Саясат • 13 Желтоқсан, 2023

Комитетте кеңесті

121 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Аға лауазымды тұлғалар коми­теті жыл қорытындысына арналған отырыс өткізді. Жиында Азия кеңесінің 2023 жыл­ғы жетістіктері қорытындыланып, ұйым­н­ың алдағы қызметі жан-жақты талқыланды.

Комитетте кеңесті

Азия кеңесіне мүше мемлекеттердің, ұйымға төрағалық етіп отырған Қазақстан тара­­пының және АӨСШК Хатшылығының жоға­ры лауазымды өкілдері осы жылдың негі­згі қорытындыларына шолу жасады. Сон­дай-ақ 2024 жылға арналған жоспарлар мен ұйым­ның негізгі салаларындағы ынтымақтастық жөнін­дегі тұжырымдамаларды бекітті. Бұған қоса бақылаушы мемлекет мәртебесін алуға түскен өтінімді қарап, басқа халықаралық ұйымдармен болашақтағы ынтымақтастық жайын талқылады.

Аға лауазымды тұлғалар комитеті отыры­сы­ның төрағасы, Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрі­­нің орынбасары Әлібек Бақаев мүше мем­­лекет­терді биылғы елеулі жетістіктер, АӨСШК-нің ағымдағы қызметі және 2024 жылға ар­­налған жұмыс жоспарлары, оның ішін­де транс­­формация жол картасын іске асыру ту­ра­лы хабардар етті. Жол картасын осы жылғы қыр­к­үйекте АӨСШК Министрлер Кеңесі мақұлдаған болатын.

Азия кеңесінің бас хатшысы Қайрат Сары­бай 2023 жылы АӨСШК Хатшылығының қыз­меті туралы Хатшылықтың өтіп бара жатқан жыл­дағы жұмысының барлық бағытын қамти­тын жыл сайынғы баяндамасын ұсынды. Сон­дай-ақ 2024 жылға арналған жоспармен таныс­тырды.

Аға лауазымды тұлғалар комитеті сенім шараларын іске асыру жөніндегі жоспарды және ұйымның жылдық жоспарлауының негіз­гі құ­жат­тары болып саналатын АӨСШК Хатшы­лы­ғы­ның 2024 жылға арналған бюджетін бекітті.

Сонымен қатар комитет Моңғолия мен Иран дайындаған АӨСШК-нің «Қоршаған ортаны қорғау» және «Табиғи апаттарға қарсы күрес» басым салалары бойынша тұжырымдамалардың екі жобасын қарап, мақұлдады.

Айта кету керек, Аға лауазымды тұлғалар комитеті Сауд Арабиясы Корольдігінің АӨСШК-ге бақылаушы мемлекет ретінде қосылу туралы өтінішін қарады және ұйымның министрлер кеңесіне Сауд Арабиясына АӨСШК бақылаушысы мәртебесін беруді ұсынды. Ұйым қатарының кеңеюі жағымды оқиға болып саналады. Сауд Арабиясының АӨСШК қатарына кіруі диалог пен ынтымақтастық үшін паназиялық ұйым ретінде АӨСШК-ны одан әрі дамыту тұрғысынан маңызды.

Отырыстың негізгі сәттерінің бірі жақында Бангладештің ратификациялау нәтижесінде артықшылықтар мен иммунитеттер туралы АӨСШК Конвенциясының күшіне ену үдерісінің ілгерілеуі болды.

Сонымен қатар Аға лауазымды тұлғалар комитеті қатысушылары бүкіл Азия құрлығына пайда әкелетін құрылымдар арасында тиімді синергия құру үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы және БҰҰ Терроризмге қарсы басқармасы сияқты басқа халықаралық ұйым­дармен тығыз қарым-қатынас орнату, аталған құрылымдармен тиімді өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселесін талқылады.