Қоғам • 12 Желтоқсан, 2023

Профессор атындағы дәрісхана

238 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде фило­ло­гия ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Орал­бай­­қызының туғанына 95 жыл толуына орай «Қазақ тіл білімі және оқыту әдістемесі: дәстүр және болашағы» тақырыбында рес­публикалық дөңгелек үстел өтіп, профессордың атында дәрісхана ашылды. Іс-шара Тіл ғылымы зерттеулерін үйлестіру орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Профессор атындағы дәрісхана

1989-1997 жылдары Абай атындағы университеттің проректоры және қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп, білім саласының дамуы жолында айрықша еңбек еткен профессор Нұржамал Оралбайқызы саналы ғұмырын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынан бастап, Шамғали Сарыбаев сынды ғалым еңбектерін зерттеу ісіне арнады. Университеттегі Докторлық диссертация кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Ғалымның жетекшілігімен 70-ке жуық ғылым докторы мен кандидаттар даярланды. «Профессор Нұржамал Оралбайқызының қазақ тілінің сөзжасам жүйесіне арнаған зерт­теулері тіл білімі ғылымында айрықша рөлге ие. Сондықтан ғалымның шы­ғар­машылығы, әдістемедегі өзін­дік орны туралы докторлық, магис­трлік диссертациялар қорғалуы керек», деді академик Кәрімбек Құрманәлиев. Бүгінде профессордың тіл білімі мен білім беру саласындағы жетіс­тік­тері тіл ғылымының ажырамас бөлігіне, осы саладағы зерт­теу­лер­дің­ өзегіне айналды.

вачр

«Ғалымның есімі қазақ тіл білімінде «Сөзжасам» аталатын, бөлек қалыптасқан саламен тығыз байланысты. Профессордың зер­де­лі зерттеулерінің нәтижесінде қазақ тіл білімінде сөзжасам сала­сы дамыды. Қазіргі кезде ізбасарлары сол саланы әлем­дік лингвистикалық дең­гей­де дамытып, жетілдіру жолын­да­ еңбек етіп келеді», деді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білі­мі институтының директоры Анар Фазылжан.

Ғалымның қаламынан ту­ған 300-ден астам ғылыми ма­қала, 20-дан астам оқулық пен моно­графия сала мамандары үшін іргелі зерттеулерге жол ашты. Про­­фессор өткен ғасырдың 1988 жылы шыққан «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөз­жасамы» монографиясын қазақ тіл білімінің бір саласы ретінде сөзжасамның ғылыми-теориялық негіздеріне арнаса, 1989 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бір топ ға­лым­­­мен бірлесіп жазған «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографияда қазақ тілі сөзжасамының теориялық негізіне мән берілді. Бұған дейін сөзжасам мәселелері морфологияда сөз таптарының құрамында туынды зат есім, туынды сын есім, оларды жасаушы жұрнақтар аясында сипаттама түрінде ғана айтылып келген болатын. Сөзжасамның тіл білімінің басқа салаларымен байланысы, оның заңдылықтары мен ерекшеліктерін дәлелдеген бұл еңбекте қазақ тілінде бұрын-соңды зерттелмеген бірқатар мәселе көтерілген еді. Сонымен бірге Нұржамал Оралбайқызының қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылыми-теориялық негіздемесін жасаудағы еңбегі айрықша. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде мамандар даярлау, оқу бағдарламасын әзірлеу, яғни мамандықтың нормативтік базасын қалыптастыру жолында көп еңбек еткен ғалым осы бағытта оқулықтар, оқу құралдары, жас мамандарға бағыт беретін ғы­лы­ми мақалаларын, әдістемелік нұс­қаулықтарын жариялады. Бүгінде осы еңбектерінің барлығы да қазақ тілін дамытуда айрықша рөлге ие.

Жиын барысында ғалымдар көрнекті тіл жанашырының тіл білімі ғылымын дамытудағы зерттеулеріне тоқталып, оны әрі қарай зерделеу ісіне қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

 

АЛМАТЫ