан ағайын тілі мен ділі бөлек ұлыстармен бір атаның балаларындай күн кешіп келеді. Содан-ау жанға жайлы жазиралы атырап ғасыр аунаса да киелі достықтың алтын бесігінен айныған емес.

Бір шаңырақ астында

Жетісуда орыс пен ұйғыр­дан бөлек, дәстүрі ерекше корей этносы басым. Жалпы саны – 9551-ді құ­райды. Жер жәннатына қоныстанған кәрістердің мұнда келгеніне жүз жылдан асқан. Әрине, аз уақыт емес. Сонау XX ғасыр­дың басындағы зобалаң кезінде осы топыраққа табаны тиген ата-бабасы алысқа ұзамай, жергілікті жұртпен тату-тәтті ғұмыр кешеді. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, еліміздегі ұлтаралық татулықты нығайтуға өз үлесін қосады.

Негізінде өңірдегі әуелгі этномәдени орта­лықтар өткен ғасырдың 80-90 жыл­да­рында ірге қалайды. Сөйтіп, Ассам­блеяның протатипі ретінде Жетісу ха­лқы ассоциациясы атты бір­лестік құрылады. Бұдан кейін көп ұзамай облыстағы барлық этномәдени орта­лық Ассамблеяның құрамдас бөлі­гіне айналады. Бүгінде олардың саны 40-тан асады. Мұндағы ҚХА хатшылығы облыс әкімдігінің бөлімі болғанымен, Ассамблеяның жұмысын қамтамасыз ету үшін 2008 жылдан бері «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы» жұмыс атқарып келеді. Сол аяулы шаңырақ 15 жылдың белесінде сан алуан этнос өкілдерінің тілін тауып, қазақ халқының бауырмал қасиетін әлемге мәшһүр етуде. Мұны үштөбелік Эдуард Ким де жасырмайды.

«Тоқсаныншы жылдардың басында мұндағы туыстарымыз Корей мәдени орталығын ашты. Сол тұста Тал­дықорған облысы енді аяққа тұрып келе жатқан еді. Арнайы құрылтай өтіп, оның жетекшісі болып Валентина Ин сайланды. Корейлер көп қоныстанған Тал­дықорған, Текелі қалаларымен Қаратал, Көксу ауданында аталған орта­лық­тың бөлімшелері ашылып, жер­гілікті жерлерде ұлтаралық тату­лық­ты дамыту мақсатында өз жұ­мыс­тарын бастады. Мақсатымыз еліміз­дегі ұлтаралық татулықты нығайту болды», дейді Эдуард Ким.

Оның айтуынша, мәдени ұйым ха­лықаралық байланыстарды дамытуда ерекше рөл атқарған. Оған дәлел жыл сайын Оңтүстік Корея елінің білікті медицина мамандары Талдықорғанға келіп, дәрігерлерге кеңес береді. Осы күнге дейін жүздеген операция жасап, қарапайым халықты медициналық тексеруден өткі­зіп келеді. Әлемнің үздік емдеу орта­лық­тарының біздің елге келуі ежелгі бауыр­машылдығымыздың нәтижесі. Жетісу жерін екінші атамекені санайтын Хёндэ госпиталі дәрігерлері биыл 33 операция жасаған.

«30-жылдары Қазақстанға жер ауда­рылып келген корей халқына аштық кезінде қазақтар үлкен көмек көр­сетті. Қазақтарға алғыс білдіру, екі ел ара­­сындағы достықты нығайту үшін біз жыл сайын келіп, дәрігерлермен тә­жірибе алмасып, тегін тексерулер мен опе­ра­циялар жасаймыз», деді госпиталь директоры Ким Бу Соп.

Еркіндікке қол жеткізгеннен кейін жас мемлекетіміз біраз экономикалық қиын­дықтарға тап болды. Әуелі ауыл шаруалығы саласын ілгерілету маңызды еді. Осы ретте корейлер егін егуде білек сыбана кірісті. Күріш, арпа дақылдарын еккен олар жетісулықтарды егіншілікке қызықтырды.

1995 жылы Корей мәдени орталығы­ның тағы үлкен жиыны өтеді. Бұл бас­қо­судағы басты жаңалығы – сол тұс­тағы Алматы облысындағы корей орта­лығының республикалық «Қазақстан корейлері» қауымдастығына біріккені. Соның аясында корейлер тілі мен төл мәдениетін дамытуға күш салды. Мұның жемісі ретінде өмірге «Ачимноуль» ансамблі келді. Ансамбль жайында сөз қаузағанда Татьяна Нам бірден еске түседі. Неге десеңіз, ол Жетісу жерінде ғана емес, бүкіл республикаға корей өне­рін паш етті. Екі ел арасындағы мә­дени байланысты нығайтты. Тіпті ел ішіндегі талай фестивальда топ жарып, әлемдік сахналарда өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

«Ачимноуль» ансамблі Тэгу, Пус­сан, Боратола, Сеул, Пхеньян, Суан­бо, Мәскеу, Красноярск, Таш­кент, Душанбе, Берлин сынды дүние­­ жүзінің ірі қалаларында өнер көрсе­тіп, корей халқының мәдениетін насихаттады. Кезінде КСРО мен КХДР арасындағы достықты насихаттап, Пхеньян қаласында өнер көрсеткен ел осылар. Ал соңғы рет 2010 жылы Алматы облысының Оңтүстік Корея мемлекетіндегі күндері аясында Сувон қаласында өнер көрсетіп, меймандос қазақ халқының өзге ұлт өкілдерінің өнері мен мәдениетін дәріптеуге барынша жағдай жасап отырғанын «Ачим­ноуль» ансамблінің өнерпаздары өз өнер­лерімен дәлелдеп қайтқан еді», дейді Корей мәдени орталығының өкілі Анатолий Сон.

Міне, жарты ғасырға жуық уақыт шеңберінде даңқты өнер ұжымы қос елдің рухани келбетіне әр беріп келеді. Тілі мен діні бөлек болса да бір шаңырақ астында емін-еркін мәуелі мәдениеттің жұлдызына айналып отыр.

«Қазақстан – Корея қоғамдық досты­ғы» аймақтық қоғамдық бірлестігі құрыл­ғаннан кейін жергілікті корейлер қазақ­тың салт-дәстүріне қанықты. Сол ұйымның бас­тамасымен жыл сайын Корей мәде­ниеті күндерін ұйымдастырып, корей халқының салт-дәстүрі кеңінен насихатталды. Тіпті өңір көлемінде поэ­зия кештері шамын жақты. Қызығы сол, рухани шарада қазақ, корей, орыс, ұйғыр, дүнген, украин, грек тілдерінде өлеңдер оқылып, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.

Бүгінде Қаратал ауданына қарасты Үштөбе қаласындағы Р.Қошқарбаев атын­дағы орта мектепте корей этно­сының сыныбы жасақталған. Мұндағы тарихи естеліктер Қазақстан жеріне корейлердің қалай келгені жайында сыр шертеді. Жетісулық корейлер жас­тардың ой-санасына корей халқының тарихын, басынан өткерген зобалаңын, қуғын-сүргін жылдары қазақ халқы жер аударылған корейлерді қалай қарсы алғанын сіңіруде.

Жергілікті корейлер жүрегі мыңға ортақ қазақ халқының доспейіл ниетіне дән риза. Осы күні ұлтқа бөлінбей, бір тудың астында мамыражай ғұмыр кешуде. Тіпті қазақ отбасымен құдандалы болып жатқандары қаншама? Қазақ тілін жетік білетін корей балалары жоғары оқу орындарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы ретінде түсіп, үздік бітіріп, қазір мектепте сабақ беріп те жүр.

2012 жылы Қазақстандағы корей қауымдастығы корейлердің қазақ жеріне жаппай депортацияланғанына 75 жыл толуына орай Қаратал ауданына қарасты Бестөбе ауылында қазақ халқына алғыс ретінде «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішін орнатқан еді. Осы арқылы еліміздегі корейлер мемлекеттің негізін құ­раушы қазақ ұлтына осылайша ілти­патын жеткізген. Байтақ қазақ даласы кімге де болса құшағы ашық, көңілі дария. Мұны Жетісудағы мыңдаған этнос өкілі мойындайды.

 

Жетісу облысы