Қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіп – ортақ мақсат. Осыны жалау еткен жанашырлар 400-ге жуық рейд жүргізген. Олар ойын-сауық орындарын, саябақтарды, тұрғын үйлердің аулаларын аралап, түнде жол ережелерінің сақталуын бақылаған. Күні бүгінге дейін шамамен 8 600 құқық бұзушылық фактісін тіркеген.
«Күнделікті іс-әрекетімізде мейірімділік пен адалдықты, тәртіп пен тәрбиені басшылыққа алып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтау – дамыған қоғам қалыптастырудың негізі. Біз үшін «Қауіпсіз қоғам» қағаздағы міндеттердің тізімі ғана емес, бұл – ең алдымен, болашаққа қамқорлық. Біздің әрекетіміз отандастарымыздың өмірін жақсы жаққа өзгерте алады деп сенемін. Бәріміз жұмылып, мұқтаж жандарға волонтерлік, қайырымдылық көмек көрсетуге дайынбыз», деді «Жастар рухы» төрағасының орынбасары Ақерке Ескендірова.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының басшысы Ғалым Сарғұловтың сөзінше, «Қауіпсіз қоғам» науқаны халық арасында «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес жаңа құқықтық мәдениетті қалыптастыруға сеп болады. Осы ретте министрлік жастарға заң және тәртіп туралы дәрістер өткізген. Оған қоса тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша іс-шаралар ұйымдастырған.
«Заң мен тәртіпті сақтаудың алдыңғы шебінде тұрып, біз полиция қызметкерлері өз міндетімізді орындап қана қоймай, қоғам тыныштығын қорғауды өмірлік мұратымызға айналдырдық. Біздің жұмысымыз – құқықтық тәртіпті сақтау, заң бұзушылықтарды анықтау ғана емес, сонымен қатар көпшілік күн сайын кездесетін қиындықтардың алдын алу, қоғамда сенімді қарым-қатынас орнату. Қиындыққа тап болғандарға көмектесу, түрлі дау-жанжалдың алдын алу – біз үшін жай ғана міндет емес, үлкен абырой. Отандастарымызбен бірге қауіпсіз, үйлесімді қоғам құрып жатырмыз деп сенеміз», деді Ғ.Сарғұлов.
Мәселен, Ақмола облысында полиция қызметкерлері «Жастар рухы» белсенділерімен бірге арнайы есепке алынған 1 мыңнан астам адамды тексеріпті. Нәтижесінде, ұсақ бұзақылық, ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру секілді 564 әкімшілік құқық бұзушылық фактісінің жолын кескен. Патрульдік жасақтар 250-ден астам жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайды анықтаған. Ал Петропавлда ювеналды полицейлер, учаскелік инспекторлар мен жастардан құралған мобильді топтар қаланың бірқатар мектебінде «дабыл түймелері» мен күзеттің бар-жоғын жіті тексерген.
«Бүгінде облыста «қолайсыз отбасылар» санатында 150-ге жуық шаңырақ есепте тұрса, олардың 110-ы есепке биыл қойылды. Қаңтардан бастап 62 заңды өкіл ата-ана құқығынан айырылды, 727 адам ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ювеналды полиция қызметкерлері жиі кездесетін құқық бұзушылық – жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз түнде үйден тыс жерде болуы. Жыл басынан бері осындай 2 358 дерек анықталды», деді Солтүстік Қазақстан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Айдын Байматов.