Атырау облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 315,2 млрд теңгеге өскен. Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы өнім көлемі 6,7 трлн теңгеге жеткен. Бұған қоса өңірдегі өнеркәсiп өнiмiнің көлемi өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,1%-ға артып, елдегі сала табысының 24 пайызын Атырау облысы құраған.
«Жыл басынан бері салықтық және басқа да міндетті түсімдер 4,8 трлн теңге болды. Оның ішінде мемлекеттік бюджетке 2,3 трлн теңге жиналды. Ұлттық қорға 2,5 трлн теңге аударылды. Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша биылғы 10 айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 9 135,8 млрд теңгеден асты. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде 8 446,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ал өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі 563,8 млрд теңге болды. Сауда қызметінің көлемі 5 164,2 млрд теңгеге жетті. Өңірде 972,5 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары орындалды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 123,4 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға 2 436,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Көлік және қоймалау қызметінің көлемі 588,2 млрд теңгеге жетіп жығылды. Облыста 558,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», деді облыс әкімі.
Инвестициялар тарту бойынша Атырау өңірі – республикада алдыңғы орында. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,4 трлн теңге болыпты. Онда сыртқы инвестиция – 902,5 млрд, ішкі инвестиция – 1 533,6 млрд теңге. Тұтас алғанда, елге тартылған инвестициялардағы Атыраудың үлесі 18,3%-ды құрайды екен. Өткен жылы Атырауда екі ауқымды жоба аяқталды. Соның себебінен негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі төмендеген. Олар – «NCOC» компаниясының теңіз түбін тереңдету мен «КРІ» ЖШС-ның полипропилен өндірісі жобасы.
«Есепті кезеңде 3,5 млрд долларға тең шетелдік инвестиция тартылды. Тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазуға – 3,4 млн доллар, құрылысқа – 114,2 млн доллар, кәсіби, ғылыми-техникалық қызметке – 22,9 млн доллар, басқалары – 3,8 млн доллар. Биыл 3 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Соның бірі – құны 76 млрд теңгені құрайтын Атырау қаласынан жүк тасымалдайтын теміржол вагондарын жасау зауыты. Қуаты – жылына 6 мың вагон. Зауытта 1 700 адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ сұйытылған газ сақтау қоймасы. Жоба құны – 18 млн доллар. Қоймада 3 мың тонна газ сақтауға болады. 60 жұмыс орны ашылады. Бұған қоса жылына 1 323 тонна көкөніс алуға мүмкіндік беретін жылыжай құрылысы. Жоба құны – 8 млрд теңге. Жылыжайда 60 адам еңбек етеді. Осы жылы Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында ашылуы жоспарланған 3 жобаның іске қосу мерзімдері объективті себептерге байланысты 2024 жылға ауыстырылды. Қазіргі уақытта аталған жобаларда жұмыстар жалғасуда», деді С.Шәпкенов.
Өңірде ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі төрт есеге өсіп, 4,3 млрд теңгені құрады. Ал сала өнімдерінің жалпы шығарылымы 5,9 млрд теңгеге артып, 123,4 млрд теңгеге жетіпті.
«Облыста коммуналдық тұрғын үй қорынан 242 азаматқа пәтер кілті табысталды. Бұл бағытта бюджет есебінен қаражат бөлініп, 292 пәтер сатып алынды. Жалпы, 10 айда 558,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 390,2 мың шаршы метрі – жеке тұрғын үй, ал 168,1 мың шаршы метрі – коммерциялық тұрғын үй. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің басқа да тетіктері қолданылып жатыр. Тиісті қаражаттар қарастырылып, бірқатар өңірлік бағдарлама қабылданды. Мысалы, 35 жасқа дейінгі жастарды тұрғын үймен қамту үшін «Атырау жастары» бағдарламасына жергілікті бюджет есебінен 1 млрд теңге бөлінді. Алғашқы кезеңде 100-ге жуық жас маманды баспанамен қамту жоспарланды. Бұл толық орындалып, бағдарлама өз нәтижесін көрсетті. Алдағы жылы бағдарлама жалғасады. Біздегі техникалық құжаты бар апатты үйлердің саны 8-ге азайып, бүгінде 104 үй есепте тұр. Оны шешу үшін 2029 жылға дейін апатты көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарын көшіруге Жол картасы бекітілді. Қазір бюджет есебінен, жеке инвесторларды тарту тетігімен реновация бағдарламасы шеңберінде апатты үйлердің тұрғындарын көшіру және бұзу жұмыстары жүріп жатыр», деді өңір басшысы.
Атырауда 249,8 шақырым электр желісі жаңартылды. Қазіргі уақытта облыс үшін маңызды нысандардың бірі «KEGOC» АҚ Батыс аймағының электр желісін кеңейту мақсатында 220 кВ «Орал – Атырау – Құлсары – Бейнеу» 792 шақырым желісінің екінші тізбегінің жұмыстарын аяқтады. Бұл желіні іске қосу арқылы Ресейден 200 МВт электр қуатын алуға болады. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 250,1 шақырым болатын Атырау қаласындағы және Томан, Ақкөл, Сағыз, Мақат елді мекендеріндегі электр желілерін ауыстыру жұмыстарын 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Жалпы, облыстағы 2 қала мен 137 ауылдық елді мекенде табиғи газ бар. Халықтың 99,8 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Осы жылдың қараша айында Қызыл үй және Жасқайрат ауылдарына газ желісі тартылып, 102,6 шақырым газ құбыры жүргізілді. Нәтижесінде 300-ге жуық халық табиғи газбен қамтылды. Одан бөлек «Газпром» ЖАҚ (жария акционерлік қоғамы) мен «УзТрансГаз» АҚ-ның шартына сәйкес 2023 жылдың қазан айында ресейлік газды ел аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау басталды. Газды тасымалдау Батыс Қазақстан мен біздің аумақ арқылы Индер кентіне дейін «САЦ-4» DN 1 420 мм магистралды газ құбырымен, Индер кенті маңында «САЦ-5» магистралды газ құбырына ауыстырылып, әрі қарай Маңғыстау облысы аумағынан «САЦ-5» DN 1220 мм магистралды газ құбыры арқылы іске асады. Тасымалдау маршрутының ұзындығы Ресей шекарасынан Өзбекстан шекарасына дейін 823 шақырымды құрайды. Маршруттың ерекшелігі тасымалдау Қазақстан аумағындағы дәлізбен газды компримирация жасамастан іске асады. Газды тасымалдаудың максималды көлемі тәулігіне 18 млн текше метрді құрайды», деді С.Шәпкенов.
Атырау қаласы және Мақат ауданын сумен қамтамасыз ететін су тазартқыш жабдықтары өткен ғасырдың 40 және 60-жылдары қолдануға берілген. Ендігіде қайта жаңғыртуды қажет етеді.
«Су тұтыну көлемінің жыл сайын артуына байланысты алдағы 5 жылда су жетіспеушілігі 30 пайызға дейін өседі. Осыған байланысты, №5 және №6 су сүзгі стансаның жаңа 2 сүзгілеу стансасы мен №1 су сорғы стансасын 2024-2025 жылдары іске асыру жұмыстары ұйымдастырылады. Бұл стратегиялық маңызды нысандар арқылы алдағы 5 жылдықтағы су тапшылығының алдын аламыз. Сонымен қатар Атырау қаласы мен Мақат ауданының халқын үзіліссіз таза ауыз сумен қамтимыз. Құрманғазы ауданының Қоянды топтық су құбырының 6 ұңғымасын салуға 283,7 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде, Азғыр аймағының 6 мыңнан аса халқы үзіліссіз ауыз сумен қамтылады. Бұған қоса облысымыздағы ауқымды жобалардың бірі – Маңғыстау және Атырау облыстарының Құрманғазы, Исатай, Жылыой аудандарының елді мекендерін, ірі мұнай компанияларын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған еді. Осы жылы 175 шақырым магистралды су құбыры жаңғыртудан өтіп, су беру өнімділігі 110 мың текше метрден 170 мың текше метрге артып, сенімді ауыз су жеткізу мүмкіндігін береді», деді өңір басшысы.
«Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 1,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға 188 жобаны іске асыру жоспарланыпты. Осы уақытқа дейін несие алуға 2,3 млрд теңгеге 280 өтінім түскен. Оның 1,2 млрд теңгеге 150 өтінімі мақұлданып, 1,1 млрд теңгеге 137 жоба қаржыландырылған. Ондағы 110 несие – мал шаруашылығы саласына, 13 кредит – ауыл техникасын сатып алуға, 1 несие – жылыжай салуға және 13 кредит басқа да бизнес түрлерін бастауға берілген.
«Атырауда жыл соңына дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі жобасы аясында салынған 6 балабақша пайдалануға беріледі. Жыл басынан бері облыста үш балабақша пайдалануға берілді. Сонымен қатар жыл соңына дейін 10 мектеп пайдалануға беріледі. Қазір облыста 153 ауылдық елді мекеннің 132-сі интернетпен қамтылған. Халықтың интернетпен қамтылу үлесі 99,2%-ды құрайды. Осы күндері Астана қаласының iQala жобасы мысалында Атырау қаласының табиғи монополия субъектілерінің қызметтерін цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба осы жылдың соңына дейін іске қосылады», деді облыс әкімі.
Облыста өңірлік IT-хаб ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жоба IT-жобаларды дамытуға және ілгерілетуге, сондай-ақ өңір кадрларының құзыретін арттыруға бағытталған. IT-хаб Astana Hub халықаралық технопаркінің өңірлік филиалы болады. Бүгінде дайындық жұмыстары пысықталып жатыр. Жбаны іске қосу 2024 жылдың бірінші жартысына жоспарланған.