БАҚ өкілеріне берген сұхбаттары немесе әлеуметтік желілер арқылы көпшілік алдына шыққанда «Qazaq Style» деген жанама есімді таңдаған Жәнібек үнемі қандай дүлей күш иесі болса да, жанын салып жұдырықтасуға әр кез даяр екенін айтудан жалықпайды. Ол даңқы дүркіреп тұрған дүлдүлдердің біразын жекпе-жекке шақырды. Шыны керек, қазақтың қайсар ұлымен бетпе-бет келуге қаймыға ма, әлде басқа да себептері де бар ма, әйтеуір белді боксшылар Әлімханұлының бұл ұсынысына құлақ асар емес. Десек те жуырда ғана АҚШ-тың гүрзі жұдырықты жігіті Джермалл Чарло орта салмаққа қайта оралып, әлем чемпионымен кездесуге «кет әрі» емес екенін мәлімдеді. Ал сол боксшы жайында біз не білеміз?
Джермалл Чарло 1990 жылдың 19 мамырында АҚШ-тың Техас штатындағы Ричмонд қаласында дүниеге келді. Жанама есімі – «Темір адам». Егізі Джермелламен бірге ол спорттық мансабын әуелде әуесқой бокстан бастады. Екеуі де АҚШ құрамасы сапында бірқатар халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп, болашағынан зор үміт күттіретін былғары қолғап шеберлері ретінде танылды. Десек те, олардың аңсары кәсіпқой рингке ауды. Бұл ретте де ағайындылар толымды табыстарға қол жеткізді.
Жәнібекпен жекпе-жекке шығуға келісімін берген Джермалл кәсіпқойлар арасындағы өзінің тұсаукесер кездесуін 2008 жылдың қыркүйек айында өткізді. Сол кезден бері 33 мәрте шаршы алаңға шығып, барлық қарсыласынан басым түсті. 22 бәсекелесін нокаутқа жіберді. 2015 жылы IBF нұсқасының бірінші орта салмақтағы және 2018 жылы WBC нұсқасының орта салмақтағы чемпиондық белбеуін иеленді. Өзіне тиесілі сол атақтарды ол бірнеше рет сәтті қорғады. Чарло кезінде Корнелиус Бандрейдж, Остин Траут, Джулиан Уильямс, Хорхе Хейланд, Матвей Коробов, Брэндон Адамс, Деннис Хоган, Сергей Деревянченко және Хуан Масиас Монтиель сынды саңлақтарды сабады.
Екі жылдан аса уақытқа созылған үзілістен кейін Джермалл Чарло шаршы алаңға қайта оралып, үстіміздегі жылдың 25 қарашасында Лас-Вегаста өзінің отандасы Хосе Бенавидесті ұпай санымен ұтты. Барлық үш төреші «Темір адамның» мықтылығын бірауыздан мойындады. Бұл жағдай Джермаллдың әлі де бабында екенін аңғартса керек.
Қазіргі кезде Жәнібек Әлімханұлының орта салмақта WBO мен IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы екенін жоғарыда айттық. WBC-тың алтын белбеуі Джермалл Чарлода. Егер осы жекпе-жек жуық арада өтетін болса, онда жеңіске жеткен боксшы бірден үш бірдей чемпиондық атақты иеленеді. Осы орайда біз Жәнібекке зор сенім артып отырмыз. Қандасымыз қарсыласын қапы қалдыруға тиіс. Онда оның жолында тек Эрисланди Лара ғана қалады. Қазіргі кезде Кубаның қабыланы WBA-ның теңдессізі деп танылып отыр. Бірақ оны да ұтуға болады. Кезінде бұл боксшының Бақыт Сәрсекбаевтан екі рет таяқ жегені жанкүйерлердің есінде. Яғни Лара қазақтардың жұдырығы жойқын екенін жақсы біледі. Олай болса, Жәнібек Әлімханұлына ақ жол тілейік. Алаштың бір азаматы бекзада өнер – бокстан әлемнің абсолютті чемпионы атанып жатса, біздер үшін бұл үлкен мәртебе болар еді.