Қоғам • 14 Желтоқсан, 2023

Үлескер мүддесі қалай қорғалады?

199 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде тұрғын үй құрылысының үлестік қатысу саласында бірыңғай республикалық веб-сайт құрылған. Онда тұрғындар үлестік құрылыс саласында құқықтық қолдауға қолжеткізіп, салынып жатқан нысандар жөнінде мәліметтер алуға және дұрыс таңдау жасауларына көмектесетін ақпараттармен қамтылған-ды.

Үлескер мүддесі қалай қорғалады?

ФОТО: kaz.nur.kz

Заңға сәйкес құзыретті компаниялар жеке веб-сайттарын құрып, нысандардың құрылысы мен аяқталу мерзімін, аумағы мен жобалық-сметалық құжаттамасын, жалпы құрылыс жұмыстарының барысы туралы мәлімет орналастырылуға тиіс болған. Сол кездері «Тұрғын үй құры­лысына үлестік қатысу туралы» заң кү­шіне еніп, сәйкесінше еліміздегі үлес­тік құрылысқа қойылатын талаптар қатаң­датылды. Бүгіндері заң аясында белгі­лен­ген талаптар бойынша ай сайын мониторинг жүргізіліп келеді.

Мемлекет басшысы сәулет және құ­­рылыс саласындағы бақылауды кү­шей­­тіп, құрылыс компанияларының жауап­­кер­шілігін қатаңдатудың жаңа тәсілдерін көздеуді тапсырған. Осыған орай, Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен үлестік құры­лыс­тағы туындаған мәсе­лелер жөнінде ведомствоаралық ке­ңесте жосықсыз құ­рылыс салушылар азаматтарды төмен бағамен алдап, нәти­же­сін­де үлес­кер­лер не ақшасыз, не пәтерсіз қалып отырғандығы баса айтылды.

Қадағалау органы соңғы екі жылда тергеу органдарымен бірлесе жұмыс жүргізу барысында 20 қылмыстық іс­тің ізі ашылып, 16 адам сотталды, 30 млрд теңгеден астам шығын келтірген. 300-ге тарта құрылыс компаниясы заң­сыз алымдар үшін 250 млн теңге сомасында айыппұл төлеп, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал биылғы ақ­паратқа көз жүгіртсек, пайдалануға бе­ріл­ген тұрғын үйлердің жалпы ауданы өткен жылмен салыстырғанда 13,8% өскен. 13,3 млн шаршы метрдің шамамен 8 млн көпқабатты, 5,3 млн шаршы метрін жер үйлер құраған. Аталған тұрғын үйдің біраз бөлігін 12,2 млн шаршы метрін немесе 91,6%-ын жекеменшік құрылыс ком­паниялары, 5,4 млн шаршы метрі ха­лықтың қаражатына салыныпты. Яғни құ­рылыс компанияларының тұрғын үйді пай­далануға беруіне халықтың қатысу үлесі айтарлықтай – 44%-дан асқан. Бүгін­де үлескерлік құрылыс мәселелері әлі де өзектілігін жоғалтпай отыр. Ел тұр­ғындары арасында жосықсыз құры­лыс компанияларына сеніп, баспанасыз қалып отырғандар саны азаяр емес.

Сарапшылар үлескерлік құрылыс на­ры­ғының 80%-ы дерлік салымшыларды өздеріне тартып, шамамен 1,5 млн шаршы метр баспананы құжатсыз сатқан. Сонымен қатар құрылыс компаниясы тұрғын үйді пайдалануға беру­ді баяулататын немесе оны салудан мүлде бас тартатын жағдайлардың көбей­ген­ді­гін айтуда.

«Қазақстан Тұрғын үй компания­сының» (ҚТК) мәліметінше, қазір елімізде 196 нысанды рұқсатсыз немесе кепілсіз салынып жатқан 176 құрылыс компания­сы бар көрінеді. Оның басым бөлігі Астана қаласында екен. Сан жағынан кел­генде 136 нысанды құрайды. Мұндай проб­ле­малық құрылыс компанияларының саны бір­тіндеп төмендегенін көрсетеді. Оған қолданыстағы заңнама мен тұрғын үй нары­ғындағы уәкілетті ұйымдардың жалпыға бірдей жүргізген түсіндірме жұ­мыс­тарының нәтижесі шешімін тауып жәрдемдескен сыңайлы.

Үлескерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңы бойынша компаниядан кепілдік алу, екінші деңгейлі банк жобасына қаты­су және құрылыс салушының өз қара­жаты есебінен тұрғын үйдің қаңқасы қаланғаннан кейін жергілікті атқарушы органнан рұқсат алу туралы үш заңды тәсіл қарастырылған. Көп­пәтерлі тұрғын үйлерді салуда жеке және заңды тұлғалардан ақша қара­жатын өзге тәсілдермен тартуға тыйым салынған.

«Бүгін біз тұрғын үй құрылысының кепілдігін қарастырамыз, өйткені бұл – үлестік құрылыстың маңызды құрам­дас­­та­рының бірі. Үлестік құ­ры­лысқа кепілдік беру тетігінде жұртшылыққа қолжетімді және сапалы баспана алуға жәрдемдесеміз.Бұл тетік жобаның ашық­тығын қамтамасыз етіп, құрылыс үдерісін бақылайды және мониторинг жүргізеді. Үлескерлер салым­да­рының сақталуын, жобаның жос­парланған мерзімінде аяқталуы мен ақша қара­жатын белгіленген мақсатқа сай қол­данып отыр­ғандығынан хабардар болады», дейді мамандар.

Құрылыс компанияларына кепілдік беруге жауапты еліміздегі тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы – «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ биылғы жылы 1 трлн теңге сомасында кепілдіктегі нысандарды жапқан. Жалпы ауданы 5,2 млн шаршы метрді құрайтын 215 жобаны кепілдендіріп, 60 мың үлескердің салымын қорғауға мүмкіндік берген. 228 мыңға жуық азамат тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық­ты кепілдендіру арқылы (отбасы коэффициентін ескере отырып) өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартқан. Бүгіндері халықтан келген өтініштер тек Digital Baiterek онлайн порталы арқылы қабылдануда. Өтінімдер 8-15 жұмыс күні аралығында қарастырылады. Бұрындары кепілдіктер негізінен үш мегаполисте ғана берілсе, қазір цифрландырудың арқасында компания 12 өңірді қамтып отыр. Барлық ақпарат «Тұрғын үй» порталында жалпыға бірдей қолжетімді. Мұнда азаматтар салынып жатқан ны­сандардың кепілдігі мен әкімдіктен берілген рұқсаттың бар-жоғын тексере алады. Бұл күмәнді жобаларға ақша салмаудың және акционерге алданып қалмаудың әрекеті. Тұрғын үйді пайдалануға беру мерзімі бұзылған не­месе ақшаны мақсатсыз қолданған жағ­дайда заңдық күші бар сот шешімімен белгіленген құрылыс компаниясының төлем қабілетсіздігіне байланысты аталып отырған компания кепілдік бере алады. Осындай орын алған олқылықтарға жол бермеу үшін ҚТК қаржыландыруы құрылыс компанияларының кепілдік жарналары есебінен қалыптастырып, резервтік қаражат есебін жүргізеді. Тек есеп айырысумен шығындарды жабуға арналған нысанның құрылысын аяқтауға міндеттеме алады.

«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңына сәйкес құрылыс ком­паниясы мен уәкілетті компанияға қар­жылық тұрақтылық пен тәжірибеге қойы­ла­тын біліктілік талаптарын бел­­­гілеп, инжинирингтік компаниялар арқылы үлес­керлер ақшасының мақсатты жұмсалуы мен құрылыс барысын бақылайды. Осылайша, тұрғын үй құрылысына кепілдік беру үлескерлердің құқық­тарын қорғаудың шұғыл әрі қа­жетті құралы екендігін ескерген жөн. Құрылыс жобасын таңдаған кезде бола­шақ үлескер құрылыс салушының мәлі­мет­терін егжей-тегжей зерттеп, оның ҚТК кепілдігі бар екеніне көз жеткізуі керек.

Тұрғын үй салу үшін үлескерлердің ақшасын алдын ала брондау, резервтеу, инвестициялау және талап ету құқығын басқаға беру шарттары арқылы өзге тә­сілдермен қабылдауға тыйым салынады. Азаматтар тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа келісімін бермес бұрын ескерілетін жайт: шарт жазбаша түрде жергілікті атқарушы органда есепке қойылған сәттен бастап жүр­гізілетіндігі;

үлескерлердің ақшасын қабылдауды уәкілетті компания жергілікті атқарушы органның рұқсаты негізінде жүзеге асыруды;

тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа отыру мақсатында жүгінген жеке немесе заңды тұлғаларға таныстыру үшін құрылыс нысаны туралы толық ақпаратпен қамтамасыз етуді;

егер мардымсыз мәлімет алған жағ­дайда, үлескер тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен сотқа жү­гінуге құқылы.

Таяуда ғана «Қазақстан Тұрғын үй ком­паниясы» акционерлік қоғамы «Qaz­reestr 2:0 үлестік тұрғын үй цифр­лан­­дыру» жөнінде кеңес өткізіп, онда тұрғын үй құрылысына үлестік қаты­судың бірыңғай ақпараттық жүйе­сіндегі жаңа функционалдық мүм­кіндіктері көрсетілді. «Тұрғын үй порталы» (homeporta.kz) және құрылыс материалдарының онлайн-платформасы (material.kz) ақпараттық жүйе­лері «сұр» үлестік нарықты зерттеу қоры­­тындылары мен үлестік тұрғын үй құрылысы нарығын жетілдіруге байланыс­ты жұмыстар таныстырылды.