«Отандық ғылым мен жоғары білім беру саласында тағы да жағымды жаңалық орын алды. Нақты айтсам, Алматыда еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Сәтбаев университеті жанынан Гонконг CityU қалалық университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол қойдық. Бұл QS рейтингі бойынша 70-орында тұрған әлемдегі ең үздік университеттердің бірінде еліміздің зейінді жастарының білім алуына зор мүмкіндік болмақ», деп жазды министр.
Ведомство басшысының мәлімдеуінше, CityU университетінің бірегей тәжірибесі мен тарихы қазіргі жаһандық еңбек нарығының талаптарына сай бейімделген жоғары білімді қысқа мерзім ішінде дамытудың тиімді моделін қалай қалыптастыруға, сондай-ақ ғылым мен инновацияны дамыту арқылы қандай табыстарға жетуге болатынын көрсетеді.
«Академиялық жетістіктерге жету үшін Қазақстан әлемдік үздік тәжірибені қабылдауға әрқашан дайын. Біз осы уақытқа дейін 6 шетелдік жоғары оқу орнының филиалын аштық, бұл статистиканы одан әрі өсіріп, шетелдік әріптестеріміздің санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз мұнай-газ секторы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика сияқты маңызды салаларға жасанды интеллект технологияларын енгізуге баса назар аударуымыз керек. CityU мен Сәтбаев университеті арасындағы ынтымақтастық Қазақстан студенттері үшін жаңа перспективалар ашып, олардың білім алу тәжірибесін байытады әрі еліміздегі жасанды интеллект пен инженерия саласындағы инновациялар үшін қосымша мүмкіндіктер береді», деді С.Нұрбек.