Спорт • 10 Желтоқсан, 2023

Шадоров күміс алды

104 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәнерлеп сырғанаудан Хорватияның астанасы Загребте ұйымдастырылған «Челенджер» санатындағы Golden Spin турнирінде Михаил Шадоров табысты өнер көрсетті.

Шадоров күміс алды

Қысқа бағдарламаны жерлесіміз үшінші орынмен қорытындылады. 82,85 ұпай жиған Михаил жаттығудың бұл түрінде әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, «Төрт құрлық біріншілігінің» жеңімпазы, қытайлық Цзинь Боян (91,25 ұпай) мен эстониялық Александр Селевкодан (83,58) ғана қалып қойды. Еркін бағдарламада 19 жастағы Қазақстанның өрені екінші орынға (152,47) табан тіреді. Жарыс қорытындысы бойынша ол күміс медальды иеленсе, жоғарыда есімі аталған Балтық жағалауының өкілі қола жүлдені қанағат тұтты. Ал Қытай елінің атақты мәнерлеп сырғанаушысы алтын тұғырға көтерілді.

Сөйтіп, Михаил Шадоров биылғы маусымда өзінің екінші жүлдесіне қол жеткізді. Осыдан бір ай бұрын ғана ол Қытайдың Чунцин қаласында өткен Гран-при додасында үшінші сатыға жайғасқан еді.