Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2023

Көкшетау Қорғанбегін алқалады

138 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған киелі Көкше төрінде ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қаламы жүйрік журналист, «Құрмет» орденінің иегері, Зеренді, Біржан сал және Алматы облысының Талғар аудандарының құрметті азаматы Қорғанбек Аманжолдың пенде ғұмырдың бір биік шыңы – 70 жасқа толуына орай шырайлы шығармашылық кеші өтті.

Көкшетау Қорғанбегін алқалады

Атан түйені алып жығатын аяз күшіне мініп, ақ қар, көк мұз табан астын құрсаулап тұрса да, жыр отымен жылынғалы келген жалпақ жұрт Шахмет Құсайы­нов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында ине шаншар орын қалдырмай, иін тіресіп отырды. Осыдан-ақ көкшетаулық қауымның сөз патшасы – өлеңге деген, ақ самалдай аңқылдаған ақжарма Қорғанбек ақынға деген шынайы көңіл, іл­ти­патты құрметін аңғаруға бо­­лады. Театр ұжымы көрген жан­ның көңілін тоғайтатын көрі­ніс әзірлеген екен. Өне бойы Қор­ғанбек ақынның жасындай жар­қылдаған, тыңдаған жан­ның жүрек қылын шертіп, тыл­сым бір ойдың түбіне бойлата­тын өлеңдерін оқыды.Зұл­мат жылдар қан майданға өндір­дей жастардың Көктеректің ірге­сіндегі киелі жер, қасиетті топырақ Әулиетастың ығынан аттанғаны, зар илеп, запыран жұт­қан тәмам жұрттың тілегі, болаттай берік білегі, ел деп соққан жүрегі өлең болып шалқып, бү­гін­гі жастарды туған жерін қас­терлей білуге, туған елін құр­мет­тей білуге шақырып жатқан­дай.

Қаршадайынан қазақтың қа­ра сөзіне деген шексіз махаб­бат тұла бойын билеген тұлға туралы сөз сабақтағанда, алдымен оның ақын екендігін айтқан ләзім. Зер­лі Зеренді өңірінің көрікті бір пұшпағы Көктерек ауылында туған адамның ақын болмасқа хақысы жоқтай. Журналистика – қиын өнер. Беріле істеген, өндіре жазған адамның ерқашты болуы да әбден мүмкін. Бірақ осыншама тауқыметті көтере жүріп, «Зеренді қарағайлары», «Сабат», «Мешітті ғалам», «Жырлаймын Көкшетауымды», «Алапа» сынды жыр жинақтарын жазды. Ежелгі қазақ тарихының сыр тұн­ған қиын қатпарларына ой­лы көзімен үңіліп, Алаштың ар­дақты тұлғалары «Қанай-Абы­лай», «Олжас», «Шер кешу», «Мұсақұл балуан» поэмалары оқырманға олжа болды. Өміршең өлеңмен бірге оқырманның се­зім қылын шертіп, таным көк­жие­гін кеңейтіп, нұрландыратын «Зұл­мат пен ғибрат», «Бір­жан бұрмалары», «Ақиреттік аманат», «Қызыл сызық», «Айсберг астындағы ағыстар» тәрізді тарихи, әдеби эсселер жинағы жарық көрді. Аударма саласында да өн­дірте жұмыс істеді.

Жетпіс жылдық мерей­тойы­ның шымылдығын облыс әкімі­нің орынбасары Азамат Тайжа­нов жүрекжарды құттықтау сө­зімен ашып, туған жеріне келіп, жырын сыйлайтын жамағатпен жүздесіп жатқан жампоз ақынға сый-сияпатын тапсырды. Об­лыс орталығындағы Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мә­дениет колледжінің білім алушысы Берденбек Мырзат ақын ағасына жүрекжарды арнауын айтып берді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова бірауыз естелік айтып, мерейтой иесіне ізгі тілегін жеткізген соң, әнмен әдіптеп, кеш шырайын келтіре түсті.

Қорғанбек ақынның жырын айтып, сырын айтып, сапарлас болып келген әйгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Иран Ғайып ата-ба­ба­лары­ның топырағына таба­ны ти­геніне қуанышты екендігін, сол бір сәтімен сабақталған са­пар­ға жыр әлеміндегі қанат­тасы Қорған­бектің себепкер бол­ған­дығы туралы тебірене толқып, баяндап берді.

Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, қазақтың айтулы ақыны Ғалым Жайлыбай да әр өлеңі, әр сөзі ақ самалдай Алаш дида­рын желпіп, Алаш жүрегін тебі­рентетін Қорғанбек ақын туралы аталы сөз айтып, өлеңін арнады.

Келесі күні жыр шеруі Қор­ған­бек ақынның туған топыра­ғы Зерендіде жалғасты. Аудандық мәдениет үйінде «Зерендінің зе­регі, құйылып тұрар өлеңі» тақы­рыбында әдемі кеш болды.

Көкшетау аспанында екі күн бойы жыр қалқып, ән әлдиле­ді. Оңтүстіктен сағынып жеткен перзентін аяз да тағы бір ширатып алайын дегендей, бетінен шымшып әзілдесті. Сөз атасын сыйлаған тәмам жұртты өміршең өлең өлкесіне жетектеп апарып желпінткен, қуаныш сыйлаған естен кетпес күндер болды бұл.

 

КӨКШЕТАУ