Білім • 14 Желтоқсан, 2023

Оқушыларды алаламау амалы

170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қандай жағдайда да бала білім алуға міндетті. Сон­дықтан қоғамды екіге бөлмей, мүмкіндігі шек­теу­лі оқушыларға да жәр­дем берудің жолын жа­сау шарт. Осыған орай Тал­дықорғанда «1000 мек­тепке әдістемелік қол­­­дау» жобасы аясында мек­теп басшыларын әдіс­те­мелік тұрғыда сүйе­мел­­деу және «Білім сапасын мониторингілеу – мек­тепішілік бақылаудың тиімді құралы» атты өңір­ара­лық семинар өтті.

Оқушыларды алаламау амалы

Суретті түсірген – Руслан ҚАДЫРОВ

Аталған жиында облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлт­тық білім академиясы Әдіс­те­мелік қызметті үйлестіру және педагогті кәсіби дамы­ту орта­лы­ғының директоры Еркебұлан Жұмашов бі­лім сапасын ба­қы­лау және мек­тептегі бақы­лау­ды ұйым­дас­тырудағы өзек­ті мәсе­лелерді ортаға салды. Сондай-ақ Алматы мен Же­тісу­дағы білікті мамандар тә­жіри­бе­лерімен бөлісіп, ұсы­ныс­та­рын айтты. Іс-шара секцияларда жалғасып, семинарға қатысушылар оқу үдерісінің сапасын арттырудағы идеяларын талқылады.

Жетісу облысында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсететін 18 мекеме бар. Соның ішінде арнаулы интернаттар, облыстық педагогикалық-психологиялық консультациялар, педа­го­ги­калық-психологиялық тү­зе­ту кабинеттері қызмет көр­се­теді. Кез келген бала өз қа­тар­ластарымен бірдей білім алып, тең мүмкіндіктерді пай­далануға құқылы. Дегенмен ден­саулық жағдайына байланыс­ты бұл оларға көбіне қиынға соғып жатады. Облыстық бі­лім басқармасының мәлі­ме­тіне қарағанда, жалпы білім беретін мектептерде 203 педагог-дефектолог, 165 логопед, 1 тифлопедагог, 108 пе­дагог-ассистент жұмыс іс­тейді. Биыл Көксу ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылған. Сол сияқты Панфилов ауданы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте, Талдықорғандағы Ушинский атындағы №7, №27 орта мектептерде инклю­зия­ны қолдау кабинеттері жұ­мыс істейді. Талдықорған қала­сын­да­ғы №16 орта мектеп базасында ресурстық кабинет ашылды. Мәселен, облыс орталығындағы №7 мектепте қазір инклюзивтік біліммен 10 бала қамтылып отыр. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бахтихан Сейітованың айтуын­ша, бұл балалардың аутизм және психикалық дамуы тежел­ген деген диагноздары бар.

– Біздің мектепте он бала­ға арналған инклюзияны қол­дау кабинеті 2019 жылдың қыр­күйе­гінде ашылды. Осы үш жылдың ішінде 10 баланың 3-еуін қоғамдық ортаға бейімдеп, өз бетімен оқи алатын деңгейге жеткізіп шығардық. Қазір де 10 бала инклюзивті білім алып жүр. Олар сыныпта басқа балалармен бірге оқиды. Әрқайсысының жанында бір-бір педагог-ассис­тент болады. Біз­де 10 педагог-ассистент маман жұмыс істейді. Мұндай ба­лалар психологиялық-ме­ди­циналық-педагогикалық кон­­суль­тацияның қоры­тын­ды­сына сәйкес ұсынылған бағдарламамен оқытылады. Әрине, бұл іске алғаш кіріс­кен­де ата-аналар тарапынан да, оқушылар тарапынан да, тіпті мұғалімдердің арасын­да да қарсылық болды. Деген­мен осы үш жылдың ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларды ортаға бейімдеу және сыныптастарының оларды қа­лыпты қабылдай алуы жағынан едәуір ілгерілеушілік байқа­лады. Яғни инклюзивті білім беру­дің тиімділігін уақыттың өзі көрсетіп отыр, – дейді Б.Сейітова.

Жалпы, инклюзияны қолдау кабинеттері жұмысының тиім­ді­лігін ескере отырып, облыс­та білім басқармасының жол картасына сәйкес 2024 жылы тағы 2 кабинет ашу жоспарланып отыр. Атап өтсек, Жетісу облысында ерекше білім беруді қажет ететін 7 072 бала бар, соның 1 709-ы – мүгедектігі бар балалар. Бүгінде 1 896 бала мемлекеттік балабақшаларда, мектептер мен колледждерде инклюзивті білім берумен қамтылып отыр.

Қазір «Сырттай бағалау ке­зін­де оқушыларымыз мектепте алған бағасын дәлелдей алмайды?» деген сауалға жа­уап табу қиын болып тұр. Бұл жағдайда ең басты себептің бірі – пән мұғалімдері тарапынан балалардың білімін біржақты бағалау болса, екін­ші­ден, мектеп әкімшілігі тара­пынан жүргізілетін мек­теп­ішілік бақылаудың әлсіздігі. Егер мұғалімнің қойған бағасы сырттай бағалаудағы бағамен неғұрлым сәйкес болса, бе­рі­ле­тін білімнің шынайы­лы­ғы соғұрлым анықталады. Көп жағдайда мектеп әкімшілігі білімнің сапасына емес, көрсет­кіш­тің жоғары болуы­на баса мән бергені абзал.

 

Жетісу облысы