Саясат • 12 Желтоқсан, 2023

Есірткіге қарсы нақты шешім

141 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжілісте есірткіге қарсы іс-қимыл жөнінде Үкіметтік сағат өтті. Депутаттар аталған мәселенің өзектілігін жан-жақты талқылады. Жиын барысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Есірткіге қарсы нақты шешім

Отырыста кіріспе сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева көтеріліп отырған тақырыптың өзекті екенін жеткізді. Өйткені есірткі саудасы ең күрделі сын-қатерге айналып отыр. Кейінгі он жылда дүние жүзінде есірткі қолданатын адамдардың саны 23 пайызға, яғни 240 миллионнан 296 миллион адамға дейін өскен.

«БҰҰ келтірген деректерге сәйкес, есірткіні пайдалану ауқымы және олардың заңсыз айналымы, әсіресе ұйымдасқан түрдегі айналымы, жаппай таралып, барлық елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр. Мұндай проблема біздің елімізде де бар. Елімізде есірткінің жыл сайынғы заңсыз айналымы шамамен 25 тоннаны құрайды. Соның 95 пайыз­дан астамы каннабис тобындағы есірт­кіге, 5 пайызға жуығы синтетикалық есірткіге, 1 пайыздан азы апиынға, героинге және заттардың өзге де түрлеріне тиесілі.

Уәкілетті органдар ұсынған статис­тикалық деректерге сүйенсек, елімізде өткен жылы есірткі қылмысы үшін сотталғандар саны – 3 425, ал ағымдағы жылғы 10 айда 3 193 адамды құраған. Бұл елдегі сотталған адамдардың жалпы санының 14 пайызы. Парламент 2018 жылғы қарашада есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымын бақылауға қатысты заңнама­лық түзетулерді қабылдады. Заңда Үкімет­ке есірткі мен психотроптық заттар тізімін бекіту құзыреті берілді, бұл осы тізімге жаңадан анықталған есірткіні жедел енгізуге мүмкіндік берді», деді Д.Еспаева.

Мәжіліс төрағасының орынбасары елімізде есірткі қылмысына қарсы іс-шаралар тұрақты қолға алынып жат­қанына қарамастан, әлі де шешіл­меген түйткілдер бар екеніне назар аударды. Мәселен, есірткіге тәуелді адам­дардың нақты статис­тикасы жоқ. Есірткі қылмысымен күрес бойынша халықаралық өзара іс-қимылды күшейту қажет. Сот сараптама органдары, кеден және шекара бекеттері  жеткілікті түрде материалдық-техникалық жағынан қамта­ма­сыз етілмеген. Есірткіге қарсы профи­лактикалық іс-шараларды жүргізуге бөлінген қаражат бірдей бөлінбейді. Есірткі қабылдаудың зияны жөнінде оқу орындарындағы жастар мен балаларға түсіндіру жұмыстары әлсіз. Бұқара­лық ақпарат құралдарында және әлеу­меттік желілерде есірткі қылмы­сы­ның алдын алу мәселелері бойынша ақ­параттық жұмыс деңгейі төмен.

Ал Ішкі істер министрі Е.Сәденовтің айтуынша, елімізде шамамен 700-ге жуық есірткі түрі немесе балама заттар бар. Елдегі есірткі мәселесіне каннабис шикізаты, «Солтүстік бағыт» арқылы өтетін ауған героині, синтетикалық есірткінің таралуы әсер етеді.

Осы орайда, министр есірткі ахуалы­ның күрделенуін үш кезеңге бөліп қарас­тырды. Біріншісі, 90-жылдары «марихуана», «гашиш», «апиын» «героин» секілді есірткі партиялары пайда бол­ған. Ал 2000-жылдардан бастап героин нашақорлығы өршіген. Үшіншісі, синтетикалық есірткілер жаппай тарала бастады. Бұл кезең 2015 жылдан басталады.

«Алғашқыда заңнама жедел әрекет етуге мүмкіндік бермеді. 2019 жылға дейін Есірткінің тізімі тек заң деңгейінде реттелетін. Тиісті нор­маларға өзгеріс еңгізу бір жылдан астам уақыт алатын. Есірткі нарығы бақы­лаудан тыс жаңа заттардың құрамындағы 1-2 молекуланы алмастырып үлгеретін. Бұл есірткі таратушыларға қолданыстағы заңнаманы айналып өтуге мүмкіндік беретін. Осы «қолдан жасалатын» үдеріс тіпті кісі өлімімен аяқталатын жаңа есірткі пайда болды. Осыған тос­қауыл қою үшін заңға өзгерістер ен­гізілді. Құжатта Үкіметке есірткі тізімін бекіту өкілеттігі берілді.

Қазіргі есірткі тізімін келістіретін органдарды 11-ден 3-ке дейін азайтуды қарастырып жатырмыз. Құрылымдық элементтер – «аналогтер» мен «алмастырушылар» енгізіліп, батыл шешімдер қабылданды. Біріншіден, жаңа психикалық белсенді заттарды бақылауға алудың нақты тетігі енгізілді. Қазіргі таңда елімізде есірткінің барлық түрі бақылауға алынды. Екіншіден, оларды тізімге қосу процедурасы 1 айдың ішінде енгізіледі. Еуразиялық Одақ елдерінің тізбелерінде немесе Біріккен Ұлттар Ұйымы Халықаралық комитетінің ұсынымдарында есірткі заттардың болуы жеткілікті», деді Е.Сәденов.

Үшіншіден, елімізде есірткінің жаңа түрі бірден бақылауға алынады. Аталған өзгерістер енгізілген күннен бастап «синтетикалық есірткімен» күресудің құқықтық құралдары іске қосылады. Министр келтірген дерекке сүйенсек, ке­йінгі 5 жылда «синтетикалық есірт­кіні» тәркілеу көлемі 10 кг-дан 1 тон­наға дейін күрт өсіпті.

«Қазір есірткі қылмыстары толы­ғымен киберкеңістікке қарай өтті. Бұл ретте «крипто-кошелек», «мессенджер» және басқа да инновациялар қолданылады. Күресу тәсілдері де үнемі жаңарып отырады. «Киберқадағалау» жүйесі арқылы анықталған есірткі сайттары бұғатталады. Тыйым салынған контентті автоматты түрде іздеу арнайы бағдарламамен қамтамасыз етіледі. Есірткі тұтынушылар арасында «Телеграм» мессенджері танымал. Есірткі таратушылар бір-бірін танымайды, барлық байланыс түрі «боттар» арқылы жүргізіледі», деді Е.Сәденов.

Сала басшысы есірткімен күрес жұмысына жасанды интеллект жүйесін қосу бастамасы ұсынылғанын атап өтті. Осы орайда, хабарландыру сайт­тарындағы «жасырын» есірткі жарнамасы өзекті мәселеге айналып отыр. Деген­мен есірткіге қарсы күресте атқарылған жұмыс та аз емес. Мәселен, 2020 жылы интернет арқылы есірткі таратқаны үшін жаза күшейтілді. Жарнамалағаны және насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

«Есірткі сайттарының мекенжайы көрсетілген «граффити» салушыларға және басқа да ақпарат таратушыларға қатысты нақты жаза қарастырылды. Бұрын әкімшілік заңнаманың нормаларына сәйкес тіпті жауапкершілікке тартуға да келмейтін. Биыл 4 трансұлт­тық ұйымдасқан қылмыстық топ жо­йылды. 14 топ қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды», деді Е.Сәденов.

Осы бағыттағы жұмыстың нәтиже­сінде шамамен 100 кг «синтетика», 85 тоннадан астам прекурсор, 13 реактор және мыңнан астам зертханалық құрал-жабдық тәркіленген. Бұл шамамен 25 млн дозаға тең.

«Прекурсорларды және зертханалық құрал-жабдықты заңсыз жеткізудің жолын кесу – тиімді профилактикалық шара. Алайда қазір қылмыстық жауап­кершілік олардың контрабандасына қатысты ғана белгіленген. Елімізде осы заттардың айналымы барысында да­йын есірткі тәркіленген кезде ғана күдік­тілердің қылмысы дәлелденеді. Олар­дың қылмыстық әрекеттерін құжат­тау үдерісі көп еңбекті қажет етеді және айқын емес. Іс жүзінде есірткі өндіру­шілер өз тауарын өткізуге кіріскен уақы­тын күтуге мәжбүрміз», деді Е.Сәденов.

Сонымен қатар Ішкі істер ми­нистрі тиісті заңнамаларға өзгерістер әзір­ленгенін, есірткі зертханасын ұйым­дастырғандарға жаза қатайтылатынын атап өтті. Ендігі жерде қылмыскерлер 20 жылға дейін не өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Тағы бір мәселе – «закладчик» деп аталатын есірткі жеткізушілерге жастардың жиі тартылуы алаңдатады.

Бұдан бөлек, елде әлі күнге дейін қарасора егу тоқтамай тұр. Жыл сайын осы іс-шара шеңберінде 15 тоннадан 20 тоннаға дейін есірткі тәркіленеді. Қарасора егуге жол бермес үшін оның аума­ғына ғарыштық мониторинг жүргі­зіле­ді. Мәселен, оның көмегімен 265 есірт­кі плант­ациялары анықталған көрінеді.

Келесі кезекте депутат Снежана Имашева сөз сөйлеп, нашақорлыққа қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. Оның айтуынша, елімізде есірткіні тек қоғамдық орындарда пайдалануға тыйым салынған. 2014 жылға дейін медициналық емес мақсатта есірткіні қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік болған. Бұл ретте жыл сайын 2,5 мыңға жуық адам жауапқа тартылды.

«Кейіннен жауапкершілік Қылмыс­тық кодекске ауысты, бірақ есірткіге тыйым салу тек қоғамдық орындарға тарады. Салдарынан, биыл медициналық емес мақсатта есірткі еккендерге қатысты 89 оқиға тіркелсе, оның 30-ы ғана сотқа жолданған. Дегенмен статистика бо­йынша елде есірткіге тәуелділік азайғаны байқалмай отыр. Керісінше, «қоғамдық орын» деген уәжге байланысты есірткіге тәуелділер «мен есірткіні үйде ғана пайдаланып жүрмін, бұл заңды!» деген бір сөзбен жауапкершіліктен оңай құтылады. Сонымен қатар биыл есірткіні медициналық емес мақсатта алған 370 мыңға жуық факті анықталды», деді С.Имашева.

Депутаттың айтуынша, қазір Мәжі­лісте «есірткі және психотропты заттарды медициналық емес қолдануды» әкімшілік құзыретке қайта беруді ұсы­натын заң жобасы қаралып отыр.

«Бұл жерде депутаттардың пікірі екіге жарылып кейбірі әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынса, екінші бөлігі бәрін сол күйінде қалдыру керек екенін айтып жатыр. Заңнама комитеті қолданыстағы қылмыстық жауапкершілікпен қатар, әкімшілік жазаны да енгізуді ұсынды. Осы ретте, қоғамдық орындарда есірткіні медициналық емес мақсатта қолдану қылмыстық заңмен, ал қалған жағдай­да (үйде, көлікте, клубта) әкімшілік тәртіпте жазаланады. Жалпы, осы қадамдар есірткіні медициналық емес мақсатта пайдалануға толық ты­йым салуды қамтамасыз етеді», деді С.Имашева.

Жиын аясында Ішкі істер министрлігі көрме ұйым­дас­тырды. Депу­таттарға есірткі қылмысымен күресу бо­йынша инте­рактивті карта, есірткі зертханасы мен есірткі тренажерларының үлгілері, Ұлттық ұланның киімдері мен арнайы техникасы көрсетілді. Сонымен қатар кинологиялық қызмет үй жануа­р­ларының есірткі заттарын анықтаудағы жұмысымен таныстырды.