Делегацияның бірінші болып аяқ басқан нысаны – қуаты бір мезгілде 35 мың бас ірі қара малды жайлауға жететін Southern Cross Feedlot заманауи бордақылау алаңы еді. Отандық аграрийлер заманауи жабдықтармен, инфрақұрылыммен, азықтандыру әдістерімен, диірменмен, сондай-ақ осындай ірі алаңды басқару қағидаттарымен танысты.
«Бізбен бірге Қазақстанның мол тәжірибесі бар мал өсірушілері келді. Біз рацион құрамын, бордақылау әдістерін зерттедік, фермерлеріміз серіктестік жолдарын және Қазақстанда мал шаруашылығын қалай дамыту керектігін талқылады. Аустралия жерінде егін егілгенін немесе мал жайылып жатқанын көрдік, бізде де осылай болғанын қалаймыз», деді Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров.
35 мың басты бағатын мұндай фермаға инвестиция көлемі шамамен 25-30 млн долларды құрайды, қайтарымы бір-екі жылда болады, содан кейін барып қана фермер таза пайда ала бастайды. Аустралиялық фермерлердің айтуынша, 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы салынғаннан кейін қуатты одан әрі кеңейту үшін қосымша инвестициялар қажет емес.
«Мұнда бүкіл қызмет көрсету жүйесі басқаша. Мысалы, малды бөлу – бәрі толығымен автоматтандырылған. Тіпті бөлу конструкциялары да басқаша. Біздегі конструкциялар түзу, ал мұнда жануарларды қорқытпас үшін иіліп жасалған. Алаң биік орналасқан, сондықтан онда ылғал тұрақтамайды, төмен қарай ағып, арнайы дренаждарға жиналады. Осылайша, жануарлардың тұяқтары ластанбайды. Мінсіз тазалық», деп «Атамекен Агро» АҚ басқарма төрағасы Кинталь Исламов өз шаруашылығында аталған әдісті енгізуге қызығушылық танытты.
Жануарды мал бордақылау алаңына әкелген кезде құлағындағы бирка арқылы оны есепке алу үдерісі, параметрлері мен тарихы автоматты түрде оқылады. Мал сатылатын ел стандарттарына сәйкес әртүрлі бордақылау бағдарламалары бойынша бөлінеді. Бұл фермада 4 бордақылау бағдарламасы бар: ЕО елдері үшін, 150, 200 және 350 күнге. 25 тұрақты жұмысшы жұмылдырылған.
Бұл фермада мал күн сайын 1,5-2 кг салмақ қосады. Өндірістің арзандауы аустралиялық фермерлердің негізгі бөлігінде жайылымның кезектесу әдісіне, бордақылаудың үш кезеңіне, қалдықтарды толық өңдеуге байланысты болып отыр. Әр кезеңдегі шығындарды азайту және биржада жақсы ұйымдастырылған мал саудасы салынған инвестициядан мейлінше тез пайда алуға мүмкіндік береді.
Қойларды бордақылауға да ұқсас экономикалық тәсіл қолданылады. Біздің мамандар онымен Bakersfield Feedlot бордақылау алаңына барған кезде танысты. Толық автоматтандырылған жем беру жүйесі бір мезгілде 16 мың қозыны бордақылауға мүмкіндік береді, жыл сайынғы айналым – 65 мыңнан астам бас.
«Біздің өнеркәсіп алаңының ауданы – шамамен 11 мың га. Фермадағы бір жылдық мал саны – 60-тан 90 мыңға дейін. Мен еттің өнімділігіне, мәрмәрлігіне, жұмсақ болуына жауап беремін», деді бордақылау алаңының иесі Аарон Преттеджон.
Қой кластерінде жұмыс істейтін «Алакөл агро» ЖШС өкілі Ілияс Жанановтың айтуынша, отандық өндірістің әлеуеті жақсы және осындай жартылай автоматтандырылған жем беру жүйесі бізге де пайдалы болар еді.