Қоғам • 13 Желтоқсан, 2023

7 баланың әкесі отбасымен Қонаевтың зиратын тазалап, өз қаржысына бәйге өткізіп жүр

15728 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың бейітін тазалап, қоршауын сырлап, бүтіндеп жүрген азаматтың өнегелі ісі әлеуметтік желіде тарады. Көпшіліктің ықыласына бөленген жанды іздеп тауып сұхбаттастық. Өзі жеті баланың әкесі екен. Қалдарбек Сраилов астындағы автокөлігін Дінмұхамед Қонаев атындағы аламан бәйгенің бас жүлдесіне тігіп, үй саламын деген жер учаскесін сатып, еркін күрестен турнир ұйымдастырыпты.

7 баланың әкесі отбасымен Қонаевтың зиратын тазалап, өз қаржысына бәйге өткізіп жүр

Ашық дереккөз

– Қалдарбек  мырза, мұндай қоғамдық жұмысты арқалауыңызға не себеп? Дінмұхамед Қонаевқа туыстық жақындығыңыз бар ма? Әлде әке-шешеңіз, ата-апаңыз ол кісінің шарапатын көрген бе?

басына

– Қазақстанды ширек ғасыр басқарып 40-тан аса қала салдырған Дінмұхамед Қонаев атамыздың қайраткерлігін, елге істеген еңбегін білеміз. Менің әкем де, шешем де, атам мен әжем де тікелей ол кісінің шарапатын көрген емес. Ендеше ол кісінің бейітін күтімге алып, маңайын тазалуға не себеп болды дегенді сұрағыңыз келді ғой, айтайын.

Ертеректе Алматы облысының Кеген ауданына жолдас-жорамызбен қонаққа бардық. Үй иесі алпыстан асқан кісі екен, бәрімізден жөн сұрады. «Қай туғансың?» деді маған. Ысты екенімді айттым. Бірден төріне оздырып құрметін көрсетті. «Сен Дінмұхамед Қонаев атамызбен туыс екенсің, ол кісінің елге жасаған шарапаты жетерлік» деп мақтап ала жөнелді. Содан кейін көп ойландым.  Д.Қонаев атамызға деген азаматтардың ықыласы, құрметі ерекше екені әсер етті. Мен бұл кісінің әруағы алдында қандай қызмет көрсете аламын деген ой болды. Құран оқуға басына барғанда байқадым, қараусыз қалыпты. Содан кейін жиі барып тазаллық жүргізуді, тіпті бала-шағамды ертіп  алып зиярат етуді ғадетке айналдырдық. Сондай кезекті сенбілік жұмысын жасап жүргенімізді бір кісі телефонына түсіріп алып әлеуметтік желіге жүктеп жіберген екен. Көпшілік содан көріп құлағдар болды.  

– Тек бейітін күтімдеу ғана емес,  басқа да іс-шараларды ұйымдастырады екенсіз.

– 2017 жылдан бері тұрақты түрде  балалар арасында Қаскелең қаласында еркін күрестен турнир өткізіп жүрмін. Биылғы турнир 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні өтеді. Алғашқы турнирді ұйымдастырғанда қаражаттан қатты қысылдым. Бұрын мұндай  жауапкершілікті арқалап көрмеген басым демеушілік танытамыз деген кісілерге сеніп қалып, әбден тақалғанда үй саламын деп сатып алған жерімді сатуға тура келді. Сол қаражатпен турнирді өткіздім. Пендешілік ой да болды. «Қонаевтың шарапатын көрген жандар көп, солардың қолдауын сезінетін шығармын» деген дәмем де бар еді. Бірақ 1 миллион 800 мың теңге қаражатымды жұмсап өткізген күрес жарысында жиналғаны 300 мың теңге болды. Содан кейін мен Абай атам айтпақшы «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деп келе жатырмын.

– Осы турнирді жыл сайын өткізеді екенсіз? Жылда сата беретін жеріңіз де көп емес шығар?  Қаржыны қайдан аласыз?

– Дұрыс айтасыз, жыл сайын сатып жыртығымды бүтіндейтін жер қайда? Қазір өзім құрылыс саласында техника жүргіземін. Күнделікті табысым да тәуір. Бала-шағамның тамағынан, киім-кешегі, керек-жарағынан артылған қаржыны Қонаевтың турнирін өткізу үшін жинаймын. Бір айда медальдарды сатып алам, екінші айда кубоктарды сатып алып түгендеймін дегендей. Бір жыл бойы осылай дайындық жасаймын.

Дінмұхамед Ахметұлының «Ақиқаттан аттауға болмайды» және «От Сталина до Горбачева»  деген кітабы 1994 жылдан бері қайта басылмаған екен. Осы кітапты өзімнің қаражатыма шығартып, еліміздің мектептеріне тегін таратуға мұрындық болып, ауқымды істі  атқардым.

Қараша айында Алматы қаласының Наурызбай ауданында  желтоқсаншылар арасында волейболдан турнир ұйымдастырып, Желтоқсан оқиғасының қаһармандары, тәуелсіздік қарлығаштарының қатысуымен тартысты  дода болды.

Былтыр Дінмұхамед Қонаев атамыздың туғанына 110 жыл толуына орай республикалық бәйге өткіздік. Бәйге басталғанға дейін  жүлдеге автокөлік тігеміз деген мәрт кісілер жеме-жемге келген нәмірттік көрсетіп, тайқып кетті. Амал жоқ, елге жариялап қойған соң  өзімнің күнделікті қажетіме жарап жүрген 2019 жылы шыққан Renault Sandero  авткөлігімді аламан бәйгенің басты жүлдесіне тіктім. Топ бәйгеде  топ жарған жүйріктің иесіне  Дәурен Үмбетов автокөлік  тарту етті. 

– Дінмұхамед Қонаевтың мазарына әлі де барып тұрасыз ба?

– Көлігімді бәйгеге бергенім үшін жаяу жүрмін. Сондықтан бұрынғыдай жиі бара алмаймын. Дінмұхамед  атамыздың  мүрдесі жерленген бейітінің айналасы тозып кетіп еді.  Қонаев қоры және  Дәулет Әбенов деген кісінің қаржылай қолдауымен отыратын орындықты, айналасын ретке келтіріп, мәрмар таспен қаптап қайта жасап қойдық. Қазір бейітінің басы бұрынғыдай емес, жаңғырып жаңарып қалды.