Фото: google.kz
(XV – XVI ғғ)
Асан қайғы
1) Әділдіктің белгісі – біле тұра бұрмаса,
Ақылдының белгісі – өткен істі қумаса.
2) Ердің құны сөз емес есебін тапқан сабазға,
Мойнын бұрып сөз айтпас көңілі қалған аразға.
3) Есті көрсең кем деме – «бәрі тұйғын табылмас»,
Жамандағанға жат болмас бірге туған қарындас.
4) Шамаңша шалқып жүре бер, қабірге әзір қоймаса,
Артыңда қалар атақ жоқ, тіріде даңқың болмаса.
5) Көлде жүрген қоңыр қаз қыр қадірін не білсін,
Қырда жүрген дуадақ су қадірін не білсін,
Көшіп-қонып көрмеген жер қадірін не білсін.
Көшсе, қона білмеген, қонса, көше білмеген,
Айтса ақылға көнбеген, бұрса оңға жүрмеген
Санасы жоқ жамандар ел қадірін не білсін.
Бәйдібек Қарашаұлы
1) Тірлік басқа болса да, тілек бір,
Бармақ басқа болса да, білек бір.
2) Өткелді саяз деме, таяғыңды салып бойлат,
Ісіңді мақұл деме, ағайынға салып ойлант.
3) Төрде отырып, теріс сөйлегеннен без,
Есікте отырып, керіс сөйлегеннен без.
Қазтуған Сүйінішұлы
1) Ақ дария толқын күшейтер – құйрығын күн шалмаған балығым арқамда ойран салар деп.
2) Мен заманнан қорқып барамын:
Кейінгі өскен жас бала
Күндердің күні болғанда
Кімдерге кіріптар болар деп,
Обалы маған қалар деп!
Шалкиіз Тіленшіұлы
1) Тұсыңда болған мәртті қорлама, табылмайды керекте.
2) Жоғары қарап оқ атпа, жақын түсер қасына.
3) Еріккенде қызыл тілін тыймаған бір пәлеге жолығар.
4) Атаның ұлы жақсыға малыңды бер де, басың қос: бір күні болар керегі.
5) Жалаңаш барып жауға ти, Тәңірі өзі біледі ажалымыз қайдан-дүр!
6) Мың жабыға – бір тұлпар,
Мың үйрекке – бір сұңқар.
7) Тең атаның ұлы едің: Дәрежеңді артық етсе, Тәңірі етті.
(Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» кітабынан іріктеліп алынды)