Сол игі істің жалғасы іспетті семинардың басты мақсаты – еліміздегі білім беру саласында қызмет етіп жүрген ғалымдар мен мектеп мұғалімдері арасындағы қарым-қатынасты жүйелі жолға қойып, өзара пікір алмасып, ой бөлісу. Алқалы басқосуға ғалымдармен бірге, әр аймақтан келген математика, физика және информатика пәндерінің 120-ға жуық мұғалімі қатысты.
Күмбірлеген күймен шымылдығы түрілген тағылымы мол іс-шараға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мұхтарбай Өтелбаев құрметті қонақ ретінде арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ ғұлама ғалым математика ғылымына ден қойған ұстаздарға ақ батасын берді.
Бұдан соң «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының бас директоры Сержан Әлібаев семинарға қатысушыларды құттықтаса, Ұлттық құндылықтар академиясының мүшесі, мектепке дейінгі «Negesh» инновациялық дамыту кешенінің авторы, шебер-педагог, физика-астрономия пәнінің мұғалімі Ерұлан Жиенбаев «математика – ғылымдардың патшасы» екенін айрықша атап өтті.
– Математикада бір ғасыр бұрын шешімін ғылыми жолмен табу ұсынылған әлемдегі ең күрделі 7 есептің бірін шешіп, дүниежүзі математиктерін мойындатқан Мұхтарбай Өтелбаевтың құрметіне ұйымдастырылған семинардың мазмұны зор. Әлемге танылған ғалым арамызда отыр. Ол кісінің «Маған бірінші кезекте қазақтың қазақ болғаны керек. Менің ғалымдығым да, профессорлығым да қазақтығымнан садаға. Алдымен қазақпын, мұсылманмын, содан кейін ғалыммын. Мен үшін ғалымдығымнан бұрын ата дәстүрім маңызды» деген жалынды сөзін шәкірттер санасына сіңіргеніміз жөн, – деді ол.
Шеберлік сыныптары мен психологиялық тренингтер, дөңгелек үстел түрінде ұйымдастырылған іс-шараға қатысушы мұғалімдер пәндер бойынша топқа бөлініп, ғалымдардың баяндамаларын тыңдап, дәріс алды. Өздерін толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Қызықты тақырыптарды арқау еткен семинар-кеңесті ұйымдастырушыларға еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұстаздар қауымы алғысын жаудырып, аз күнде мол тәжірибе алғандарына ризашылық білдірді.
Іс-шара соңында терең білімімен танылған маңғыстаулық Әлібек Орақов, қарағандылық Ақниет Ілиясов, солтүстікқазақстандық Юлия Яковенко, физика пәні бойынша маңғыстаулық Алмагүл Көпжасарова, информатикадан жетісулық Гүлшат Қыстаубаева ерекше белсенділік танытып, Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасы және Алғысхаттарымен марапатталды. Сонымен қатар семинарға қатысушы екі жас маман Ә.Орақов пен А.Ілиясова «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының жазғы ауысымында демалуға жолдама берілді.
Алматы облысы