Әдебиет • 14 Желтоқсан, 2023

«Айбоз» жеңімпаздары анықталды

146 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен биыл екінші рет ұйымдастырылған республикалық «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының қортындысы жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Айбоз» жеңімпаздары анықталды

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі ғимаратында өтті. Отандық қаламгерлерді мемлекет тарапынан ынталандыру, жаңа қазақ әдебиетіне сүбелі де сүйекті шығармалардың молынан қосылуына  ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей ұйытқы болуымен  қолға алынған бірегей жоба. Ұлттық байқаудың мақсаты – қаламгерлер мен баспагерлерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету, қазақ әдебиетінің тұғырын нықтап, жаңа белеске көтерілуіне жағдай жасау,  қаламгерлердің еңбегін насихаттап, бағыт-бағдар беру және олардың шығармашылық жұмыстарының жарық көруіне ықпал ету.

Әдеби ортаны ғана емес, тұтас қоғамдағы руханият жанашырларын елеңдеткен биылғы байқауға барлық жанр бойынша 300-ден аса өтінім қабылданған. Бұл деген сөз – қазақ әдебиетінің қанжығасы 300 жаңа туындымен толығады деген сөз. Дегенмен бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, жүз шығармаға аз. Байқау талабына сәйкес, шығармалар бұрын-соңды еш жерде жарияланбауы тиіс және соңғы сәтке дейін үміткер авторлардың аты-жөні құпия ұсталды. Байқауға төрелік жасаған қазылар алқасы жабық форматта жұмыс істеп, иесінің аты-жөні беймәлім, жұмбақ шығармаларды сараптауына тура келген.

«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы 7 номинация бойынша өткізілді.  Олар: «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік әдеби сын» және «Үздік комикс» номинациялары. Әр аталым бойынша үздік атанған жеңімпазға 5 миллион теңге сыйақы тағайындалды.

«Биыл Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қаламгерлерді қолдауға байланысты нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Күні кеше ғана қаламгерлеріміздің 24 кітабының тұсаукесері өтті. Кітап – адамның досы, байлығы. Төл әдебиетімізді соны дүниелермен толықтыратын мұндай игі бастамалардың руханиятқа, келешек жастарға берері мол», деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев.

Вице-министр кітап ісі саласындағы кейбір мәселелерге назар аударып, балалар әдебиетіне басымырақ көңіл бөлу керегін айтқан Президент тапсырмасына орай бұл тарапта нақты қадамдар жасалып жатқанын жеткізді. Ұлттық «Айбоз» әдеби сыйлығын тапсыру салтанаты алғашқы жеңімпаздың есімін «Үздік балалар әдебиеті» аталымынан іздеп, анықтаудан бастау алды. Шорт-листке енген шығармалар ішінен «Концерт» туындысымен белгілі жазушы Серік Асылбекұлы жеңімпаз деп танылды. «Үздік драматургия» аталымы бойынша «Адам ата, Хауа ана» шығармасымен Исраил Сапарбай топ ішінен оза шауып, дара келді. 106 шығарманың ішінде «Анамның құрбысы» повесімен топ жарған жазушы Қуандық Түменбай «Үздік проза» авторы атанды. «Көзімнен сүй, көбелек» өлеңімен ақын Жанат Жаңқашұлы «Айбоз» сыйлығының ең маңызды аталымдарының бірі «Үздік поэзия» жеңімпазы болды. «Үздік аударма» жүлдесі «Қасқырлар құпиясы» шығармасымен Абай Мауқараға табысталды. «Үздік әдеби сын» «Абай һәм Ницше іліміндегі Құдай, адам және автор мәселесі: үш супер мағынаның күйреуі» атты әдеби талдауы жоғары бағаланған белгілі жазушы Дидар Амантай өз тобы ішінде жүлдеге ілікті. Ал  «Үздік комикс» аталымының жүлдесі белгілі аниматор режиссер Сәлімғали Мырзашевқа берілді.

Қаламгерлердің арасындағы әділ бәсекелестікті нығайтып, оқырманға өзекті, қызық әрі заманауи шығармалар ұсынуды діттеген байқау жеңімпаздарының шығармалары баспа бетінен жарық көріп, кітапханаларға таратылады.

АЛМАТЫ