Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Биыл жіті респираторлық вирустық инфекциялар қазаннан бастап қараша, желтоқсанда көп тіркелген. Жұқпалы аурулардың қатарындағы қызылшаның да беті қайтар емес. Өңірлерде де қызылша жұқтырғандар көп тіркелді. Бұл қатарда кеше ғана дүниеге келген, жасқа толмаған нәрестелер бар. Себебі күнтізбе бойынша балалар жасқа толғанда ғана вакцина алады. Неге десеңіздер, жасқа толмаған бала анасының сүтін еміп, басқа да екпелерді алып қорғанады екен. Әрине, жасқа толмаған балаларға да қызылша ауруы үйдегі ересектерден жұққан.
№3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасындағы дәрігерлер қызылша жұқтырған бала келгенде науқастың жағдайын жіті бақылайды. Өйткені аурудың аты, түрі бір болғанымен салдары екі балада екі түрлі жағдайда өтуі мүмкін. Әр бала жағдайына қарай әртүрлі ем қабылдайды. Балалар ауруханасында 300 төсектік орын шақталған. Бірақ күрделі эпидемиялық жағдайға байланысты орын саны 500-ге жеткен. Осыған қарамастан, ауруханадан күнделікті сауығып шыққан балалардың орны үздіксіз толығып отырады. Көпбейінді қалалық балалар ауруханасында директордың орынбасары Роза Өтегеновамен жүздескенімізде, ол жағдайы ауыр балаларға қалай да бөлімшеден орын тауып беретінін айтты.
– Ауруханаға туғанына бір ай болған сәбиден 18 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Қазіргі ахуал бойынша айтар болсам, қызылша жұқтырған балалардың жағдайы әртүрлі. Денсаулығы орта, ауыр, сосын қосалқы аурулары бар балалар көп. Бүгінде ауруханада 200-ден аса қызылшамен ауырған бала жатыр. Оның ішінде шамамен 65 бала жасқа толмаған. Ауруханаға күніне 70-80 бала қызылшамен ауырып келсе, орта есеппен соның жартысы бөлімшеге жатады. Басқалары қаралып, дәрігердің нұсқауын алып, мекенжайы бойынша емханалардағы дәрігерлердің бақылауында болады. Жансақтау бөлімінде қызылшамен ауырған 4 бала жатыр. Үшеуінің жағдайы өте ауыр. Олар жасанды өкпе аппаратына қосылған, – дейді Р.Өтегенова.
Алдыңғы апталарда балалар ауруханасының жансақтау бөліміне 15 балаға дейін қабылданған. Тәубе, олардың көбі жазылып, бөлімшеге ауысқан. Мысалы, өте ауыр жағдайда жасанды тыныс алу аппаратына қосылған 4 бала бірер күн бұрын отбасына аман-сау оралған. Осылайша, жансақтау бөлімінен шыққан балалар әуелі бөлімшеге ауысса, кейін уақыт сәтімен үйіне шығады. Қуанышқа қарай, өткен аптада күннің суытқаны жұқпалы аурулардың азаюына сәл де болса ықпал еткендей. Иә, оның үстіне қазір емханаларда балаларды қосымша иммундау жұмыстары жүріп жатқанын ескергейсіздер. Негізі вакцина туралы ақпараттандыруға көбіне-көп емханалар араласады. Ал қалалық балалар ауруханасының медициналық қызметкерлері аурудың салдарымен күреседі.
– Дегенмен балаларын ауруханаға алып келген ата-аналармен біз де тілдесеміз. Жалпы, вакцинаға қарсы болған ата-ананы ешкім қинай алмайды. Олардың өз құқы бар. Қал-қадерімізше түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Вакцинаның пайдасын айтамыз. Бірақ менің ойымша, қазір ата-аналар балалары қатты ауырып жатқанда вакцинаны неге уақтылы алмағанын еске алатын сияқты. Уақтылы вакцина салдыру керек еді дейтіндер кездеседі. Басқа ауруымен алысып жүрген балалардың ата-анасы сол дертінен айыққан соң вакцина салдырамыз деп жүргенде қызылша жұқтырып жатады. Өкініштісі, кейбірі жаңсақ әңгіме, жел сөзге ереді. Ал шын мәнісінде, вакциналардың септігімен талай инфекциялық аурулар ауыздықталды ғой. Бұған ғылыммен дәлелденген фактілер жетіп артылады. Есте болса, 2018 жылдың соңы, 2019 жылдың бас кезінде қызылша асқынған. Осы жолы анемиясы бар, неврологиялық жүйесі ауыратын, талмасы бар балалар көбіне қызылшамен ауырып жатқанын байқауға болады. Вирус осал жерден ұстайды, – дейді Р.Өтегенова.
Балалар ауруханасында біз алдымен вирус инфекциясының блогіне өтіп, одан әрі дәрігерлермен бірге анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне беттедік. Қызылшамен ауырған балалардың жансақтау бөлімі бөлек орналасқан екен. Мұнда қазан айында эпидахуал күрделеніп, науқастар көбейген тұста қызылшамен ауырған балаларды қабылдайтын бөлек бөлім ашылыпты. Қысқасы, ғимараттың осы бөлігінде тек қызылшамен ауырғандар жатады. Олардың басым көпшілігі – 7 жасқа толмаған балалар. 7 жастан асқан балалар шамамен қызылшамен ауырғандардың 10 пайызын ғана құрайды. Жансақтау бөліміне барғанда мамандар жағдайы ауыр 4 балаға қарайласып жатқанын аңғардық. Балалардың палатасы – толған монитор. Бұл аппараттар әр минут сайын қанды, баланың жүрек соғысын, тыныс алуын, қызуын қадағалайды. Палатада қызылша ауруы асқынған екі жасар бала бар. Оған қызылшаның салдары өкпеге, нерв жүйесіне ғана емес, бүйрекке де әсер еткен. Жағдайы өте ауыр. Өкпесі қатты қабынған соң әзірге өздігінен тыныс алуға әлі келмейді. Балалардың хал-ахуалын сұрастырып жүргенімізде реанимация бөліміне дәрігерлер бесінші баланы әкеліп жатты. Жұмыс қауырт. Дәрігерлер балаларды аман алып қалудың барлық қам-қарекетін жасап бағып отыр. Біз де балалардың көп ұзамай сауығып кетуін тілеп, жансақтау бөлімінен шықтық.
Қызылша ауруы – қауіпті. Дәрігерлердің айтуынша, қызылша асқынғанда балалардың жоғары, төменгі тыныс жолдары зақымданып, дем алуы қиындайды. Ентігіп, ауа жетпейді. Сол мезгілде баланың жүрегі, миына ауа жетпегеннен сыр беруі мүмкін. Қызылша ауруының өзі құрғақ жөтелден басталады. Баланың көзі ісіп, қызара бастайды. Аурудың бастапқы белгілерінің жедел респираторлы жұқпалы аурулардан еш айырмашылығы жоқ. Тұмауға ұқсайды. Дәрігерлер мұндайда баланың ұртын қарап, тексереді. Үй жағдайында ересектер баланың ауыз қуысындағы бөртпені көрмеуі мүмкін. Осыдан болса керек, біз барған ауруханада ем алып жатқан балалардың 90 пайызы вакцина алмаған. Демалыс күндері балалар ауруханасының қабылдау бөліміне қаладағы басқа емханалардың дәрігерлері көмекке келеді екен. Аурухана басшылығы қызылшамен ауырған бала көбейген соң осындай қадамға барып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, қызылшамен ауырған бір адам 15-20 адамға вирус жұқтыруы әбден мүмкін. Вакцина алдыруға қарсы болып жүрген ата-аналардың осыдан хабары болса керек...
АСТАНА