Спорт • 13 Желтоқсан, 2023

Рингте – чемпиондар!

117 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

15 желтоқсанда Астанадағы Beeline Arena кешенінде кәсіпқой бокстан «IBA-ның чемпиондар түні» деп аталатын халықаралық турнир өтеді. Бұл жарыста қазақтың жуан жұдырықты жігіттерімен қатар, алыс-жақын шет мемлекеттерден келген бірқатар танымал былғары қолғап шеберлері өнер көрсетеді.

Рингте – чемпиондар!

Елордадағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде Данияр Елеусінов күш сынасады. 32 жас­тағы сақа спортшы ке­зін­де Рио Олимпидасының жеңімпазы (2016 жылы), әлем чемпионы (2013), әлем чем­пио­натының күміс жүлдегері (2015), Азия ойын­дары (2010, 2014) мен құрлық бі­ріншілігінің (2016, 2015) екі дүркін же­ңім­пазы атанды. Бұл белестерді ол 64 және 69 кг салмақ дәре­желерінде бақ сы­наған кезінде ба­ғындырды. 2018 жылы кәсіп­қой­лар арасында жұ­ды­рық­тасуға бел буды. Сол уақыт аралығында 11 кез­десу өткізіп, барлығында мерейі үстем болды. Алты ай­қаста айқын басымдық танытты. Соңғы рет Данияр осыдан екі жыл бұрын Астанада аргентиналық Хуан Эрнан Леал­­дан айласын асырып, жар­тылай орта салмақта IBO нұс­қасы бойынша чемпиондық атақты иеленді.

аро

Даниярдың спорттық карьерасында келеңсіз жағдайлар да аз болған жоқ. Ұзақ уақыт бойы рингке шықпағаны үшін ол өз атағынан айырылды. Со­нымен қатар қар­жы мә­селесі бойынша түсініспеу­шілік пай­да болып, қан­дасымыз Boxing Start Llc промоутерлік компа­ниясының менед­желері Зия Алиев, Элвис Креспо және Джо Кьямбомен сот­тасты. Сөйтіп, жү­ріп қа­зақ­тың да­рынды бокс­шысы алтын уақытының бір­азын зая кетірді.

Екі жылға созылған үзілістен кейін Елеусінов шаршы алаңға қайта оралады. 15 желтоқсанда ол Джабулани Маккенземен күш сынасады. 30 жастағы Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) өкілі 2016 жылдан бері кәсіпқой рингте өнер көрсетіп жүр. Сол кезден бері 16 мәрте жекпе-жекке шығып, 14 рет жеңіске жетті. Сол айқастарының тең жартысында қарсыластарын нокаутқа жіберді. Ол тек өзінің отандасы Тулани Мбенде мен ресейлік Виталий Петряковтан ғана ұтылды.

Астанадағы бокс кешінде Данияр Елеусіновтен бөлек, әр жылдары әлем чемпионаттарында атой салған Бекзад Нұр­дәулетов (6-0, 2 КО) ре­сей­лік Никита Зоньмен (7-0-1), Ас­ланбек Шымбергенов мек­си­калық Хосе Мигель Боррегомен (20-4, 17 КО), Махмуд Са­бырхан кубалық Освальдо Диаспен, Санжар Тәшенбай өзбекстандық Нодиржон Мырзаахмедовпен, Ду­лат Бекбауов ресейлік Ха­ритон Аграбамен (12-0) және Серік Те­мір­жанов сербиялық Па­вел Федоровпен жұды­рық­тасады. Жастар ара­сындағы Азия бірін­шілігінің күміс жүл­дегері Ерасыл Жақпеков нидерландтық Гра­дус Крауспен қолғап түйіс­тіреді. Бұлардың барлығы да үш минуттан алты раундқа созылатын сайыстар.