Спорт • 08 Желтоқсан, 2023

Паралимпиадалық боччадан Қазақстан кубогі үшін жарыс өтіп жатыр

88 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев аталған паралимпиадалық спорт түрінен алғаш рет өткізіліп жатқан Қазақстан Кубогі жолындағы жарыстың ашылу рәсіміне қатысты. Сайысқа еліміздің 10 өңірінен келген 11-14 жас аралығындағы 64 жасөспірім қатысып жатыр. Олардың қатарында дебютанттар да бар екенін атап өткен жөн, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Паралимпиадалық боччадан Қазақстан кубогі үшін жарыс өтіп жатыр

Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеген Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда бочча еліміз бойынша азаматтарға қолжетімді спорт түріне айналып келе жатқанын атап өтті. Спортшылардың да кәсіби деңгейі артып келеді. Бұған Қазақстан бочча федерациясының ресми түрде Халықаралық бочча федерациясының мүшесі болып тіркелуі және ел чемпионатының өткізілуі айқын дәлел. Сондай-ақ Қазақстан құрамасының Азия паралимпиада ойындарына қатысып, жалпыкомандалық есепте сегізінші орын алғанын да атап өткен жөн. Палата Спикері бұл жетістіктер спортшылардың ерік-жігерінің және елімізде жүргізіліп жатқан инклюзивті саясаттың нәтижесі екенін айтты. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау және оларға қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барлық салада инклюзивтілік қағидатын іске асыруға баса мән беріп келеді. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инклюзивті спорт түрлерін дамыту үшін тиісті жағдай жасалып жатыр. Бұл ретте бочча сияқты спорт түрлеріне де үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Бүгінде Астанада және ірі қалаларда ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінде боччаға деген қызығушылық артып келе жатыр. Сондықтан алдағы уақытта облыстарда жаңа федерациялар ашылады деп сенеміз. Осындай нақты қадамдар боччашыларымызды Паралимпиада ойындарының жеңіс тұғырына жетелейтіні анық», деді Мәулен Әшімбаев.

Федерация Президентінің айтуынша, қазіргі таңда Павлодар, Қарағанды, Маңғыстау, Атырау, Қостанай, Абай және Жетісу облыстарында боччадан өңірлік федерациялар ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Боччадан Қазақстан Кубогі жолындағы жарысты Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан бочча федерациясы ұйымдастырды. Сондай-ақ сайысқа Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Sport Qory» туризм және спорт индустриясын қолдау қоры қолдау көрсетті.