Кітапхана • 15 Желтоқсан, 2023

Ясауи кітапханасы ашылды

168 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында елорда төрінде орналасқан Юнус Эмре түрік мәдениет орталығында Қожа Ахмет Ясауи кітапханасының ашылу рәсімі өтті. Оған Түркия Республикасының Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу және Парламент Мәжілісінің депутаттары мен астаналық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ясауи кітапханасы ашылды

Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы туысқан екі ел – Түркия мен Қазақстан арасында тығыз мәдени байланыс орнату мақсатында осыдан он шақты жыл бұрын кіндік қалада ірге тепкен болатын. Содан бері тұрақты түрде көрме, концерт, қолөнер үйірмелері, конференциялар секілді әрқилы мәдени іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Орталықтың бүгінгі таңдағы жетістігі – қала тұрғындарына рухани қызмет көрсету мақсатында Қожа Ахмет Ясауи бабамыз атында кітапхана ашуы. Бұл кітапхана қорына түрлі тақырыпты қамтитын 3000-нан астам түрік, қазақ, ағылшын, орыс тіліндегі әдеби кітаптар, энциклопедиялар, сирек кездесетін сөздіктер һәм балаларға арналған туындылар жинақталыпты.

– Қаншалықты дамыған технология дәуірінде өмір сүріп жатсақ та, классикалық кітапхана мен кітаптың орны ерекше. Оның сыртында жастарымыз шет тілдерін ойдағыдай меңгеріп, шетелдің түрлі университеттерінде білім алып жатыр. Ғылыми диссертациялық жұмыс жазу үшін, әсіресе шет тілде жарық көрген академиялық материал табу оңай емес. Біз осы кітапхана арқылы теңізге тамған тамшыдай болса да, елордалық оқырмандарға қызмет көрсетсек деген ойдамыз. Әрі алдағы күндері түрлі кездесулер, кітап таныстырылымы, ғылыми іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Ел көлеміндегі кітапханалармен тығыз байланыс орнату жоспарда бар, – дейді орталық басшысы Алмагүл Исина.

Тұсаукесерде Мәжіліс депутаты Абзал Құспан: «Қазақта «түбі бір түркі» деген жақсы сөз бар. Бұл сөз­дің мән-маңызы өте кең. Сондай-ақ кітапханаға есімі беріліп жатқан Қожа Ахмет Ясауи бабамыз – күллі түркі халқына ортақ тұлға. Осы орайда бірлігімізді, ынтымағымызды бекемдеп жатқан бүгінгідей оқиғаның көп болғанына тілектеспін», деді. Түркиялық елші Мұстафа Капуджу аталған кітап­хананың ашылуына үлес қосқан һәм бастамашы болған ерлі-зайыпты Нурфер және Тансел Терджандарға алғысын білдіріп, сөзінің соңында: «Бұл кітапхана Қазақ­стан мен Түркия арасындағы рухани-мәдени қарым-қатынасқа көпір бола­ды деген нық сенімдемін», деді.

Түркия елшісі алғыс білдірген отба­сылық жұп Нурфер және Тансел Терджандар қазір Астана қаласында тұрады. Бұл түркиялық ерлі-зайып­ты­ның әрекеті құптарлық һәм басқаға үлгі боларлық дүние екені анық. Біз өз кезегінде елордалықтарға рухани қазына сыйлаған Нурфер Терджан ханымды сөзге тарттық.

– Отағасы Тансел Терджан екеуміз 2016 жылдан бастап Астанада тұрамыз. Мамандығым – әлеуметтанушы. Ғылыми атағым – PhD. Түркияның алдыңғы қатарлы Богазичи университетін бітірдім. Қазақстанға келіп Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторан­турасын тәмамдадым. Қазіргі таңда Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқы­ту­шымын. Жұбайым Тансел Терджан да ғылыммен айналысады, профессор атағы бар. Жақында туризм саласы бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доктор­лық дәрежесін алды, – деді ол.

Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи бабамыз атында кітапхана ашып, оны жабдықтауға не түркі болғанын айтты. «Күйеуім екеуміздің өміріміз ғылым­мен етене байланысты, кітапты өте жақсы көреміз. Юнус Эмре түрік мәдениет орталығымен тығыз байланыстамыз әрі жақын көршіміз. Әр кез барғанда орталықта кітапхана қажет екенін сезіндік. Өйткені кітапсыз білім жоқ. Оны өз басым ғылыми еңбек жазу барысында академиялық материал табудың қиындығын бастан өткердім. Сөйтіп, мұндай оқиға білім алушы қазақ жастарының алдынан шығарын түсіндім. Нәтижесінде, күйеуім екеуміз орталықтың оқу залын қайтадан жабдықтап, кітапхана ашып бердік. Осы ісіміз үшін өзімізді бақытты сезінеміз. Оның сыртында біздің әулет ежелден Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың шәкірті Юнус Эмренің руханиятын қадір тұтатындар қатарында болды. Ата-анам бізді жасымыздан Юнус Эмре іліміне баулыды. Сондықтан осы кітапхананы әке-шешеміздің құрметіне һәм олардың алдындағы перзенттік борышымызды өту үшін жасаған әрекетіміз десек те болады», деді Нурфер Терджан.

Ол ғұлама-ғалым Әл-Фараби бабамыз туралы «Послание ветра. Аль-Фараби» атты кітап жаздым. Бұл кітап бабамыздың 1150 жылдығы қарсаңында жарық көрді. «Одан кейін 2021 жылы Әл-Фарабидің «Китаб әл-мусики, әл-кабир» атты музыка теориясына арналған еңбегін Ыстанбұл университеті араб тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, Фараби орталығының директоры, профессор Абдуллах Қызылжыкпен бірге арабшадан түрікшеге аудардық. Кітап­­тың таныстырлымы Түркі мәде­ние­­ті­нің халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) қолдауымен Анкара орта­лық кітапханасында өтті. Дәл қазір ұлы ғұлама еңбектерін ағылшын тіліне ауда­рып, еуропалықтарға таныс­тыру мақ­са­тын­да жұмыс істеп жатырмын»,  деді ол.