Суреттерді түсірген – Владимир Третьяков
Жыл санап өсіп жатқан Жер тұрғындары үшін жарық пен жылу – өте өзекті мәселе. Шақпақ соғып, шоқ үрлеген ықылым замандардан бүгінге дейінгі аралық энергия алудың эволюциялық даму жолы іспеттес. Қоршаған ортадан қуат алу барған сайын қиындап, күн өткен сайын күрделеніп барады. Ғалымдардың жадында пісіп-жетілген жаңа технология да бір орнында тұрақтап тұрған жоқ. Алға басқан адамзат көшімен бірге ілгері адымдап, өрлеп барады...
Сондай мемлекеттің санатына жататын ел – санғасырлық тарихы бар шығыстағы алып көршіміз Қытай Халық Республикасы. Дәл осы ел Қазақстанда АЭС салуға техникалық-коммерциялық ұсыныс берген 4 мемлекеттің бірі атанып отыр. Жуырда сол елге бір топ журналистің жолы түсті.
Атам заманнан атом заманына дейін...
Арғы тарихты ақтарған адамды бейбіт атомның бастауы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарға қарай жетелейді. Ал біздің ата-бабаларымыз атомның сырын әу бастан-ақ аңғарған болса керек. Сыр бойында «Ұйқысай» деген сай болған деседі көнекөз қариялар. Бұл сайдың бір ерекшелігі оның ішіне түскен тірі жан атаулыны қалың ұйқы қысады екен. Сырына сол күйі қаныға алмай кеткен сиқырлы сайдан кейіннен уранның мол қоры табылыпты. Маңайлағанның бәрін маужыратып әкететін мырза сай кейіннен мықты бір өндіріс ошағына айналса керек...
Атомнан алғашқы энергия 1948 жылы алынды. Дәл осы жылы АҚШ-та сол энергиядан электр лампасы жарық берді. Ал әлемдегі алғашқы АЭС-ті кеңес одағы 1954 жылы салған, Ол Обнинск АЭС-і болатын. Сол кездегі оның қуаттылығы 5 МВт-ты ғана құрайтын еді. Содан бергі жылдар ішінде атом да дәстүрлі энергетиканың бір түріне айналып үлгерді. Таза энергетиканың бұл түрімен бүгінде әлемнің 32 елі айналысады. Жер бетінде өндірілген энергияның шамамен оннан бір бөлігі осы салаға тиесілі.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) ұсынған дерек бойынша қазір әлемде белгіленген қуаты 370 170 МВт болатын 412 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ белгіленген қуаты 60 207 МВт болатын 58 ядролық реактордың құрылысы қызу жүргізілуде.
Ал салынған стансаның саны жөнінен көштің басын әлемдегі ірі өндіруші ретінде АҚШ мемлекеті бастайды. Бұл елдегі атом энергетикасының үлесі 20 пайызға жуықтайды екен. Одан кейінгі орында елдегі энергияның 70 пайызға жуығын осы саладан айырып отырған Франция келеді. Ал үздік үштікті ядро-энергетикалық бағдарламаны барынша жедел дамытып жатқан Қытай Халық Республикасы түйіндейді. Адымы алшаң Қытай елі алдағы бір он-он бес жылда салынған блок санын 100-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Сөйтіп, АҚШ пен Францияны артта қалдырып, топ басына көтерілуді көздейді.
Атын атоммен шығарған алпауыт
Ел астанасы Бейжіңге келгендегі алдымен ат басын бұрған мекемеміз – CNNC (Қытай ұлттық атом корпорациясы). Бұл – Қазақстанда салынатын атом стансасының құрылысына қатысуға үміткер корпорацияның бірі. Компания бас директорының орынбасары Чжан Хунцзюньның айтуынша CNNC – атом энергетикасы саласында жұмыс істейтін ең ірі қытайлық компания. Уран кен орындарын геологиялық зерттеуден бастап, оны өндіру және байыту, ядролық отын дайындау, атом электр энергиясын өндіру, Қытайда және басқа шет мемлекеттерде атом электр стансаларын жобалау және салу, ядролық реакторлар мен түрлі энергетикалық жабдықтарды әзірлеу, ядролық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату, ядролық физика саласындағы ғылыми зерттеулер сияқты толып жатқан шаруалармен шұғылданады. Компания басшылығы Қытай Мемлекеттік кеңесіне тікелей есеп береді. Ал штаб-пәтері Бейжіңде орналасқан.
Қытай елі энергетикалық кешенді, оның ішінде ядролық энергияны пайдалану арқылы әртараптандыруға және осы саладағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге күш салады. 2035 жылға қарай ҚХР АЭС-тегі электр энергиясын өндіру үлесін жалпы энергия балансының 10% на дейін ұлғайтуды көздейді. Алдағы уақытта әр жыл сайын 6-8 энергоблокті пайдалануға беруді жоспарлаған жайы бар. Қазіргі уақытта Қытайда 21 АЭС жұмыс істеп тұр. Олар белгіленген қуат 53 181 МВт болатын 55 энергоблоктан тұрады. Белгіленген қуаты 22 724 МВт болатын 22 жаңа энергоблок салынып жатыр. Мәселен, былтыр қытайлық АЭС-тер 417,8 миллиард кВт/сағ электр энергиясын өндірді. Дайын қуат өз өнеркәсібін дамытуға жұмсалады.
Қытайдағы алғашқы АЭС
Бейжіңдегі белгіленген жұмыстарымызды бітіріп, ұшақпен шырайлы шаһар Шанхайды бетке алдық. Ондағы мақсат алғашқы АЭС-ті өз көзімізбен көріп, жұмыс барысымен егжей-тегжей танысу еді. Айтпақшы, жолшыбай атом энергетикасына арналған музейге арнайы ат басын бұрдық. Бастаған қай нәрсесіне де құнттылықпен қарайтын қытайлықтар бұл жерде де ауыз толтырып айтарлықтай берекелі іс тындырыпты. Салынған бүкіл стансаларының кішірейтілген макетінен бастап, әлемдік атом энергетикасындағы алар орындарына дейін керемет таблица-диаграммалармен тәтпіштеп көрсетіп, зал-залға бөліп қойған. Айтары мол алып мұражайды аралай жүріп, ұлттың бойына біткен ұқыптылық пен ұлтжандылық осындай сәттерде көрініс табады екен-ау деп ой түйдік.
Басын бірден ашып алайық, ҚХР атом энергетикасы жөнінен әлемдегі жас мемлекеттердің бірінен саналады. Алғашқы реакторы 1991 жылы 15 желтоқсанда Чжэцзян провинциясының Цзясин қалалық округінің Хайян округіндегі Шығыс Қытай теңізінің жағалауында орналасқан Циньшань атом электр стансасында пайдалануға берілді. Оған 350 мВт-тық CNP-300 атом реакторы пайдаланылыпты. Ол бүгінгі күнге дейін электр қуатын сәтті өндіріп, ел экономикасына өзінің елеулі үлесін қосып отыр.
Үміт артқан үшінші буын реакторы
Шанхайдан шығып, Сямын қаласын артқа тастап, Фуцзянь провинциясына қарай бет түзедік. Ол жерде тың технологиямен салынып жатқан Чженчжоу атом электр стансасының құрылыс жұмыстарымен таныстық. Бұл Фуцзянь провинциясындағы жаңа станса, онда қатарынан 6 Хуалун-1 блогі салынып жатыр. Құрылыс басына келгенде «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директорының орынбасары Ринат Оқасов өз таңданысын жасыра алмады: «Мынау енді мақтауға тұратын дүние ғой. Осыдан екі ай бұрын келгенімізде тап осы жерде қазылған қара жер ғана жатқан болатын. Енді, міне, қараңыз, блок орналасатын аумақ түгелдей арматура темірлермен шегенделіп, бетонын құюға әзір тұр. Бұл – бағалай білгенге өте үлкен еңбек. Жарайсыздар!», деген еді.
Расында да, жаңадан салынып жатқан АЭС аумағында қайнаған қызу еңбек. Сол жердегі қытайлық мамандардың айтуынша мұнда 17 мыңдай адам еңбек етіп жатыр екен. Оның 12 мыңы таза осы саланың негізгі жұмыстарымен шұғылданады. Диаметрі 60 метр болатын реактор орналасатын блок қауіпсіздік үшін 2 бетон жабындысымен қапталады екен. Оның бірінің қалыңдығы – 1,8 метр болса, екіншісінікі 1,5 метрді құрайды. Ішкісі іштегі дүниені сыртқа шығармауға қауқарлы, сыртқысы – сырттан болатын қауіп-қатерден қорғаушы қабат. Тіпті үлкен ұшақ келіп соқтығысқанның өзінде қыңқ демейтін қалыңдық.
Өзіндік ғажайып философиясымен экономикасы қарқынды дамып бара жатқан бұл ел қазіргі уақытта атом энергетикасында да жетекші орынға ие болуға күш салады. Осы жолда небір ғылыми-зерттеу институттарын ашып, қаншама ғылыми орталық құрды. Соның арқасында 2018 жылдың мамырында HPR1000 реакторлық технология дүниеге келді. Үкілеп үміт артқан үшінші буын «Хуалунг» немесе «Қытай айдаһары» деп аталады.
HPR1000 – Қытайдағы әртүрлі реактордың үлкен паркін жобалау, салу және пайдалану кезінде алынған дәлелденген технологияларды қолданатын 1200 МВт-қа дейінгі электр қуаты бар жетілдірілген 3+ буын реакторы. Қытай дәл осы мақтаулы реакторды шет мемлекеттердегі тұңғыш жобасы Пәкістандағы «Karachi» атом электр стансасында сәтті пайдаланды.
Қытай стансалары қаншалықты қауіпсіз?
2011 жылы орын алған Фукусима апатынан кейін бүкіл әлем АЭС-тердің қауіпсіздігі мәселесімен тікелей айналысып кетті. Соның нәтижесінде белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің жаңа түрлері ойлап табылды. Пассивті жүйелер – төтенше жағдай туындаған жағдайда ядролық реакторлар адамның қатысуынсыз қауіпсіз жұмыс режіміне ауысатын (өздігінен өшетін) жүйелер. Қазіргі заманғы ядролық реакторларда қауіпсіздік жүйелерінің құны жалпы жоба құнының шамамен 40%-ын құрайтын көрінеді. Фукусимадағы жағдайға дейінгі алдыңғы 10% бен салыстырғанда бұл – үлкен өрлеу. Адамзаттың атом энергетикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы табысының ілгерілегендігінің дәлелі. Осындай ықтиятты еңбектің нәтижесі шығар, 2011 жылдан бері әлемде бірде-бір төтенше жағдай тіркелмеген екен. Барлық АЭС-те болып жатқан технологиялық бұзылушылықтар мен қалыпты жұмыстан ауытқулар уақтылы тіркеледі және штаттық режімде жойылады. Бұл үдерістің барлығын энергетика саласындағы ұлттық реттеушілер де, дүниежүзілік МАГАТЭ сарапшылары да мұқият бақылауда ұстап отырады.
«Егер, расымен де, бұл істің болашағы бұлыңғыр болатын болса, адамзат баласына айтарлықтай зиянын тигізеді деп қауіптенсек, онда біз таяу болашақта блок санын 100-ге жеткіземіз деп жанталаспас едік қой», дейді қытайлық мамандар. «Қарап тұрсаңыздар біздің АЭС-те қызмет ететін қызметкерлердің тұрғынжайы реактордан 630 метр жерде ғана орналасқан. АЭС адамдар айтып жүргендей зиянды болса, олар мына жердің маңайынан да жүрмеген болар еді, Ал олар керісінше, осы жерде өсіп-өніп, елге абыройлы қызмет етіп келеді».
Айналаның амандығына алаңдайды
Бүгінгі таңда әлемдік қауымдастық бейбіт атомды жасыл энергетика деп таныды, өйткені ол өндірілетін өнімнің төмен көміртекті құрамын қамтамасыз етеді.
Қазіргі атом технологиялары АЭС айналасындағы экологияға айтарлықтай оң әсер етеді. Ғылыми зерттеулер мен тәжірибелер іргелес ормандар мен су айдындарындағы экожүйелердің айтарлықтай жақсарып, нығайып келе жатқанын растайды. Соның дәлелі болсын десе керек, АЭС-тің түбінде тұрған су айдынынан ауланған балықты қонақжай қытайлықтар қуырып, алдымызға ас етіп тартты.
Қоршаған ортаны қатаң бақылау және оның мүмкіндігі биоәртүрлілікті сақтауға, тіпті оны қайта арттыруға мүмкіндік береді. АЭС-ті жобалау сатысында да өсімдіктер мен жануарлардың әртүрлі түрін сақтауға ықпал ететін табиғи экожүйелерге әсерін азайту үшін олар аймақтарға бөлінеді. Кейбір дәстүрлі энергия көздерінен айырмашылығы, атом электр стансалары атмосфераға зиянды шығарындыларының аз болуы, бұл қоршаған аудандардағы ауа сапасын жақсартуға оң ықпал етеді. Қазіргі реакторлар жоғары тиімділікке ие, радиоактивті қалдықтар өндірісін азайтады және осылайша қоршаған ортаға әсерін төмендетеді.
Бұл тұрғыда CNPE компаниясы бас директорының орынбасары Мао Явейдің былай дегені бар: «Мысалы, қуаты 1200 МВт-ты құрайтын бір Hualong-1 АЭС-ін алсақ, ол жылына шамамен 10 млрд кВт/с экологиялық таза электр энергиясын өндіреді. Бұл энергия шамамен 1 млн-дай халқы бар орташа дамыған мекеннің электр қуатына деген өндірістік және тұрмыстық қажеттілігін толық өтей алады. Ол дегеніміз – 3,12 млн тонна кәдімгі көмірді тұтынуды қысқарту және 70 млн ағашы бар орманның қалпына келуі деген сөз», дейді ол.
Қазақстанда АЭС салудың маңызы
Ал енді өз елімізге оралсақ, біздегі бейбіт атом мәселесі, яғни Қазақстанда АЭС жайы сарапшылар мен қоғамның белсенді өкілдерімен талқыланып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр стансасын салу немесе салмау мәселесі еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе деген болатын. Және бұл мәселенің жалпыұлттық референдум өткізу арқылы шешілетіндігін атап өткен еді.
Бұл үшін біздің елімізде барлық қажетті жағдай бар. Біршама жылдан бері Қазақстанда Ұлттық ядролық орталық пен ядролық физика институты табысты жұмыс істеп келеді. Олар 25 жыл бойы әлемдегі алғашқы БН-350 жылдам нейтронды энергетикалық реакторды апатсыз пысықтады. Елімізде 30 жылдан астам уақыттан бері 3 зерттеу реакторы жұмыс істеп тұр. Онда өз мамандарымызбен қоса Жапония, АҚШ, Ресей, Мажарстан, Франция және басқа да шетелдердің білікті мамандары бірлесе жұмыс істеп, тұрақты негізде зерттеулер жүргізіліп келеді. Сөйтіп, отандық технологиялар мен ғылымды алға жылжытуға сүбелі үлес қосып келеді.
Қазақстанның атом саласында жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны – 20 мыңнан астам адам, оның 15 мыңы – негізгі өндірістік персонал. Атом саласында білікті кадрлар даярлау бойынша 2010 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2 193 бакалавр, 909 магистр және 135 доктор даярланып шықты. «Болашақ» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап атом өнеркәсібі, атом ядросы және бөлшектер физикасы, техникалық физика (атом электр стансалары мен қондырғылары), ядролық инженерия мамандықтары бойынша 21 бакалавр, 12 магистр және 1 маман даярланды. Ұлттық ядролық орталық базасында жыл сайын 120-дан астам студентке арналған өндірістік тәжірибе тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
АЭС болудың артықшылықтары
Енді өзге энергия көздерімен салыстырсақ, барлық артықшылықтарымен атом энергетикасы тиімді болып шығып отыр. АЭС жобаларының жоғары құнына қарамастан, олардың орташа өтелу мерзімі 15-20 жыл деседі мамандар. Бұл ретте атом электр стансасының кепілдік берілген қызмет ету мерзімі кемінде 60 жылды құрайды және оны жағдайына қарай 20-40 жылға дейін тағы да ұзартуға мүмкіндік болады екен. Демек салынған инвестиция қайтарылғаннан кейін станса 40 жылдан 80 жылға дейін айтарлықтай табыс әкелуге тиіс. Қытайлық атомшылар тұтынғанынан артылғанын пұлдап, тәп-тәуір пайда да тауып отыр. Олардың айтуынша, салыну құнын өтеп шыққан әрбір блок жыл сайын 1 млрд АҚШ доллары көлемінде пайда әкелуге жарамды. Бұл елдегі атом энергетикасының екпінді дамуына әсер етеді. Мысалы, АЭС жобасындағы 1 жұмыс орны экономиканың аралас салаларында 10-ға дейін жұмыс орнын құрады. Стансалардың айналасында, әдетте, жаңа қалалар салынады, жол және басқа да инженерлік инфрақұрылым дамиды, бұл атом энергетикасының экономикалық дамуға қосқан көпқырлы үлесінің мәнін тағы да ашып көрсетеді. Осылайша, әртүрлі сектордағы мультипликативті әсермен біріктірілген ұзақмерзімді экономикалық пайда атом энергетикасын экономиканың ілгерілеуі мен дамуының маңызды қозғалтқышына айналдырады.
Атом энергетикасы – бүгінде елдердің экономикасына, энергетикасына және ғылымына әсер ететін прогрестің қозғаушы күші. Ол энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етеді, экологиялық тұрақтылыққа ықпал етеді, технологиялық прогресті ынталандырады, ғылыми зерттеулерді қолдайды, білім беруді дамытады, энергетикалық тиімділікті арттырады және инфрақұрылымдық дамуға ықпал етеді.
Жуырда Қытай елі әлемде бірінші болып төртінші буын «Шидаовань» АЭС-інің тұсауын кесті. Осылайша, технологиясы тоқтаусыз дамыған ҚХР әлем елдерінің алдындағы биік беделін тағы бір сатыға жоғарылатты.
АСТАНА – АЛМАТЫ – БЕЙЖІҢ – ШАНХАЙ – СЯМЫН – БЕЙЖІҢ – АЛМАТЫ – АСТАНА