11 Маусым, 2010

“БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ-2020”

1313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мемлекеттік бағдарламасына қатысты түйткілді мәселелер тез шешімін табуы тиіс “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының іске асы­ры­луына мүдделі комиссияның бей­не-конференция түріндегі оты­рысы өтті. “Нұр Отан” ХДП Пар­тиялық бақылау комитеті жанынан құрылған Мемлекеттік қаражаттың пайдаланылуын бақылау жөніндегі бұл комиссия Елбасы, партия Төр­ағасы Н.Назарбаевтың тапсырма­сы­на сәйкес жұмыс атқаруда. Оты­рысқа Экономикалық даму және сауда, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктерінің, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-тың, “Атамекен” одағы” Қазақ­станның ұлттық экономикалық палатасының басшылары, облыс­тар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің, екінші деңгейлі банктер, Қаржыгерлер қауымдас­ты­ғының, шағын және орта кәсіпкерліктің өкілдері, партияның аймақтық филиалдарының бас­шылары қатысты. “Бизнестің жол картасы-2020” Елбасының биылғы халыққа Жолдауы мен Қазақстанды 2020 жыл­ға дейінгі дамытудың страте­гия­лық жоспарын іске асыру мақ­сатында әзірленгені белгілі. Аталған бағдарламаның жүзеге асырылуы бірінші кезекте қаржыға келіп тіре­летіндіктен, 2010 жылы мемлекет қоржынынан 30 млрд. теңге қа­ражат бөлінген. Ол қаражаттың 12 млрд.-қа жуығы жаңа бизнес-жобаларды қолдауға, 16 млрд. тең­гесі кәсіпкерлік секторды жандан­дыру мен сауықтыруға, ал қалған 2 млрд. теңгесі жұмысы тікелей экспортқа бағытталған өндіріс орындарына бөлінген болатын. Мемлекеттік қаражаттың пайда­ланылуын бақылау жөніндегі комис­сияның жетекшісі, Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсованың айтуынша, бағдарлама ең алдымен мемлекетті жеделдете индустрия­лан­дыру үдерісін басшылыққа алмақ. Ал бұл өз кезегінде эконо­миканың шикізаттық емес сек­то­рындағы аймақтық кәсіпкерлікті тұрақты әрі теңгерімді дамытуға, қазіргі таңдағы жұмыс орындары­ның сақталуы мен жаңа жұмыс орын­дарын ашуға сеп болмақ. “Сол себепті де, партия жанынан құрылған комиссия алдағы уақытта осы бағдарламаның жүйелі жұмыс істеуін қадағалап отыратын болады. Бұл ретте бағдарламаға бөлінген қаражаттың дұрыс пайдаланылуын қадағалау бағытында арнайы мо­ниторингтік тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тағы бір ескеретін жәйт, бұл бағдарлама аясында бөлінген қаражатты еліміздегі халық санына байланысты қайта қарауымыз қажет”, дейді Г.Қара­ғұсова. Экономикалық даму және сау­да министрлігіне қарасты Инвес­ти­циялық саясат департаменті дирек­торының орынбасары Арман Әбенов қазіргі уақытта маңызды жобаларды сүзгіден өткізу үрдісі жүріп жатқанын тілге тиек етті. “Бүгінде өңірлер бойынша қара­жат бөлу мәселесі халық саны бойынша жүргізілуде. Алайда, бұған көптеген аймақтар өз қауіп­терін де алға тартып отыр. Осы себепті біз бағдарламаның қалай өрбитінін алдын-ала бақылайтын боламыз. Ал келер жылы жүр­гізілген бақылау нәтижесінің негізінде басқа сызба әзірлеп, әр өңірдегі халық санына емес, олардың тұтыну көрсеткішіне байланысты қаражат бөлетін боламыз”, деді ол. Отырыс соңында комиссия мүшелері бағдарламаны орындау барысында кездескен өзекті мә­селелер бойынша арнайы ұсы­нымдар әзірледі. Бұл ұсынымдар ел Үкіметіне жолданады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.