Екі турдың қорытындысы бойынша Франция мен Қазақстан ұпайдан шашау шығармай, жарыс кестесінің алдыңғы легінде қатар келе жатты. Сәрсенбіде бәрі де өзгерді. Басынан аяғына дейін алма-кезек шабуылымен өткен бәсекеде француздарға қарағанда біздің жігіттер алымды әрі қарымды көрінді. 10-минутта Дәулет Нүркенов есеп ашса, ойын бел ортадан ауғанда Егор Смолянинов екінші шайбаны қақпаға тоғытты. Үшінші кезеңде Нұркенов дубль авторы атанса, Александр Ким матчтың соңғы нүктесін қойды. Есеп – 4:0.
Осы жеңістен кейін ұпай санын тоғызға жеткізген хоккейшілеріміз жарыс кестесінде жеке-дара көш бастады. Кеше түнде жерлестеріміз Жапониямен күш сынасса, 17 желтоқсанда Аустриямен шеберлік байқасады.