Елордадағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде Данияр Елеусінов күш сынасады. 32 жастағы сақа спортшы кезінде Рио Олимпидасының жеңімпазы (2016 жылы), әлем чемпионы (2013), әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2015), Азия ойындары (2010, 2014) мен құрлық біріншілігінің (2016, 2015) екі дүркін жеңімпазы атанды. Бұл белестерді ол 64 және 69 кг салмақ дәрежелерінде бақ сынаған кезінде бағындырды. 2018 жылы кәсіпқойлар арасында жұдырықтасуға бел буды. Сол уақыт аралығында 11 кездесу өткізіп, барлығында мерейі үстем болды. Алты айқаста айқын басымдық танытты. Соңғы рет Данияр осыдан екі жыл бұрын Астанада аргентиналық Хуан Эрнан Леалдан айласын асырып, жартылай орта салмақта IBO нұсқасы бойынша чемпиондық атақты иеленді.
Даниярдың спорттық карьерасында келеңсіз жағдайлар да аз болған жоқ. Ұзақ уақыт бойы рингке шықпағаны үшін ол өз атағынан айырылды. Сонымен қатар қаржы мәселесі бойынша түсініспеушілік пайда болып, қандасымыз Boxing Start Llc промоутерлік компаниясының менеджелері Зия Алиев, Элвис Креспо және Джо Кьямбомен соттасты. Сөйтіп, жүріп қазақтың дарынды боксшысы алтын уақытының біразын зая кетірді.
Екі жылға созылған үзілістен кейін Елеусінов шаршы алаңға қайта оралады. 15 желтоқсанда ол Джабулани Маккенземен күш сынасады. 30 жастағы Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) өкілі 2016 жылдан бері кәсіпқой рингте өнер көрсетіп жүр. Сол кезден бері 16 мәрте жекпе-жекке шығып, 14 рет жеңіске жетті. Сол айқастарының тең жартысында қарсыластарын нокаутқа жіберді. Ол тек өзінің отандасы Тулани Мбенде мен ресейлік Виталий Петряковтан ғана ұтылды.
Астанадағы бокс кешінде Данияр Елеусіновтен бөлек, әр жылдары әлем чемпионаттарында атой салған Бекзад Нұрдәулетов (6-0, 2 КО) ресейлік Никита Зоньмен (7-0-1), Асланбек Шымбергенов мексикалық Хосе Мигель Боррегомен (20-4, 17 КО), Махмуд Сабырхан кубалық Освальдо Диаспен, Санжар Тәшенбай өзбекстандық Нодиржон Мырзаахмедовпен, Дулат Бекбауов ресейлік Харитон Аграбамен (12-0) және Серік Теміржанов сербиялық Павел Федоровпен жұдырықтасады. Жастар арасындағы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Ерасыл Жақпеков нидерландтық Градус Крауспен қолғап түйістіреді. Бұлардың барлығы да үш минуттан алты раундқа созылатын сайыстар.