Экономика • 11 Желтоқсан, 2023

«Самұрық-Қазына» жобалары тиімді жүзеге асып келеді

165 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Қоғамдық кеңесі инвестициялық жобалардың мониторингін талқылады. Жиында инвестициялық жобаларға мониторинг жүргізу тәртібі туралы сөз болып, Қордың мониторингке қатысты тәсілдері қаралды. Бүгінде Қордың тұрақты мониторингіне жататын ірі инвестициялық жобалар портфелінде мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика, көлік-логистика және басқа да салалардағы 42 жоба бар. Олардың жалпы құны шамамен 24 трлн теңгеге бағаланып отыр.

«Самұрық-Қазына» жобалары тиімді жүзеге асып келеді

«Самұрық-Қазына» АҚ стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов Қоғамдық кеңес мүшелеріне Қордың ірі инвестициялық жобаларына мониторинг жүргізудің негізгі құ­рал­дары және осы бағытта соң­ғы уақытта енгізілген жаңа­лық­тар туралы айтып берді. Оның ай­туынша, Қор жүргізетін мониторинг ықтимал тәуекелдерді жедел анықтауға және түзету шараларын жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

«Құрылыс алаңындағы жұ­мыс­тың көлемі, жобалық кестенің орындалуы, игеру сомасы, ап­та­лық жұмыс жоспарының орын­далу дәрежесі және басқа да мәселелер тұрақты негізде тал­данып отырады. Қордың Дирек­тор­лар кеңесінің тапсырмасына сәйкес инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға Қордың 50 пайыз салмағы бар корпоративтік пайдалы әсер коэффициенті (ПӘК) және портфельдік компаниялардың 30-40 пайыз салмағы бар кор­по­ративтік ПӘК енгізілген. Сәй­ке­сінше бұл портфельдік ком­па­ниялардың жобаларды тиім­ді басқаруына зор ықпал етті», деді Ернат Бердіғұлов.

Баяндамада жұмыстардың кө­ле­­мі мен мерзімін объективті ба­ға­лауды, жобада көзделген іс-шаралардың хронология­сын ескере отырып, барлық жоба бо­йынша егжей-тегжейлі кесте­лер­ді бекіту мәселелері де айтылды. Осы іс-шаралардың бар­лы­ғы Қорға жобаның ықтимал тәуекелдеріне жедел ден қоюға және түзету шараларын жылдам қабылдауға мүмкіндік береді.

Баяндама соңында Қор тарапынан инвестициялық жоба­ларға мониторинг жүр­гізу тетік­те­рін жетілдіру жұ­мыс­тары одан әрі жалғасатыны мәлім­делді. Атап айтқанда, ортамер­зімді келешекте жобаларға авто­мат­тандырылған мониторинг жүйесін енгізу жоспарланған. «Бұл жұмыс мүлдем атқарылмаған деп айту қиын, өйткені қатарлас портфельдік компанияларда та­ны­мал жүйелер істеп келеді. Алайда Қорда мақсаттарымызға сай автоматтандырылған, бар­лық тарап­қа ыңғайлы жүйені енгізу жос­пары бар», деді Ернат Бердіғұлов.

Қазіргі уақытта Қор мониторинг жасайтын 42 жобаның үшеуі жүзеге асыру сатысында.

«Бұл жобалардың мони­то­рин­гі, іске асыру мерзімі мен тиімділігі мәселелеріне үлкен көңіл бөлініп, талқыланды. Ал Қоғамдық кеңестің бір отырысында басым инвестициялық жобалардың мониторингі қалай ұйымдастырылатыны, мониторинг пен бақылаудың тиімділігін арттыру үшін қандай өзгерістер енгізілетіні туралы арнайы мәселе көтерілді», деді «Самұрық-Қа­зына» АҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Болат Жәмішев.

Ірі жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылап отыру үшін Қор құрылымында жобалық кеңсе ашылды. Ол әр апта сайын тиісті бақылау жүргізіп, есептік ақпаратты Қордың директорлар кеңесінің қарауына отырыс сайын ұсынатын болады. Тұрақты негізде талданып отыратын параметрлер қатарында – құрылыс алаңында атқарылған жұмыстың көлемі, жоба бойынша жұмыстың орындалу кестесі, игерілген сома, апталық жұмыс жоспарының атқарылу деңгейі бар.

«Барлық жоба белгілі бір ке­зеңдерге бөлінген. Әр кезеңге сәй­кес аталған жоба бойынша нақ­ты талдау жүргізіледі. Со­­ны­мен қатар біз Қор дең­ге­йін­де сапаны қамтамасыз ету тұрғысынан да, жұмыстың нақты көлемін орындау тұрғысынан да инвестициялық жобалар тобының мониторингін жолға қойдық. Бұл қай тұста ауыт­қу­лар болуы мүмкін екенін және жобаны кестеге қайтару үшін қан­дай шараларды қолдануға болатынын түсіну үшін керек», дейді Ернат Бердіғұлов.

Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жобаларды қар­жы­ландыруға жұмсаған шы­ғыны 24 трлн теңгеге жуық және қаржыландырудың әртүрлі нысаны қолданылады: қарыз алу, серіктес табу, меншікті капитал құю және басқалар.

«Самұрық-Қазына» қолға алған жобалардың 15-і – энергетика, 7-і – көлік және коммуникация, 10-ы – газ инфрақұрылымы және газ өңдеу, 1-і – мұнай химия, 5-і – тау-кен және химия секторларында. Бұлардан бөлек, тағы 4 ұқсас жоба бар.