Егемен Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2023

«Хат қоржын»

186 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Ұлттық мерекеге лайық күн

1917 жылдың 5-12 желтоқсан күндері Орынборда ІІ Жалпықазақ сиезі өтті. Осы ұлы жиында Алаш автономиясы жарияланды. Біз осы тарихи күнді неге ұмыттық? 1917 жылы Ресейде монархиялық режім күйреген соң, 28 мемлекеттік құрылым өмірге келген екен. Солардың ішінде ең көп – 2, 3 жыл өмір сүргені Алашорда автономиясы ғана.

Орынборда өткен ІІ Жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметі құрылды. Әлімхан Ермековтің «Сарыарқа» газетінде жазған мақаласына қарағанда, 12 желтоқсан күні Алашорда үкіметі иғлан етілген. Үкімет төрағалығына 3 азамат: Әлихан Бөкейхан, Бақтыгерей Құлманов және Айдархан Тұрлыбаевтың кандидатурасы ұсынылған. Әлихан Бөкейхан сайлаушылардың жартысының қолдауына ие болып, яғни басым дауы­с алып, демократиялық негізде Алашорда үкіметінің төрағасы болып сайланған. Міне, осы себепті де мен 12 желтоқсанның еліміздегі ұлттық мереке болғанын қалаймын. Тәуелсіздік тойының дүбірі Алаш үкіметі туған күннен басталса жарасымды емес пе?

Бірер жыл бұрын еліміздегі медреселерде Алаштану курсы енгізіл­генін естігенбіз. Ал мектептерде ол 2012 жылдың қыркүйегінен бас­тап жүргізілетін болып еді. Бірақ оқулығы дайын болмағандықтан, әр мұғалім өзінше оқытады деп, басталмай жатып тоқтады. Бірақ бүгінде мектептерде Алаш қозғалысы мен алаштанудан факультативтік курс жүргізіп жатқан әріптестеріміз бар. Алайда сол курстардың мазмұны жүйесіздеу болғандықтан, аса көңіл тоғайта қоймайды.

Тағы бір мәселе бар. Айтайын дегенім, біздің тарихшы мұғалімдердің өзінің Алаш қозғалысы, Алаш қайраткерлері туралы теориялық білімі терең емес. Егер оқулығы жазылса, алаштанудан факультативтік курс жүргізіп жүрген әріптестерімізге көп көмегі болар еді.

Кейінгі жылдары оқушылардың жүктемесін азайту өзекті мәселеге айналды. Сондықтан өз басым мектепке түрлі сабақтың ене бергенін құптамаймын. Дегенмен оқулығы мазмұнды етіп дайындалса, алаштану курсын мектеп оқушыларына оқытқаннан ұтылмас едік.

Серік ЗИЯТОВ,

тарих пәнінің мұғалімі

 

Батыс Қазақстан облысы,

Сырым ауданы

 

 

Қоғам талабы – заң үстемдігі

Кейінгі кезде қоғамда көрініс бере бастаған келеңсіз оқиғалар ғалым­дар назарынан да тыс қалып отырған жоқ. Әлеумет арасындағы заң бұзу­шылықтар – ауыр қылмыс жасау, алаяқтық, жемқорлық пен пара­қорлық жұртшылықтың ашу-ызасын тудырып отыр. Әсіресе билік төңірегіндегілер мен «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген баз бір азаматтардың ел сенімін ақтаудың орнына теріс әрекеттерге баруы қынжылтады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда қоғамдағы заң бұзушы­лықтарды болдырмау шараларын қолға алып, теріс құбылыстармен белсенді күресу қажеттігін қадап айтты. Бұл істе барлық жауапкершілікті тек құ­қық қорғау орындарының мойындарына ғана артып қоймай, қоғам болып қарсы тұру керектігін атап көрсетті. Өйткені заң талаптары бар­шаға бірдей.

Бағамдап отырсақ, кейбір министр болған, әкім болған лауазым иелерінің білгендерін істеп, тіпті адам шошырлық ауыр қылмыстарға барулары ел назарынан тыс қалып отырған жоқ. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, зиялы қауымның өкілі дейтін, көптің көз алдында жүрген осындай адамдардың бүкіл қоғамға кір келтіріп отырғанын еш ақтап ала алмасақ керек.

Осы орайда айта кететін бір жайт, әсіресе ғалымдар өскелең ұрпақты дұрыс бағытта тәрбиелеу ісін басты назарда ұстауы қажет деп білеміз. Мек­тепте, жоғары оқу орнында, білім мен тәрбие берудің қай саласында болсын, жас буынға дұрыс жол көрсетіп, жөн сілтеу басты парыз саналуға тиіс.

Әрбір ұжым, әрбір мекеме жарқын болашақ үшін өз арасында лайықты орта қалыптастырып, дұрыс бағыт орната білуі керек. Тәртіп пен тұрақтылық берік орын алған жерде келеңсіз көріністерге орын қалмайды. Мемлекет басшысы атап өткендей, заң мен тәртіп қағидаты қоғамның темірқазығына айналуы керек. Ғалымдар мен зиялы қауым осыны қалайды. Сонда ғана еліміз батыл қадаммен алға басады.

Саясат БЕЙІСБАЙ,

Философия, саясаттану және дінтану

институтының бас сарапшысы

 

АЛМАТЫ

 

 

Сөзінде тұратын басшыға ел риза

Апат айтып келмейді. Табиғаттың алапат дауылына қарсы тұру да оңай емес. Тосыннан келген тасқын су есеңгіретіп тастады, ауылда бірнеше үйді құлатып, тасжолды да шайып кетті. Қатынас үзілді. Күндіз-түні кірпік қақпаған жастар жан алысып, жан берісіп, арпалысып жатты. Осы мезетте тікұшақпен облыс әкімі Ералы Тоқжанов келіп қонды. Ол келе сала халықпен жылы сәлемдесіп, сабырға шақы­рып, күш біріктіруге үндеді. Ықыластан күш алған, адал ниетті құп алған жастар жігерлене түсті. Көп жұмылса, алынбайтын қамал болмайды.

Ералы Лұқпанұлы ауылды айналдыра бөгет салу, су алып кеткен жолды екі метрге көтеру ісі қолға алынатынын айта келіп, су кірген үйлерге көмек берілетінін де жеткізді.

Әкім сөзінде тұрды. Су шайған жолымызды екі метрге көтеріп, саз, бор, шақпақтас төсеп қана қоймай, теп-тегіс асфальт төсетіп берді. Осындайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын?» деген сөзі еске оралады. Ұлт мүддесіне қызмет етіп, жұрттың сөзін сөйлеген, елге адал қызмет еткен Ералыдай азаматты берсеевтіктер еш уақытта ұмытпайды.

Даму мен ілгерілеуде, ел экономикасын өркендетуде жолдың алар орны ерекше. Ешқандай кедергісіз теп-тегіс жолмен жүйткіген әр адам өңір басшысына іштей болса да алғысын жеткізетіні сөзсіз. Кезінде тырнақ астынан кір іздеп, артқы есіктен кірген әкімді де көргенбіз. Ал Тоғжанов ел ігілігіне қызмет етті, оның экономикалық ой-толғамдары, орталық аппараттың жұмысын бюджеттендіру, қаржыландыру жүйесін оңтайландыру мен жетілдіру жолындағы идеялары өміршең екендігінде дау жоқ. Ол шешілмейтін мәселе болмайтынын, шеше алмайтын басшылар ғана болатынын көрсетіп келе жатыр.

Айтқандайын, Е.Тоғжанов республика көлемінде «Тары Фест» фестивалінің өтуіне мұрындық бола жүріп, спорт кешенін салуға да өз үлесін қосты.

Саламат ШАҢҒАЛА,

зейнеткер

 

Ақтөбе облысы,

Ойыл ауданы,

Қаратал ауылы