Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Жуырда ғана Төтенше жағдайлар департаменті Алматыдағы тексеріс барысында өрт қауіпсіздігі талаптарының 300-ден астам нысанда бұзылғанын анықтаған. Сонымен қатар 200-ден астам жатақханаға тексеру жүргізген. Департамент дерегіне сүйенсек, 2GIS.kz картасында 253 хостел туралы ақпарат тіркелген. Бұл олардың көпшілігінің заңсыз жұмыс істейтінінен хабар береді. Биыл қаладағы хостелдер саны 35-ке артып отыр. «Жатақхана» жедел-профилактикалық акциясы аясында өрт қауіпсіздігін сақтау және алдын алу бойынша тұрғындар арасында ақпарат жүргізген Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуына қарағанда, биыл тұрғын-жайлардағы өрт саны былтырмен салыстырғанда екі есе өскен. Ал өрімдей 13 жастың өмірін қиған Әди Шәріпов көшесіндегі мекен-жайдың иелері тиісті орындармен шарт жасаспаған.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов аталған жағдайға байланысты «Жатақханада орналасқан студенттер баспанаға мұқтаж екендігін мәлімдемегенін және оқу орны мен әкімдікке осы мекенжайға орналасатынын хабарламаған. Яғни бұл жатақхананың бар екені туралы әкімдік те, басқа органдар да, соның ішінде Төтенше жағдайлар департаменті де ақпарат алған жоқ. Сондай-ақ департамент пен басқа да мемлекеттік органдардың шағын бизнес субъектілерін тексеру іс-шараларын жүргізуге құқығы жоқ», деп мәлімдегені белгілі.
Елімізді дүр сілкіндірген қайғылы жағдайға орай пікір білдірген халық қалаулылары да жатақхана мәселесінің кейінгі бес жылда күн тәртібінен түспей, көптеген ұсыныс айтылғанын алға тартып отыр. Осы орайда Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету маңызды мәселе екенін айтты. Депутаттың пікірінше, кейінгі бірнеше жылда студенттік жатақханаларда 30 мыңнан астам орын пайдалануға берілді. «Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Бір кездері жоғары оқу орындарының барлығы міндетті түрде басқа қалалардан келетін студенттерді тұратын жермен қамтамасыз етуі керек деген норманы белгіледік. Егер олар бұл норманы орындамаса, министрлік басқа шаралар қабылдауы, жазалауы, лицензияларын қайтарып алуы мүмкін. Мұнда қауіпсіздік мәселесі міндетті түрде бірінші орында, яғни жатақханалардың барлығы қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек», дейді халық қалаулысы.
Қазақстан Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов бүгінде 40 мыңнан астам баланың жатақханаға қолы жетпей жүргенін айтты. «Олар амалсыздан хостелдерге баруға мәжбүр. Баспана тапшылығынан бизнес нысандарына санитарлық норма, талаптар төмендеді. Соның салдарынан осындай жағдай орын алды. Ендігі кезекте тиісті органдармен бірлесіп, жатақханаларда тұрып жатқан балалардың жағдайын қадағалау керек. Ал жатақхана тапшылығын шешу мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылыс компанияларымен, инвестор тарту мақсатындағы жұмыстарға көңіл бөлу үстінде. Ал хостелдегі өрт ол қоғамда бірқатар мәселенің қордаланып қалғанын көрсетеді», деді ол.
– Кейінгі жылдары грант санының артуы оқу орындарының жатақханамен қамтамасыз ету саясатына қайшы келіп отырғаны жасырын емес. Ал грант ережесіне сәйкес грантқа түскен түлек міндетті түрде жатын орынмен қамтамасыз етіледі. Ендігі кезекте грант ережелеріне де өзгерістер керек. Жастардың Алматы, Астана, Шымкент сияқты оқу орындары көп шоғырланған мәдени орталықтарға ұмтылысы орынды. Алайда арман-мақсатын іске асыруға келген жастардың көпшілігі әлеуметтік жағдайдың қолайсыздығына, жұмыссыздыққа тап болады. Салдарынан қылмыс, деструктивті діни ағымдардың жетегіне еріп кету сияқты жағдайларға душар болатыны жасырын емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша елімізде жоғары оқу орындары түлектерінің 40 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүр. Ендігі кезекте аталған министрлік кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеуі керек. Қай салаға қандай маман қажет екені туралы сараптама жасау, уақытша болса да жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті дамыту – уақыт талабы, – деді Р.Алшанов.
Ғалымның айтуынша, көп елдің тәжірибесінде жастарды жоғары білім алуға міндеттемейді. Белгілі бір кәсіпті меңгеріп, жұмысшы мамандығымен қомақты табыс тапқан әлдеқайда тиімді. Ал елдердің көбінде жатақханада тұрып жатқан студенттер білім алушылардың жалпы санының 25 пайызын ғана құрайды. «Бізде керісінше, кәсіптен гөрі стипендиясы тәуір оқу орнында білім алып шығу бос мақтанға айналып кеткен. Сондықтан қоғам болып жастардың тәрбие жұмысына аса мән берген жөн. Бүгінде өңірлерде де беделді университеттер бар. Ірі қалалардың жүктемесін азайту үшін жоғары оқу орындарының филиалдарын аймақтарда ашу да уақыт күттірмейді. Гарвардтан 6 есе жоғары Назарбаев университетінің бюджеті республикадағы барлық университеттің қаражатынан артық. Аталған оқу орнының бюджеті бір студентке шаққанда 240 мың долларды құрайды. Ал бір жатақхана салуға 2 млрд теңге жұмсалады. Қажет болған жағдайда Назарбаев университетінің жылдық бюджетінің жартысын үнемдейтін болсақ, 100 жатақхана салуға болады. 100 жатақхана 5 мың студенттің панасы», дейді ғалым.
Жаңа оқу жылының басында ел бойынша жатақханаға мұқтаждар саны 70 мыңды құрағаны белгілі. Республика бойынша 20 мыңнан астам студент, ал Алматы қаласында 10 мың студент хостелдерге орналастырылды. Сол кезде Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері қаладағы хостелдер тізімінің цифрланып жатқанын мәлімдеген болатын. Осы мақсатта Алматы қаласының өзінде 60-қа жуық хостелмен келісімшартқа қол қойылған-ды. Студенттерді орналастыруда хостелдер мен оқу орны арасындағы арақашықтық, қоғамдық көліктердің тұрақты қатынауы ескеріліп, жатақханалардың санитарлық және техникалық талаптарға сәйкестігіне ерекше назар аударуы қажеттігі де айтылған болатын.
Алматыдағы өрт шыққан хостелде тұрған 72 адамның төртеуі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті, Спорт және туризм академиясы, Энергетика және коммуникациялар университеті, Каспий университеті, Құрманғазы атындағы консерватория сияқты қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері болған. Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты басқармасының дерегіне сүйенсек, студенттер бұл жатақханаға өз бетінше орналасып, баспанаға мұқтаж екенін оқу орнына хабарламаған.
Сарапшы Ақнұр Бүбеқұлованың айтуынша, жоғары оқу орындарында, колледждерде, тіптен әкімдіктер жанында жастар саясаты бөлімдері жұмыс істейді. Бұған қоса жастар мәселесімен айналысатын қоғамдық ұйымдар бар. Кейінгі жылдары елімізде орын алып жатқан төтенше жағдайларды басшылыққа ала отырып, аймақтық, қаладағы әкімдіктер жанындағы, сондай-ақ оқу орындарындағы жастар ісімен айналысатын ұйымдар жастардың нақты саны, әлеуметтік жағдайы, тұрғылықты жері, тіптен қажет болған жағдайда студенттер тұрып жатқан мекенжайға қатысты мәліметтер базасын құруды қолға алуы қажет.
Алматы бүгінде қауіпсіздік рейтингінде жоғары сатыда тұрған әрі оқу орындары, білім алуға, жұмыс істеуге өзге де қолайлы жағдайлар жасалған орталық. Сарапшы Мақсат Серәлі бұған дейінгі пікірінде «Жатақхана мәселесін хостелдер, тіптен қонақүйлерге орналастыру арқылы шешу білім ізденушіге жасалған қиянат» деген болатын. Оның айтуынша, ғимараттар студенттерге лайықталмағандықтан, мұнда сабаққа тыңғылықты дайындалу мүмкін емес. Хостелдер қожайынына табыс табу маңызды болғандықтан, мұнда студенттермен қатар басқа да келушілер орналасады. Ал оның салдары студенттердің қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Студент те мұндай ортада өзін қолайсыз сезінетіні анық.
Eurasian center for people management орталығының дерегіне сүйенсек, Еуропаның бірқатар елінде 16-18 және 16-24 жас аралығындағы жастарға көп көңіл бөлінеді. Себебі дәл осы жаста мектеп бітіріп, білім алып, оқу орындарын бітірген жастар жұмысқа орналаса бастайды, ал бұл мемлекет үшін маңызды үрдіс. Республикада биыл жұмыссыз, білімсіз жүрген жастардың саны 400 мыңнан асқан. Өкініштісі олардың басым көпшілігінің қайда барып, қайда тұрып жатқанынан белгілі бір органдар түгілі көп жағдайда ата-анасы да бейхабар болуы мүмкін. Ал жастардың әлеуметтік мәселесі озық елдердегідей әлеуметтік қызмет орталықтары тарапынан бақылауға алынғаны абзал.
АЛМАТЫ