Пікір • 10 Желтоқсан, 2023

Құндылықтар – ұлт қорғаны

380 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Екінші ұстаз Әл-Фарабидің «Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту» деген тағылымды сөзі бар. Заман ауысып, технология алға озған сайын жас ұрпақ руханият пен салт-дәстүрімізге негізделген құндылықтардан, өмір салтымыздан алыстап барады. Себебі біз олардың күнделікті тіршілігін, айналасын, тұтынатын контентін төл руханиятымызбен сабақтай алмай отырмыз.

Құндылықтар – ұлт қорғаны

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жапонның түрколог ғалымы Наката Юконың «Біздегі ең үлкен миф – Жапон императоры құдайдан туды деген миф, біз оған тиіспейміз, өйткені ол – біздің рухани матрицамыз. Жапония осындай киелі құндылықтардан бастау алады» деген сөзі бар. Біздің қоғамға да бүгінгі таңда жетпей жатқаны осы.

Біздің қасиетті ұғымдарымыздың бас­тауы – фольклор, жыр, дастан, ерте­гі, қиссаларымызда. Бұл құнды­лық­тарды балаларымыздың бойына ерте бас­тан қондыра білсек, олар еш­қан­дай жат ағым­дарға илікпейтін дің­гегі бе­рік, ру­хы асқақ, мызғымас тұлға болып қа­лып­­тасары сөзсіз. Өкінішке қа­рай, біз оларға дәстүрлі танымды сіңі­ру­­дің алғышарттарын жасай алмай отырмыз.

Бұрынырақ, отбасы институтының қағидаты берік кезде құндылықтарды ата-әжелерімізден жадымызға тоқыдық. Бұл контенттер арқылы жақсылық пен жамандықты, мейірімділік пен жауыздықты, ізгілік пен озбырлықты айыратын танымды сіңірдік. Соның арқасында батылдыққа, елдікке, әлсізге көмекке ұмтылатын асқақ ұғымдарға үйір болдық.

Ал бүгін ше? Бүгінде бала тұр­­мақ, жас ата-аналардың басым көп­шілігі бұл құндылықтарды игере алмай отыр. Олардың түсінігінде бала тәрбиелеу – тек оны ас-су, жылы орын, киім-кешек тағы басқадан мұқтаж етпей өсіру болып қалды. Баланың әлемді тануға ұмтылатын рухани болмысы бар тұлға екенін ойлау кемшін. Бұл – өте алаңдатарлық үрдіс.

Сол себепті, өркениеттер қақтығы­сында ұрпағымыздың опық жемеуін ойласақ шұғыл түрде ескеретін кейбір мәселелерді айтқым келеді.

Біріншіден, балалар санасында елік­­теушілік тудыратын батыр бейнелерді қалыптастыруымыз керек. Біз ұлттық-фольклорлық жыр-дастандарымыздағы Алпамыс, Ер Төстік, Қобыланды, Ер Тарғын және ел қорғаған – Бөгенбай, Қабанбай, тағы басқа батырлардың, сондай-ақ Саққұлақ, Көлтауысар, Тау­соғар сынды кейіпкерлердің бірегей бейнесін жасай алмай келеміз. Бұл кейіп­керлер кітаптарда, анимациялық фильм­дерде автордың қиялына сәйкес әртүрлі бейнеленіп жүр. Сондықтан олар­ды балалар танымайды, танымаған­дықтан еліктемейді.

Осы ретте Мәдениет және ақпа­рат министрлігі кейіпкерлердің бір бейнесін анықтап, оны барлық ақпа­раттық арналар арқылы насихаттауды және шы­ғармашылық ұйымдар мен авторларға тек сол бейнелерді пайдалануды міндеттеу бойынша шаралар қабылдауды қолға алуы қажет. Сонда ғана балалар Бэтмен, Спайдермен сынды жасанды қаһармандардан бөлек өз батырларымыздың кейіптерін санасында бірегей бейнеде сақтайды.

Екіншіден, бізде әлі де ұлттық контент жеткіліксіз, тіпті өте аз деуге бо­ла­ды. Содан болар, балалардың тілі өз­­ге тілде шығып, таным-түсінігі жат тіл­­­де қалыптасып келеді. Бұл – ұлт­тың келешегі үшін өте қауіпті құ­бы­­­лыс. Сол себепті, ұлттық контент қа­лып­­­тас­тыру­ға стратегиялық деңгейде маңыз бе­ріп, ұлттық кейіпкерлеріміз бен жыр-дастандарымызға негізделген шы­ғар­­­машылық өнімдерді субсидия­лау мүм­кін­діктерін қарастырған жөн.

Үшіншіден, театрларға жүйелі қол­дау қажет. Бізде бүгінде балалар театры мен қуыршақ театрлары жоқтың қа­сы. Театр – балалардың санасына адам­­­затқа ортақ мәдениетті, ізгілікті, ұлт­­тық құндылықты сіңірудің ең үлкен ұтым­ды құралы. Бүгінгі таңда респуб­лика бойынша бар болғаны 7 балалар мен жасөспірімдер театры, 7 қуыршақ театры бар. Алайда бұлардың барлығы тек облыс орталықтарында орналасқан. Аудандық деңгейлерде қуыршақ театр­лары тіпті жоқ. Сондықтан өңірлерде балалар театрлары мен қуыршақ театрларын ашудың мемлекет-жекеменшік әріптестік тәсілдерін қарастыру аса маңызды.

Қазір ел көлемінде 260 мешіттің құрылысы жүріп жатыр екен. Олардың барлығы жеке кәсіпкерлердің, демеуші­лердің көмегімен салынуда. Әрине, біз мешіт салуға қарсы емеспіз, десек те жергілікті атқарушы органдар кә­сіп­­кер­лерді мәдени ағарту нысандарын салуға да үндеуі, оның болашақ ұрпақ үшін маңыздылығын түсіндіруі керек. Орайы келгенде айтылғаны жөн, мысалы, Қызылорда облысында кә­сіп­кер­лердің демеушілігімен көп­те­ген әлеу­меттік нысанның құры­лы­сын салу дәстүрге айналған. Бюд­жет­тен тыс қаржы көздерінің есе­бінен жалпы жиыны 37,5 млрд тең­гені құрайтын «Анаға тағзым» орта­лы­ғы, 650 орындық музыкалық колледж, 350 орындық оқушылар сарайы, 100 орын­дық орта мектеп, мәде­ни-дема­лыс парктері, кәсіпкерлер үйі, «Қор­қыт ата» әуежайының жаңа ғима­ратта­рының құрылысын салу, тарихи-мәде­ни ескерткіштерді қайта жаңғырту жұ­мыс­тары қарқынды жүргі­зіліп келеді.

Төртіншіден, балалар театр­лары­ның, қуыршақ театрларының репертуарында ұлттық фольклорымызға негізделген қазақтілді қойылымдар жоқтың қасы. Бірен-саран қойылым­дардың өзі ескірген, тартымдылығы аз. Отандық балалар драматургиясы мүлде кенжелеп қалды. Осы ретте оқу орындарын аяқтап жатқан жас режиссерлар, драматург-қаламгерлер, креативті индустрияның жарқын өкілдері осы салаға баса назар аударғаны жөн. Төл әдебиетімізде, фольклорымызда, ертегі жыр-дастандарымызда тақырып та, мазмұн да, контентте жеткілікті. Тек оны тартымды заманауи форматқа салып көпшілікке жеткізу ғана қалып отыр. Орайы келгенде озық үлгі ре­тін­де айта кетейік, 90-жылдардағы қаржы тапшы­лығына қарамастан жоқтан барды құрап, қуыршақ театрын ұйым­дастырған мәдениет саласының майталманы, КСРО Мәдени-ағарту ісінің үздігі, Мәдениет қайраткері, қызылордалық Тілеген Бекарыс­танов ағамыздың жан­кешті ең­бегі ел жадында.

Бесіншіден, бүгінде ең өзекті болып отырған мәселе – балалар музейін ашу бастамасын қолдау. Жалпы, музей ісі – маңызды саланың бірі. Әлемдегі дамыған елдер Музей индустриясын әлдеқашан құндылықты дәріптеудің кешенді құралына айналдырып үлгерді. Мысалы, Жапонияда концептуалдық тұрғыда өте жоғары бағаланатын қарапайым ғана бір музей бар. Ол – балықшы кәсібіне арналған музей. Музейде балықшының еңбек құрал-саймандары, киім-кешегі, үй-жайы көне заманнан бүгінгі күнге дейін қандай эволюциялық жолдан өткені түгел көрсетілген. Жапондар «Әлемдік кеңістікке шығуға бізге себепші болған осы балықшы кәсібі, біз осы балықшылардың ұрпағымыз» дегенді мақтанышпен айтады. Бұл – жапондардың ұлт ретінде атакәсібіне деген құрметі. Ондай музейлердегі жәдігерлер, материалдық құндылықтар арқылы олар өздерінің бүгінгі тұрмыс-тіршілігін өткенімен сабақтай алады.

Ата-бабаларымыз ең алғаш болып жылқыны қолға үйретті, қатал табиғатта мал бағудың жүздеген тәсілін меңгерді, мал өнімдерін керегіне жаратып, талай азық-түлік түрлерін шы­ғар­ды. Осы шаруашылыққа қажет мың­даған құрал-жабдықты ойлап тапты. Бұған Ұлы дала­мыз­ды әлемге таныт­қан ежелгі ескерт­кіштеріміз – Ботай мәдениеті мен Бозоқ қалашығы айқын дәлел. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда біздің кейбір ұрпағымыз ата-бабасының малшы болғанын қабылдай алмайды, тіпті намыстанады. Бұл біздің осындай шаруашылық сабақтастықтан ажырап қалғанымыздың салдары.

Осы орайда, әлемдік тәжірибені кеңі­нен зерделеп, музей ісін дамытудың жаңа тұжырымдамасын әрлеу, соның ішін­де Еуропа елдеріндегі секілді балалар м­у­зейін дамыту ісіне баса көңіл бөлу керек.

Алтыншыдан, ұлттық құндылық­тарды, фолкьлорлық тұлғаларды онлайн платформаларда дәріптеу мақса­тында, тартымды комикстер, әлеумет­тік желі­лерге арналған позитивті сти­керлер, тез таралатын вирусты ролик­тер әзірлеуді қолға алу қажет. Бұл жұ­мыс­тарды іске асыруға, жоғарыда айтып кеткенімдей, креативті индустрия өкілдерін кеңінен тарту аса маңызды.

Атақты америкалық «Дисней» ком­па­ниясының белді өкілі Рой Дис­нейдің «Құндылықтарыңның не екенін білсек, шешім жасау қиын емес» деген сөзі бар. Біздің ел өз құндылықтарын анық түсіне бастады. Енді оны жанымызды сала қорғап, ұрпақ санасына сіңіретін уақыт келді.

 

Руслан РҮСТЕМОВ,

Сенат депутаты