Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен “Астананың жаңа университеті” АҚ Директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Отырысқа қатысушылар университеттің даярлық орталығында оқуға қабылдау ережелерін, оның Халықаралық консультативтік және Өнеркәсіптік кеңестерінің құрамын бекітті.
Астананың жаңа университетінің ашылуы 2010 жылдың 28 маусымына белгіленген, сол күні әріптес университеттер – халықаралық жетекші жоо-лармен әріптестік келісім-шарттарға қол қою жоспарланып отыр. Өтініш білдірген 3 мың абитуриенттің ішінен үздік деген 500 студент іріктеліп алынатын болады.
Астананың жаңа университеті ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жедел дамуды және білім беру мен ғылым жүйесін халықаралық деңгейге шығаруды қамтамасыз ету, елдің ғылыми-техникалық және инженерлік элитасын қалыптастыру үшін құрылған болатын. Жаңа жоо Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарын жүзеге асыру үдерісін кадрлар жағынан қамтамасыз ету, сондай-ақ Астананың Еуразияның бәсекеге қабілетті адами капиталы бар ғылыми-білім беру және мәдени орталығы ретінде қалыптасу міндеттерін шешуге жағдай жасау мақсаттарын көздейді.