Мерекелік басқосуды Президенттің құттықтау сөзімен Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова ашты. Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтаухатында бірегей жобаның артықшылықтары мен озық ойлы жастардың қалыптасуына септігін тигізгенін ерекше атап өткен.
Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасының біраз түлегі өз саласының жоғары білікті мамандары екенін айтты.
«Болашақ» бағдарламасы білім беру жүйесінің құрамдас бөлігіне айналды, елімізге тың идеялар мен тәсілдер әкелді, әлемдік кәсіпқойлар қауымдастығымен байланысымызды нығайтты. Бұл бағдарлама сапалы білім алуға мүмкіндік беріп, көптеген отандасымыз үшін толыққанды әлеуметтік лифтке айналып, еліміздің дамуына бағытталған идеяларды жүзеге асыруға айтарлықтай мүмкіндіктер туғызып отыр. Бүгінде мыңдаған түлек мемлекет игілігіне қызмет етіп жатыр. 12 605 маманның 6 958-і магистр дәрежесін, 2 626-сы бакалавр дәрежесін алды, 2 537 азамат тағылымдамадан өтіп, 200-ден аса отандасымыз PhD дәрежесін иемденді», деді министр.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылы іске қосылды. Осы уақыт аралығында 12,5 мыңнан аса жас мұхит асып, әлемнің үздік университеттерінде білімін жетілдірді. Жоба қарапайым қазақ жастарының дүниенің төрт бұрышына барып, «инемен құдық қазып» қайтуына жасалған теңдессіз мүмкіндік еді. Биылдың өзінде шетелдің алдыңғы қатарлы университеттерінде оқуға 555 грант бөлінген.
– «Болашақпен» Ұлыбританияда білім алдым. Меңгерген мамандығым – құрылысшы. Саладағы инновацияларды меңгердік, зерттедік. Елге пандемия өршіп тұрған кезде келдім. Осы тұста Қазақстандағы алғашқы модэкс заманауи модульдік зауытына үлесімді қостым. Яғни оның құрылысына және іске қосылуына септігімді тигіздім. Бұл модульдік методикамен елордамызда 3 апта ішінде жұқпалы аурулар орталығы салынды, – деді Адат Әділхан.
Қазір «QS World University Rankings», «Academic Rankings of World Universities» және тағы басқа үздік 200 халықаралық академиялық рейтингіне кіретін әлемдік жоғары оқу орнында 1 400-ден астам бағдарлама стипендиаты білім алып жатыр. Ал 2020 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми кадрлық әлеуетті қалыптастыру мақсатында 500 ғалымды ғылыми тағылымдамадан өткізу туралы тапсырма беріп, бүгінде жүздеген ғалым жетекші ғылыми зертханаларда зерттеулер жүргізіп жүр.
Мәселен, «Satbayev University» қауымдастырылған профессоры Сезім Мұстапаева АҚШ-тағы «Johns Hopkins University»-де «500 ғалым» аталымы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуінің нәтижесінде палеонтология саласында ғылыми жаңалық ашты. Ал Президент Іс басқармасы Медициналық oрталығы ауруханасының оториноларинголог дәрігері Медет Маханбет Литвада құлақтың артынан тілік жасамай, құлақтың тесігі арқылы ота жасауды меңгерген. Нәтижесінде, жыл басынан бері құлақ қалқанын қалпына келтірудің бірегей хирургиялық әдісін қолданып, 70 операция жасаған. Айта кетерлігі, мұндай тәжірибе бұған дейін әлемнің тек бес елінде ғана жүргізілген.
Форум аясында «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің ғылыми жобалары көрмесінде ғылым мен өндірістің түрлі саласын қамтитын 11 инновациялық жобасы ұсынылды. Солардың бірі – Ұлыбританиядағы «Cardiff University»-нің магистрі және PhD Ербол Сағатов. Ол «Қарапайым заттар туралы ғылым» тұжырымдамасы негізінде тұрмыстық химия өнімдерін тиімді өндіру бастамасын жиналған жұртшылыққа көрсетті. Ал Аслан Орынғалиев кешенді мұнай шикізатын өңдеу, Бағдат Азаматов нейрохирургия, травматология және ортопедия үшін медициналық импланттарды елде әзірлеу мен өндіру, Саябек Сахиев радиофармацевтикалық препараттар өндірісі, Әбділда Шәменов Брайль шрифті бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қазақ тіліндегі «Sezual» нұсқаулығын, Гүлжан Түзелбаева «Gulzhan Parfum» парфюмериялық өнімдерін толық көлемде шығару жобасын ұсынды.
«Алматы апортымен, жайқалған гүлімен танымал. Алматы апортын брендке айналдырғым келеді. Әрине, жұмыс оңай емес. Бірақ айына 10 мыңнан астам өнім шығаруды жоспарлап отырмыз», деді аға ғылыми қызметкер Гүлжан Түзелбаева.
Осылайша, мерейтойлық жиынға еліміздің әр өңірінен медицина, ғылым, білім, инженер, техникалық, шығармашылық индустрия, бизнес сынды салалардағы бағдарламаның 500-ден астам түлегі арнайы келді. Біразы іс-шараға спикер ретінде қатысып, төрт панельдік сессия аясында «Қазақстанның цифрлық дамуы: Инвестициялар, инновациялар және болашақ экономикасы», «Медицина», «БАҚ», «Ғылым және білім» тақырыбы бойынша өзекті мәселелерді талқылады.
«Біз «Болашақ» түлектері елге келіп, жиған-тергенімізді сынап, біраз тәжірибе жинақтадық. Енді осындай ауқымды алаңдарда кез келген тақырып төңірегінде толыққанды кейстермен бөлісе аламыз. Қазақстан – шетелдік инвесторлар үшін тартымды аумақ. Алайда елде шешілмеген проблемалар жетерлік. Бұл тек инфрақұрылым мәселесі ғана емес, шағын және орта бизнес иелеріне тәуекел ету үшін институционалдық дүниелердегі олқылықтар. Негізі 10 ірі кәсіпке инвестиция жасағаннан, бірнеше шағын және орта бизнесті дамытқан тиімдірек», деді «Aq Holdings» ЖШС директоры Қасым Абжанов.
Ауқымды іс-шараға «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ және «Болашақ» түлектер қауымдастығы ұйытқы болды. Форумда бағдарламаның ендігі бағытын түйіндейтін жаңа логотипі таныстырылды. Онда негізгі нышан ретінде қарлығаш құсы таңдалыпты. «Жаңа логотипте қарлығашты таңдауымызда мән бар. Астарында алысқа кетсе де, ұясына әрқашан ұшып келетін қарлығаштай «Болашақ» түлектері де еліне сағынышпен оралады деген тәмсіл жатыр», деді «Болашақ» бағдарламасының президенті Әлия Оспанова.
Әлия Оспанова «Болашақтың» басты міндеті мемлекет үшін сапалы кадрларды даярлау екенін атап өтті. «Шетелден стипендиаттар өзімен бірге жаңа идеялар мен тәсілдерді, әлемдік кәсіпқойлар қоғамдастығымен бір жолға қойылған қарым-қатынасты ала келеді. Мемлекет басшысы 2022 жылғы халыққа Жолдауында бағдарлама векторын өзгертіп, медициналық және инженерлік-техникалық кадрлар даярлауға басымдық берді, ол үшін арнайы квота бөлінді. Жеңілдік санаттарының тізбесіне медицина, инженерлік-техникалық саланың мамандары, ауылдық елді мекеннен шыққан үміткерлер кіреді. Бұл ретте кәсіптің жаратылыстану-математикалық бөліміне ең көп стипендия бөлінді. Қазіргі кезде 9 590 түлек өздерінің шарттағы міндеттемелерін орындады, 2 947-сі еңбекпен өтеу мониторингінде, 89-ы еңбекпен өтеу бөлігінде шарттағы міндеттемелерін орындауды кейінге қалдырды», деді ол.