Шаруашылық • 13 Желтоқсан, 2023

Аграрлық орталыққа айналамыз десек...

172 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Президент Қ.Тоқаев биылғы Жол­дауын­­да елдің экономи­калық дамуы­на ба­сым­дық беріп, оның ішінде инвес­­ти­­­ция көлемін арттыру, мемле­кет­тік тап­­сырыс жүйесін ретке келті­ру, кор­по­р­а­тивті секторға несие беру мәсе­ле­ле­рін шешу, отан­дық аграр­лық саланы дамытуды қолға алуды тапсырған еді.

Аграрлық орталыққа айналамыз десек...

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Расымен, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласына жіті мән беріп, оның әлеуетін арттыру үшін бар мүмкін­дікті толық пайдалану керектігін атап өтті. «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапа­лы азық-түлік өнімдері тапшы. Елі­міз­дің стратегиялық мақсаты – Еура­зия құр­лы­ғындағы басты аграрлық орта­лық­тың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, алдымен өнімді жоғары дең­гейде өңдеуге көшуіміз қажет. Ол үшін біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет», деген еді Президент.

 

Салада сан мәселе бар

Мемлекет басшысы бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болатынын, сондықтан экспортты ұлғайтып қана қоймай, ішкі нарықты да іркіліс болмау керектігін баса айтты. Өзі­міздің отандық тауарларды шетелге таны­ту және шығару үшін тиісті шаралар қабыл­дау­ды тапсырды. Сондай-ақ жерді бөлу, электр энергиясымен ұзақмерзімді перспективада қамтамасыз ету мен су мәселесі шешілсе, ауыл шаруашылығы ең тартымды сала болатынын айтқан Президент бұған қоса логистика бағытын жандандыру керектігін тілге тиек етті. Өйткені ел бойынша өңіраралық сауданы дамыту үшін бұл өте маңызды. Сонымен қатар мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, егіншілік, ет және сүт өнімдерін өндіру экономиканың келешегіне зор екенін айтып, көрші мемлекеттермен сауда-саттық орнатудың маңыздылығын көрсетіп берген еді.

Тағы бір мәселе Жолдауда айрықша айтылды. Ол – республикадағы машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы. Бүгінде ішінара ірі ауыл шаруашылық құры­лым­да­ры болмаса, көптеген серіктестік пен қожа­л­ық ескі техниканың қызметіне әлі жүгі­ніп жүр.

ап

«Қазір ауыл шаруашылығы техни­ка­сының 80 пайызы тозып тұр. Сон­дық­тан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табыс­қа­ жеткізетінін мәлімдеген еді. Бұған қо­сым­ша шетелдің танымал агро-ғылыми орта­лық­тарымен толыққанды ғылыми-тәжі­ри­белік ынтымақтастық орнату керегін айт­қан.

«Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды да­мыту және ең бастысы, оны ауыл шаруа­шы­лы­ғында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлт­тық аграрлық ғылыми-білім беру орта­лы­ғ­­ын зерттеу ісінің барлық сатысын қам­титын агротехнология хабына айнал­дыру керек. Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толық­қанды ғылыми-тәжірибелік ынты­мақ­тастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қол­дай­мыз. Білім беру бағдар­ла­ма­ла­рын ауыл шаруашылығы талаптарына бейім­­дей­міз», деді Президент Жолдау бары­сында.

 

Агроғылымның маңызы

Сала ғалымдарының пікірінше, аграрлы елге толық айнала алатын мемлекет екеніміз рас. 100 пайыз деп айтуға болады. Себебі республикадағы әр аймақтың өзіне тән топырақ ерекшелігі, климаттық жағдайы белгілі бір шаруашылықтарды жүргізу үшін өте қолайлы.

– Алдымен өзімізді ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін толыққанды қам­тып, артылғанын сыртқа экспортқа шығару. Мәселен, халық саны өте көп Қытай мемлекеті түрлі өнімге бірнеше мың тоннаға дейін тапсырыс береді. Бірақ оны біздің ел толық қамти алмайды ғой. Айталық, бидай, күріш, күнбағыс, жүгері, бақша дақылдары, көкөніс пен жеміс-жидек және ет-сүт, жұмыртқа сынды әлеуметтік тауарлар, ең біріншіден, өзімізде қат болмауға тиіс. Ал көрші мемлекеттерге жөнелтуді өзімізден кейін ойланған дұрыс. Сонда ғана аграрлы ел статусын қолдана аламыз. Мойындау керек, бұл жағынан біз кешеуілдеп дамып келеміз. Екінші мәселе, агроғылым мен агробизнес арасы бір-бірінен ажырап кетті. Мысалы, агробизнес өзінше дамып кетті де, олар белгілі бір технологияларды пайдаланып, енгізіп, салықтарын уақтылы төлеп, адамдарды жұмыспен қамтып, қызметтерін тиімді жүргізіп отыр. Ал агроғылым артта қалып қойды. Мынаны ескеру керек. Агроғылымсыз ауыл шаруашылығымен айналысатын құрылымдардың ғұмыры ұзақ болмайды. Қарапайым айтар болсақ, климаттың өзгеруі, судың тапшылығы, азық-түлік қауіпсіздігі сынды мәселеде ауыл шаруашылығындағы бизнес ақыр соңында ғылымға жүгінеді. Сондықтан біз алдымен салалық ғылымды дамытып, одан соң кәсіп жүргізуіміз керек, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов.

Оның айтуынша, бизнес пен ғылым арасындағы байланыс үзілмесе ғана ауыл шаруашылығындағы қай кәсіп те өміршең болып қала бермек. Мәселен, кейбір дәнді дақылдардың сұрыптары климат жағдайға байланысты аурушаң болып, бұрынғыдай өнім беруін тоқтатады. Бұл – мал шаруа­шылығындағы түрлі асыл тұқымды түлік­терге де қатысты. Ал жылда егетін дақылына немесе бағып келген малына үйренген шаруашылықтарда бұрынғы нәтижеге жете алмай, көрсеткішінен айырылып қалу қаупі туады. Өйткені олардың қасында қатар дамып отырған агроғылым жоқ. Ақыр соңы өзге жақтан түрлі сұрып немесе мал тұқымын алдырады, бірақ оған да кепілдік болмай тұр. Түйіні сол, әр өңірдегі ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титуттары жұмысын жандандыру қажет.

– Қазақстан аграрлық державаға сөз­сіз айналады. Оған табиғи климаты да, жер көлемі де, су ресурстары толық мүм­кіндік береді. Бірақ бұған ғылым ғана көмектеседі. Мысалы, кішкентай Израиль мемлекетінің көптеген ауыл шаруа­шылығы өнімдерін экспорттауы – ғылыми ізденістердің нәтижесі. Бізге кедер­гі болып отырған да осы жайт. Сала­лық ғылымға көп қолдау қажет. Мем­лекет қамқорлықты аямаса, басқару-ұйым­дас­тыру жұмыстары тиімді іске асса, барлық өңір­де де шаруашылық жұмысы жан­да­на­ды. Әсіресе оңтүстік аймақтарда кез­ келген дақылдың өсуіне қажетті жы­лу жетерлік, топырақ құнарлылығы жап-жақсы. Өзімізді қамтып қоймаймыз, экс­порттық әлеуетіміз де зор болады. Мы­салы, су тапшылығын көп көретін Қы­зыл­орда облысы ішкі нарықты ғана емес, сырт елдерге де 100 тоннадан астам ақ кү­ріш жіберіп отыр. Бұған қоса республи­ка­да бидай, майлы, техникалық, мал азық­тық дақылдарды да мол өндіруге болады. Бұл – мал шаруашылығы секторына да қатысты әңгіме. Жалпы, аграрлық орта­лық­қа айналамыз ба деген сұрақтан гөрі, со­­ғ­ан міндеттіміз деген дұрыс, – дейді тех­ни­­ка ғылымдарының докторы Серікбай Өмір­зақов.

 

Егін еккен мен мал баққанды тыңдасақ

– Кеңес уақытында Қазақстанда 25 млн­ гектар жерге дәнді дақыл егілетін, – дей­ді белгілі агроном, «Қызыл диқан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев. – Дәнді дақылың сол, бидай, арпа, сұлы, жүгері, күріш т.б. егістік кіреді. Қазір менің пайымымша, бізде 21 млн гектардан аса жерді пайдаланып келеміз. Бірақ гектар саны азайғанымен, өнімділік артып отыр. Оған себеп – ауыл шаруа­шылығындағы жаңашылдық, тех­ни­­ка­лардың заманауи үлгіге біртіндеп көшуі. Біле білсек, Қазақстанның құнды бай­­­­лы­­ғының бірі – егін мен мал, яғни ауыл шаруашылығы. Ресей, Беларусь, Украи­на сияқты осы саланы тиімді дамы­тып, өнімдерді экспортқа шығарып оты­ру­ға біздің де толық мүмкіншілігіміз бар.

Бұл пікірді әлеуметтік желіде ауыл шаруашылығына қатысты салмақты ойларын жазып жүрген Қызылорда облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Ерұлан Өмірсеріков те қуаттайды.

– Аграрлы орталыққа айналуға неге болмасқа? Оған барлық географиялық мүмкіндігіміз, еңбек күші, климаттық қолай­лылық, инфраструктуралық жүйе, сон­дай-ақ өндірілген өнімді сатып алатын әрі тиімді орналасқан көрші елдер де жанымызда. Расымен де ауыл шаруа­шылығын қолдау – экономиканы тиім­ді­ дамытудың тура жолы. Бір сөзбен айт­қан­да, ауыл шаруашылығының дамуы – эко­номиканың басқа салаларын қоса дамыта алатын бағыт. Тек басты кемшілік – саланы жетелейтін, жүйелі жетілдіретін мемлекеттік қолдау бағдарламалардың жетімсіздігі, – дейді ол.

Ата кәсіп – төрт түлікті өсіріп отыр­ған жер­­­­гілікті шаруалар да ауыл шаруа­шы­лы­ғы­ саласында қолдау аз екенін айтады­. Ба­с­ты­­ мәселе – жайы­лым­дық жердің тарлығы.

– Ата-бабамыздың басты тіршілігі бол­ған мал шаруашылығын дамытып жүр­ген жігіттер жетерлік. Бірақ аз. Неге? Өйткені мал өсіріп, оның өнімін өнді­рем­ деушілерге қолдаудың аздығы. Бір ғана мысал, 50 немесе 100, тіпті одан да көп жерді жалға аламыз. Бұрынғыдай, қыс қыстау, жаз жайлау жоқ. Сол алған жерің­ді қолдағы бар малың айтақыр етіп жеп қояды емес пе? Амал жоқ, шөп пен жем­ді сатып алуға тура келеді. Оның баға­сы тіптен аспандап тұр. Бар салмақ шаруа­ның қалтасына түседі. Екін­ші­ден, бір жерде тұрған мал аурушаң ке­ле­ді. Дұрыс төл бермейді. Өлім-жітімі көп. Дұрысы, мал жайылымын жиі ауыс­ты­руға, суландыруға үлкен қолдау керек. Мен тек бір ғана мысал келтірдім. Айта бер­сек, түйткілді дүние баршылық. Осын­дай мәселелердің шешімі табылса, ет пен сүт өнімдеріне аса қат болмай, ішкі нарық­ты да қамтып, өзге елдерге сатып оты­­рар ма едік, кім білсін? – дейді «Асан» ша­руа қожалығының иесі Қойшыбай Аса­нов.

«Агро Өркен» ЖШС дирек­торы Медеу Есқожаев та ауыл шаруа­шы­лы­ғы­на тың серпін керектігін айтып отыр.

– Мүмкіндік жеткілікті. Тек барынша қолдау керек. Әсіресе ауыл – қаланың асыраушысы деп есептесек, мұндай елді мекендерді дамытуды алға қойған дұрыс. Сондай-ақ тек агро салаға бағытталған жеке қаржы ұйымы болғаны дұрыс. Екіншіден, тұқым институттарын, мейлі, ол егін не мал шаруашылығында болсын, дамытып, зертханаларды қайта заманауи үлгіде жабдықтау жағын қолға алған дұрыс деп есептеймін. Үшіншіден, лизинг мәселесі. Президентіміз айтқандай, көптеген шаруа­шы­лық кеңес заманындағы техниканы пай­да­ланып келеді. Көбісі тозған. Төмен пайыз­бен жаңа ауыл шаруашылығы машиналары берілсе, ауылдағы шаруасын жүргізіп отырған ағайынға тиімді көмек болары сөзсіз, – дейді ол.

Шаруалар айтқан уәж бен пікірді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Әсет Тоқтамысов та қостайды. Оның айтуынша, тиімді бағдарлама мен қаржылық қолдау болмай, сала жетістікке жетпейді. Сондай-ақ қазір тек шағын немесе орта деңгейдегі шаруашылықтар жеке адамды ғана байытуда.

– Ауыл шаруашылығын дамытуға қаржылық қолдау болмай, даму жоқ. Олар техника, тұқым, тыңайтқыш алу үшін жеке инвестордың қаржысына жүгініп жүр. Әсіресе бұл егістікке қатысты жағдай. Көктемде инвестордан ақша алады, күзде бидай не қара күрішпен өтейді. Техника алу үшін де қомақты ақша керек. Әр дақылдың өзіне арналған ауыл шаруашылығы машиналары болатынын ескерсек, мұның көбісі шет мемлекеттерден келеді. Осының барлығы кедергі емей немене? Екіншіден, елімізде ауыл шаруашылығына қатысты 23 ғылыми-зерттеу институты болса, бұлардың да жағдайы мәз емес. Ал түрлі сұрыпты шығару, су тапшылығы мен құрғақшылыққа бейім дақылдарды зерттеу, мал тұқымдарын қайта қарау – осы институттардың құзыретінде. Егер бұларға қаржылай һәм материалдық қолдау болмаса, онда олар қалай қарқынды жұмыс жүргізбек? Ғалымдар қандай жаңа сұрып дайындайды? Біле білсеңіз, бір дақылдың сортын дайындау үшін көптеген жыл зерттеу жұмысын жүргізу қажет. Үшін­­­шіден, мойындау керекпіз, біз әлі су үнемдеуді толық үйренбедік. Мемлекет басшысының алаңдап отырғаны да осы. Әсіресе суармалы егістікпен айналысып отырған оңтүстік аймақтарда бұл – үлкен мәселе. Елде суды пайдаланудың озық технологиясын игеру – кезек күттірмеуге тиіс, – дейді ғалым.

Сөз соңы. Мақалада агро саланы­ дамытудағы басымдық берер негізгі дүниелер ғана айтылды. Қоры­тын­ды­сында тың технология, қаржылық мәсе­ленің болмауы,­ жаңа тұқым дайындауда ғылыми жаңалықтарды қолдау, суды тиімді пайдалану, жер құ­на­рын сақ­тау, ауыл шаруашылығы машинала­рын құрастыру сияқты жұмыстар елдегі аграр­лық саланы алға жылжытады. Жоғарыда айтқандай, салада еңбек етіп жүрген ғалым­ның да, кәсіпкердің пікірі осыған саяды. Ел экономикасына алаңдаушылық білдірген Прези­денттің аграрлық саладағы түйткілді мәселелерді де сөз етуі сондықтан. Енді тап­сыр­ма­ берілді, тиянақты орындау – жауап­ты­лар­дың қолында.

  

Ержан ҚОЖАС,

журналист

 

Қызылорда облысы