Оқиға • 11 Желтоқсан, 2023

Қостанайдағы жарылысқа қатысты тың деректер белгілі болды

752 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

11 қарашада шамамен 12:36-да Қостанай қаласына қарасты Амангелді елді мекенінде «КамазЦентр» мекемесі жалға алып отырған жүк көліктерін жөндеу бекетінде газ жарылып, ауданы 280 шаршы метрлік ғимараттың ішіндегі дүниенің бәрі қирап, құлаған. Жарылыс кезінде ғимарат ішінде болған адамдардың біразы қиранды астында қалған, деп жазады Egemen.kz.

Қостанайдағы жарылысқа қатысты тың деректер белгілі болды

Оқиға орнында құтқару-іздестіру шаралары жүріп жатыр. Апат басында жүрген облыстық Төтенше жағдай департаментінің басшысы, полковник Қасым Қайраттың айтуынша, 10 адам жарықшақтан жарақат алған. Бұған дейін құтқарушылардың қиранды астынан үш адамды алып шыққанын хабарлаған болатынбыз. Бір адамның жағдайы ауыр. Дәрігерлер 13 адамға медициналық көмек көрсеткен. Олардың екеуі үйлеріне жіберілген. 7 адам ауруханада жатыр.

«Жұмыс берушінің тізімі бойынша, әлі үш адам қиранды астында болуы мүмкін. Бірақ жарылыс кезінде ғимаратта бұл мекемеге қатысы жоқ қанша адам болғаны белгісіз. Қазір құтқару-іздеу шаралары жалғасып жатыр.  Іздеу жұмыстарына сақылдаған сары аяз бен суық жел, ғимарат сүйектерінің ауырлығы және мекеме аумағындағы қираған техниканың көптігі қиындық туғызып жатыр. Ауладағы техниканың біразы шығарылып, тазарту жұмыстары жүргізілді. Аса сақтықпен қимылдауға тура келіп жатыр. Бір техниканы шығарамыз деп, үйінді астында жатқан адамға зиян келтіріп алу қаупі жоғары. Жарылыстың неден болғаны тергеу барысында анықталады. Болжам бойынша, газ жарылуы мүмкін», деді облыстық ТЖД басшысы.

Жедел медициналық көмек көрсету қызметінің мәліметінше, жарылыстан зардап шеккен 4 адам Қостанай облыстық ауруханасына, 7 адам қалалық ауруханаға  жеткізілген. Дені – орта дәрежедегі жарақат алғандар. Бірінші табылған 40 жас шамасындағы ер адам ауыр жағдайда қалалық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, жәбірленуші миынан жарақат алған. Қазір медициналық тексеру шаралары жүріп жатыр.

«Қазір тағы бір адамның денесін алып шығуға тырысып жатырмыз. Одан бөлек тағы екі адам жатуы мүмкін. Мынадай аязда қиранды астындағы адамдардың тірі қалуы енді қиын», деді полковник Қасым Қайрат.

Құтқару шараларына 200-дей адам, 39 техника қатысып жатыр. Олардың ішінде құтқарушылар, дәрігерлер, жергілікті атқарушы орган өкілдері, коммуналдық, инженерлік қызмет жұмысшылары, волонтерлер бар.

ТЖД басшысының айтуынша, құтқарушылар қиранды астынан алып шыққан екінші адам қалған үш адамның шамамен қай тұста жатқанын көрсеткен. Полиция жасағындағы қызметтік ит те сол жерде айналшықтап жүріп алған. Қазір сол тұста аршу жұмыстары жүріп жатыр.