Биыл үшінші рет өткізіліп отырған семинардың басты мақсаты – реставратор, қор сақтаушы мамандардың біліктілігін арттыру және заманға сай жаңа технологияларды меңгеріп, ортақ тәжірибе алмасуға мүмкіндік тудырумен қатар, жазба мұраларды болашаққа аман жеткізудің амал-айласын талқылау.
Бұл реткі бас қосудың мәні туралы баяндаған Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықовтың айтуына қарағанда, мекеме қазіргі таңда зертханалық реставрация және консервация жұмыстарының толық циклін атқара алатын деңгейге жеткен. Яғни зертхана қызметкерлері кейінгі жылдары біліктілігін арттыру үшін Түркия, Ресей, Иран, Армения, Корея секілді елдерге барып тәжірибе алмасыпты. Оның сыртында орталық мамандары отандық һәм халықаралық деңгейде ұйымдастырылған семинарларға тұрақты қатысып, қажет жағдайда баяндама жасайтын дәрежеге жеткен. Бұлар бұл жолы шетелден үйренген білімі мен тәжірибесін отандық әріптестерімен бөліспек екен.
Қазіргі таңда Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының Реставрация бөлімінің мамандары көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды тазалау, дезинфекция және дезинсекция жасау, қалпына келтіру, түптеу, консервациялау жұмыстарын сапалы атқару үстінде. Өйткені зертхана АҚШ, Ұлыбритания, Корея, Италия, Жапония, Германия сияқты мемлекеттерде өндірілген озық технологиямен жабдықталған. Нәтижесінде, жазба құжаттарды қалпына келтіру зертханасы іске қосылып, реставраторлар заманауи реставрациялық материалдарды пайдалану арқылы қағаз құжаттарды жаңғырту жұмыстарын жүйелі жүргізіп отыр. Атап айтар болсақ, атақты Марал ишанның Кенесары ханға тарту еткен қасиетті Құран кітабына орталық мамандары реставрация жұмыстарын жүргізіп, оны екі ай көлемінде толық қалпына келтіріпті.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, семинар барысында архивтік құжаттарды қалпына келтіру және консервациялау үшін заманауи жабдықтарды пайдалану туралы шеберлік сабақтары өтіп, ең бір пайдалы сәт – жиынға қатысушылар шетелдік мамандардың бейне баяндамаларын тыңдады.