Сенат • 11 Желтоқсан, 2023

Өскеменде сенаторлар экология мәселесін талқылады

88 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Өскемен қаласында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның үшінші отырысын өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Өскеменде сенаторлар экология мәселесін талқылады

Фото: Н.Байбулин

Іс-шараға қатысушылар өңірде ауаның ластануына байланысты проблемаларды және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Палата Төрағасы бастаған бір топ сенатор Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаттарымен және өңір жұртшылығымен кездесті. Онда Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Сенат пен мәслихаттардың өзара жұмысын жүйелі түрде жүргізу барысы сөз болды.

Парламенттік комиссияның Төрағасы Мәулен Әшімбаев қаралған мәселенің маңыздылығына назар аударып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Орнықты даму мақсаттарындағы 17 басымдықтың бірнешеуіне тікелей қатысты екенін атап өтті. Бүгінде елімізде атмосфераға шығарылатын зиянды заттарды азайту және заманауи экологиялық технологияларға көшу бағытында бірқатар шара қолға алынды. Бұл бағытта қолданыстағы заңнама да бар. Соған қарамастан ауаның ластануы бойынша ОДМ саласындағы рейтингте Қазақстан төмен деңгейде қалып отыр.

«Парламенттік комиссия Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған. Оның негізгі мақсаттары – елімізде Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуына жәрдемдесу және осы бағыттағы жұмыстарға мониторинг жүргізіп, ұсыныстар мен тың бастамалар әзірлеу. Осы ретте Комиссияның үшінші отырысын ауаның ластануы және экологиялық қауіпсіздік тақырыбына арнап отырмыз. Бұл мәселе Шығыс Қазақстан облысы үшін өте өзекті екенін білеміз. Сондықтан жергілікті азаматтармен, сарапшылармен және кәсіби мамандармен аталған түйткілді талқылау үшін Шығыс Қазақстан облысында Комиссияның көшпелі отырысын өткізуді ұйғардық», деді Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қолданыстағы нормативтік жүйенің ескіргенін, сондықтан ол елімізде ауаның сапасын дәл анықтауға толық мүмкіндік бермейтінін тілге тиек етті. Осыған байланысты стандарттар жүйесін реформалау және ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Одан бөлек, Комиссия Төрағасы Орнықты даму мақсаттары аясындағы жұмыстарда үйлесімнің жоқтығын және проблемаларды шешуде халықаралық тәжірибені қолданудың маңызды екенін айтты.

Комиссия отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, Денсаулық сақтау вице-министрі – еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова, Сенат депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерния, Парламент Мәжілісінің бірқатар депутаты және тағы басқа қатысушылар сөз сөйлеп, орнықты даму саясатын тиімді іске асыру жолындағы заңнамалық бастамаларын ұсынды.

Сонымен қатар сенаторлар облысқа сапар барысында мәслихат депутаттарымен және өңірдің жұртшылығымен кездесті. Палата Төрағасы жергілікті тұрғындармен аймақты дамыту тетіктері мен перспективаларын талқылады. Ол өз сөзінде ел Президентінің облысты қайта құру жөніндегі тарихи шешіміне тоқталып, мұндай қадам өңірдің өсіп-өркендеуіне тың серпін бергенін атап өтті.

Кездесулер кезінде Мемлекет басшысы белгілеп берген жаңа экономикалық үлгіге көшудің негізгі міндеттерін іске асыру, сондай-ақ, заң шығару қызметінде Сенат пен өңірлердің өзара тиімді іс-қимылын қалыптастыру мәселелеріне баса мән берілді.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында экономикалық саясаттың жаңа үлгісіне көшудің нақты тетіктерін белгілеп берді. Ұсынылған барлық шара экономикадағы құрылымдық өзгерістерге және азаматтардың өмір сүру сапасын нақты жақсартуға арналған. Осыған байланысты жаңа заманауи инновациялық технология негізінде өңдеу өнеркәсібін және аграрлық секторды дамытуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылады. Мұндай ауқымды жұмысты атқару кезінде мәслихат депутаттарының тәжірибесі мен пікірлері ерекше маңызға ие», деген Мәулен Әшімбаев Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің және «Өңір» депутаттық тобының жұмыстарына тоқталды. Ол аталған алаңдардың қызметі өңірлердегі проблемаларды бірлесіп шешуге ықпал етуді көздейтінін айтты.

Сенаторлар «Қазцинк» компаниясының және Өскемен қаласындағы жылу электр орталығының ұжымдарымен де кездесті. Депутаттар аталған нысандардың жұмыс барысымен және олардың қызметкерлерінің еңбек жағдайымен танысты. Кездесулерде өндіруші сектор кәсіпорындарын технологиялық және экологиялық тұрғыда жаңғырту, ұлттық бизнестің мүддесін қорғау, су ресурстарын ұтымды пайдалану және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

Бұдан басқа, Парламент делегациясы Өскемен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, мекеменің жай-күйіне назар аударды.