Жәдігер • 14 Желтоқсан, 2023

Ілиястың ескерілмеген кітабы

270 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жетісудың қияқ пен ұшқат, жусан мен алаботасына дейін елжірей жырлаған Ілияс Жансүгіровтің мұрасының жаңа парағы ашылып отыр. Туған жерге деген перзенттік махаббаты, табиғатқа деген дарқан мейірі, парасат биігінде шалқыған көл-көсір сезімі архивтен ақтарылып жатыр. Күні кеше кинорежиссер Ербол Бораншаұлының жеке кітапханасынан құлагер ақынның төте жазумен жазылған «Өтірік» атты өлеңдер жинағы табылды.

Ілиястың ескерілмеген кітабы

Жетісу топырағында қоңы­раулатып ержеткен ержүрек қаламгер осынау тұмсамен тұтаса тірлік кешіпті. Ғұмыр сүрдегіндегі қансіңді бейнетке малынған елінің тер мен жасын шылқи басыпты. Көрген қорлығы, кешкен бейнеті біз үшін көр­ген түстей болғанымен, артын­дағы қазынасы қанкешті ғұ­мыр­дариясының мәңгілік жаң­ғырығы. Содан да болар жаңа жинақтың табылғаны ілияс­танушылар үшін ғана емес, қазақ оқырманы үшін де үлкен олжаға айналып отыр.

1927 жылы Мәскеу баспасынан шыққан кітап Ілияс Жансүгіров атындағы об­лыс­тық әдеби мұражайға өт­кі­­зілді. Бұл сүйінші хабарды мұражай меңгерушісі Нұр­гүл Жауынбаева Жетісу уни­верситетінде өткен «Жан­сү­гіров оқулары» респуб­ликалық ғылыми-практикалық конференциясында хабарлады. Оның айтуынша, бұл – бұрын-соң­ды ешкімнің қолына түспеген түпнұсқа кітап.

Жансүгіров оқуларына елі­міздің түкпір-түкпірінен келген ілиястанушы ғалымдар мен студент жастар қатысты. Бұл келелі кездесуде Ілияс Жан­­сү­гіровтің өмірі мен шы­ғар­­ма­шылығы жан-жақты тал­қы­ланды. Жиында баян­да­ма жа­са­ған филология ғы­лым­дары­ның кандидаты, қауым­дас­ты­рылған профессор Шара Қиях­метова бұрынғы зерттеу жұ­­мыс­тарында табылған бірқа­тар дүдәмал деректі атап өтті.

– Батыр Қалмырзаевтың «Ілияс Жансүгіров және «Қа­зақ» газеті» атты мақаласын­да Ілияс деп көрсеткен 1914-1916 жылдар аралығында «Қап­тағай» атты бүркеншік атпен «Қазақ» газетінде жария­лан­ған, қазақ халқының импе­риалистік соғысқа және әскери салық төлеуге қатысы туралы мақала Біләл Сүлеевке тиесілі. Ақын өмірбаянына сәйкес ол өзінің алғашқы мақаласын 1921 жылғы 22 наурыздағы «Жас алаш» газетінде «Заман­дастарына Жолдау» деп атайды. Ол туралы: «1931 жылғы «Жаңа әдебиет» журналының 6-7 санында жарияланған өмір­баянында Ілияс өзінің қа­лам жұмысына 1920 жылдан бас­тап араласа бастағанын жаз­ған, – деді Ш.Қияхметова.

Сондай-ақ ол фотоархивтерде бейнеленген тұлғалар­ды сәйкестендіру арқылы өз дә­лелін келтірді.

Пленарлық отырысқа Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Сәуле Ержанова, «Ілияста­ну» ғылы­ми-прак­ти­­­­­калық ор­талығының мең­ге­­ру­­ші­сі, профессор Мұрат­бек Иман­­ғазинов, Қа­зақ ұлт­тық қыздар педа­­го­ги­­ка­лық уни­­­верситетінің доценті Ләз­зат Әділ­­бе­кова қа­ты­­сып, Ілияс мұ­расының өзекті мәселелерін кө­­терді. Бұдай кейін Шара Қиях­­ме­това­ның «Ілияс­тану» оқу­­лығының тұсауы кесілді.

Енді әңгіме ауа­нын Ілияс Жансүгіровтің әде­би музейіне бұрсақ, 1984 жылы ақынның 90 жылдық мерейтойына орай ашылған музей үйі 40 жыл бойы үздіксіз халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде му­зей қорында 6 мыңнан астам ақынның өмірі мен шығар­машылығына қатысты құнды жәдігер сақталған. Жылына 10 мыңға жуық көрермен музей жұмысымен танысып, тамашалайды. Мектеп оқушылары мен студенттер көптеп келіп, ақын Ілияс Жансүгіровтің өмірімен, шығармашылығымен танысып, оқу-танымдық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырады.

– Музей қызметкерлері іс-сапарға шығып, сирек қорлар мен архивтермен жұмыс істеп, деректер жинақтап, музей қорын толықтырады. Жыл са­йын ақынның туған күнін, репрессия құрбаны болған азалы күндеріне арналған ақынды еске алу жиындарын өткізу дәстүрге айналған. Әрдайым түрлі тақырыптарда кездесулер мен мерекелік іс-шаралар, мүшәйралар мен байқаулар, дөңгелек үстелдер мен поэ­зиялық кештер өткізіледі. Биыл­ғы жылы музейімізде елі­міздің еңбек сіңірген геоло­гі, ұлт әдебиеті мен тари­хы­ның жанашыры, ақын Ілияс Жан­сүгіровтің ұлы Саят Ілияс­ұлының туған күніне орай «Тектіден қалған тұяқ» атты жаңа экспозиция ашылды. 2023 жылдың 26 қыркүйегінде Алматы қаласындағы Ұлт­тық кітапханада Фатима Ға­би­тованың туғанына 120 жыл толуына орай «Өртеңде өн­ген гүл» атты кітабының толықтырылған нұсқасы­ның тұ­саукесер рәсімі өтті. Атал­ған кітап музей қорына алынды. Сонымен қатар ақынның ұрпақтарымен кездесу барысында Ілияс Жансүгіровтің кенже ұлы, режиссер және сце­нарист Болат Ілиясұлының жеке заттары музейге тапсы­рылды, – дейді музей мең­ге­рушісі Н.Жауынбаева.

Келесі жылы ақынның 130 жылдық мерейтойы мен әдеби музейінің ашылуына 40 жыл толады. Осы орайда музей үлкен дайындықпен ауқымды жоспарлар құрып отыр. Атап айтқанда, жер жәннаты Жетісу өңірін шексіз сүйіп, жырлаған жыр жампозының аса бай шы­ғармашылық мұрасын бү­гінгі жас ұрпаққа насихат­тау мақсатында ақынның пей­заж­дық лирикасына жататын «қазақ поэзиясындағы ұлы жаңалық» болған аса көр­кем шығармасы «Жетісу суреттері» өлеңіне диорама жасау, «Ақиық ақын Ілияс» атты облыстық ғылыми конференция мен Астана қаласындағы ақынның есімі берілген №58 мектеп-гимназиясына «Ілияс ақынның мұрасы» атты жылжымалы көрме ұйымдастыру, Саят Ілиясұлының әкесі туралы жазылған естеліктерінен жинақталған кітап шығару, Болат Ғабитовтың «Асылдың сынығы» атты жаңа экспозициясын ашу жоспарланған.

Иә, құнды құжаттар мен мән­ді мәліметтерге толы Ілияс Жансүгіровтің әдеби му­­­зейі жастарды білім нәрі­мен сусындатып қана қой­май, қай­раткерінің өмір белес­те­рінің беймәлім сырларына қанықтыратын киелі орын. Қа­шанда қазақ халқы барын бағалап, ұрпағына сапа­лы білім беріп, тәрбиелей біл­ген. Музей, әсіресе жас ұр­пақ үшін өте бағалы мекеме. Музейден алған мәліметтер арқылы келуші жастар білі­мін бекіте түсетіні анық. «Біз­дің музейге келушілер ара­сында шетелдіктер және елі­міздің әр өңірінен мейман­дар жәдігерлерді көзімен кө­ріп, өткен өмірдің бір бе­­ле­сін сезінгендей болып, риза­шылығын білдіріп жа­­тады. Бұл да болса му­зей қыз­меткерлерінің еңбе­гі­не бе­рілген жақсы баға ­деп тү­сі­неміз», дейді Н.Жауын­баева.

Жақында музейге Қытай Халық Республикасы Тар­бағатай аймағы Шәуешек қа­ласы Толы ауданының тұр­ғыны, Шынжаң композитор­лар одағының беделді компози­торы Думангүл Мұратжан­қызы келген екен. Сапарының себебі Қытайда газет бетінде Ілияс Жансүгіровтің 1926 жылы жарық көрген «Бөбек бөлеу» (Ана жыры) өлеңін оқып, қайран қалады. Жырдан әсер алғаны сонша, композитор сол өлеңге әуен шығарады. Композиция қытайлықтарға ерекше ұнайды. Тіпті арнайы үлкен марапатқа да ие болады. Сол шығарған туындысын атамекеніне келіп, музей қорына тапсырып кетіпті.

 

Жетісу облысы