Сарыөмірде – дәрігерлік амбулатория
Бұрынғы екі ауданды біріктірген, Жайық өзенін бойлай жүзден аса шақырымға созылып жатқан Теректі ауданы – Батыс Қазақстан облысындағы іргелі өңір. Тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл аудан – қай кәсіппен шұғылдануға да қолайлы мекен. Ауданның негізі локомотиві агросектор болса, оның қос қанаты – егін мен мал шаруашылығы қатар дамып келе жатыр. Диқан қауымы озық технологияны қолға алып, саннан сапаға көшсе, ауылда мал басы да ерекше көбейіп келеді.
Ал енді осы шаруаның бәрін дөңгелетіп отырған ауыл халқының әлеуметтік жағдайы қандай? Сараптап қарасақ, Теректі ауданы құрамындағы 15 округте 40 мыңға тарта тұрғын бар екен. Аудан бойынша 24 елді мекен ауыз сумен, 96 пайыз ауыл газбен қамтылған. Шынын айту керек, кейінгі жыл елімізде ауыл халқына мемлекет тарапынан ерекше қолдау, қамқорлық сезілген кезең болды. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардан көріп, куә болып отырмыз. Теректі ауданында бір күнде пайдалануға берілген үш нысан – соның айғағы.
«2023-2025 жылдары Батыс Қазақстан облысында 50 медициналық нысан салынсын». Бұл – өткен жылдың соңында Үкімет қаулысымен қабылданған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты ұлттық жобасының тапсырмасы. Міне, қазірдің өзінде өңірде 12 нысанның құрылысы басталып, бесеуі халық игілігіне беріліп те үлгерді. Олардың кейбірін газетімізге жаздық та.
Ал бүгінгі алтыншы нысан Сарыөмір ауылының маңдайына бұйырған екен. Сарыөмір – тек Теректі ауданы емес, Батыс Қазақстан өңіріне танымал ерекше елді мекен. «Дала теңізі» атанған Шалқар көлінің жағасында тұрған ауылдың болашағы зор. Жаз күндері мұнда күн сайын 2 мыңдай турист демалуға келеді. Оқушылардың жазғы демалыс лагері де осында. Ауылдың тағы бір туристік нысаны – Сасай тауында қысқы шаңғы спортын дамытуға, көпшілік сырғанақ демалысын ұйымдастыруға арналған жобалар да айтылып жүр. Орал қаласымен арадағы 90 шақырым жол асфальтталған. Биыл жазда сәулетті мешіт бой көтеріпті. Ал кітапсүйер қауым белгілі жазушы, осы жердің перзенті Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясынан бұл топырақтың тарихы мен табиғатына қанық та шығар.
«Біз бұған дейін 1968 жылы салынған ғимаратта қызмет еттік. Ол ескі әрі тар еді. Жалпы, біздің Шалқар округінде 1 550 тұрғын болса, оның ішінде бала өрбіту жасында 218 әйел, 1 жасқа толмаған 24 сәбиіміз бар. Жалпы, жаңа ғимаратқа өте мұқтаж едік. Қуанышымызда шек жоқ», дейді Сарыөмір ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Алмагүл Салахиева.
«Фирма ИСКОМ» ЖШС 4 айға жеткізбей салып шыққан ғимаратты аралап көрдік. Жылы да жарық бөлмелер сыңғырлап тұр. 8 адамға арналған күндізгі стационар, барлық жабдығы орнатылған стоматология кабинеті, анализдер зертханасы, процедуралық, физиотерапевтік кабинеттер, акушер-гинеколог кабинеті, дәріхана, тағы басқа емдеу бөлмелері бар. 374 млн теңгеге жуық республикалық бюджет қаражатына салынған отбасылық-дәрігерлік амбулатория күніне 35 адам қабылдай алады екен. Мұнда 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
– Өмірде тартып та, сатып та, тауып та, сұрап та ала алмайтын ең басты байлық – денсаулық. Ауылдастарым мына Шалқар көліндей шалқып, қуанып жатыр. Енді сәл сырқаттансақ, анализ тапсыру үшін ешқайда сабылмаймыз. Елдің атынан алғыс айтамын. Енді осы мекемеге білікті дәрігер тартылса екен, – дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Жантемір Тасқалиев.
Маман демекші, жоғары білімді дәрігер Батыс Қазақстан облысында қасқалдақтың қанындай қат болып тұрғаны рас. Дәл осы Сарыөмір амбулаториясына да жоғары білімді дәрігер керек, зертханаға маман лаборант керек. Әзірге Еңбек ауруханасынан маман дәрігер аптасына 2-3 мәрте келіп, қабылдау өткізіп тұрмақ.
– 2023 жылдың басында біздің облыста 279 маман-дәрігердің орны бос тұрды. Содан бері көп жұмыс атқарылды. Біріншіден, резиденттердің оқуына грант бөлінді, қазір 18 адам резидентурада оқып жатыр. Одан бөлек, облыс бюджетінен бакалаврға 66 грант берілді. Өңірге жаңадан келген мамандарға 5 млн теңгеден біржолғы үстемеақы бөлдік. Қазір облысқа 115 маман келді, соның 48-і аудан-ауылдарға орналасты. Әрине, енді Сарыөмір ауылына да тұрақты маман керек, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов.
Сарыөмір ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің өзі келді. Өңір басшысы ауыл халқын алдағы Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасымен атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы жергілікті атқарушы органдардың алдына тапсырма қойып, ауылдық жерді дамыту мәселесін қатаң қадағалап отыр. Әрбір тұрғын мемлекет қолдауын сезінуі керек. Биыл облыста қыруар жұмыс атқарылды. Жақында 1,7 млрд теңгеден аса қаражат бөліп, су жаңа 81 «Жедел жәрдем» көлігін алдық. Соның бірі осы Сарыөмірге тиіп отыр. Жаңа ғимараттардан бөлек, өңірде 1,733 млрд теңгеге жуық қаржыға 22 дәрігерлік нысанға күрделі жөндеу жүргіздік. Оның сыртында 5,5 млрд теңгеге 204 бірлік медициналық құрал-жабдық сатып алдық. Осының бәрі – ауыл тұрғындарына көмек. Ауыл халқы сәл сырқат үшін аудан орталығына, қалаға сабылып жүрмеуі керек. 2024 жылы 25 млрд теңге тек қана медициналық құрал-жабдыққа бөліп жатырмыз. Ал өңірге келген дәрігерлерге біржолғы көтермеақы көлемін 2,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін көтердік. Келесі жылы 5-8 млн теңге төлейміз. Егер ерлі-зайыпты маман келсе, 16 млн теңге ала алады. Біз, осылайша, ауылда дәрігер тапшылығын түбегейлі шешу үшін жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Нариман Төреғалиұлы.
Айтпақшы, дәрігерлік амбулатория құрылысына ауыл тұрғындары да ерекше көмектесіпті. Ондағы мақсат ауылдағы жұмыссыз жастар еңбек етіп, ақша тапса, екіншіден, олар өз ауылының игілігіне жарар құрылыстың сапалы салынуын қадағалап та жүріпті. Салтанатты жиында мердігер компания өкілі Арман Жантөриев Нұрлан Ғалымжанұлы, Нұртай Жанұзақұлы, Нұрғали Нәсіпқалиұлы, Төрехан Берікұлы, Дәулет Бақытжанұлы, Асылхан Ұзақбайұлы сынды ауыл азаматтарына алғысхат тапсырып, ақшалай сыйлық берді.
Үлкен Еңбекте – негізгі мектеп
Теректі ауданының Ақсоғым ауылдық округіне қарайтын Үлкен Еңбек ауылы бұрын Восход аталған. Тәуелсіздіктің таңсәрі жылдарында ауыл қиын жағдайды бастан кешірді. Көп халық үдере көшті. Әлеуметтік нысандар азып-тозды. Ауылдағы негізгі мектеп ғимараты 1964 жылы салынған екен. Президент халыққа Жолдауында нақты тапсырма беріп, «апатты мектептер, үш ауысымды мектептер мәселесін жедел шешу» туралы айтқан соң, 2023 жылы Батыс Қазақстан облысында 27 мектеп құрылысы басталып кеткен еді. Соның бірі Үлкен Еңбек ауылына тигенде, ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады.
– Бұл мектеп біздің ауылға, біздің тірлігімізге, бала-шағамыздың өміріне, әсіресе мұғалімдердің өміріне үлкен серпіліс, ұмтылыс әкелді. Ертеңгі күнге сенім әкелді. Көріп отырмыз, кейінгі жылдары ел үшін, ауыл үшін жақсы жағдай жасалып жатыр. Шынын айтайықшы, бір жылдары сенімнен айырылып, есеңгіреп қалған кездер де болды ғой. Кейбір ауылдар жоғалып та кетті. Шүкір, ауылдастардың бірлігінің арқасында қиын кездерден өттік. Қазір газымыз бар. Құдықта су бар, құбыр да келе жатыр. Жол салынды. Ендігі жастарға тек жұмыс істеу керек, – дейді ауылдың байырғы тұрғыны, ардагер ұстаз Күләш Аманжолова.
Шынында да, ауылдың кіреберісінде бой көтерген жаңа мектеп ғимараты көз тартады. Жаңа ғимаратта 10 оқу кабинеті, соның ішінде біріктірілген химия-биология, физика-математика, тілдер, информатика және бастауыш сыныптар кабинеттері бар екен. Бұған қоса 2 шеберхана, спортзал, кітапхана, асханамен жабдықталған. Жаңа ғимаратта ауылдың 45 тұрғыны жұмыс тапқан.
– Біз шағын жинақты мектеппіз, 23 ұстаз, 43 оқушымыз бар. Мектепалды даярлық бөліміндегі 10 баланы қосқанда, 53 баламыз бар. Ұстаздар құрамы толық, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модераторлар бар. Ұжымның 70 пайызы – категориялы, – дейді Еңбек негізгі мектебінің директоры Өркен Бижанов.
Осы мектептің байырғы қызметкерінің бірі, 31 жылдық еңбек өтілі бар Рая Нұртаевамен де сөйлестік.
– Бұрынғы ғимаратымыз шағын әрі көнелеу болды. Бірақ ол кезде де жаман болған жоқпыз. Мектепте 160-қа дейін оқушы болатын. Балалар сыймай, есіктің қыр көзіне дейін тізіліп отырушы еді. Кейін келе азайды. Қазір жоғарғы 8-9-сыныптарда үш-ақ оқушыдан бар. Бірақ бастауыш сыныптар көбейіп келеді. 2-сыныпта 8 оқушы, даярлық тобында 10 бала бар. Мектебіміздің екінші тынысы ашылып, қайтадан оқушы көбейетініне сенемін, – дейді Рая Амангелдіқызы.
– Бұл осы ауылда 50 жылдан кейін салынып тұрған жаңа мектеп ғимараты екен. Өркениетті елдер қатарына қосылу үшін бізге білімді ұрпақ керек. Ауыл мен қала балаларының білім айырмашылығы болмауға тиіс. Бұл – Мемлекет басшысының өзі талап етіп отырған мәселе. Бүгін шағын ауылдың үлкен қуанышына ортақтасайын деп арнайы келдім. Елімізде білім саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ұстаздардың жалақысы 100 пайыз көтерілді. Енді тәрбиешілердің жалақысы өсіп жатыр. Аз қамтылған, осал топ балаларына тегін тамақ беріледі. Осының бәрі – мемлекеттің қамқорлығы. Биыл Батыс Қазақстан облысында бір жылда 27 мектеп құрылысын бастадық. Соның 17-сін биыл бітіреміз. Қазір 12 мектепті салып, тапсырдық. Енді ұстаздар қауымынан сұрайтыным, жас ұрпаққа сапалы білім беріңіздер! Осы мектептен білім алып шыққан жастар еліміздің айтулы азаматтары болсын! – деді облыс әкімі Н.Төреғалиев.
Бұдан кейін ауылы үшін жаны ауыратын кейуананың сөзіне құлақ түрдік.
– Осы қуаныштың бәрі республикадан бері қарай басшылықтың бірлігінің арқасында болып жатыр. Мұндай үлгілі істер бірлікпен ғана бітсе керек. Соның қадірін білейік. Бір-бірімізді қолдап жүрейік. Жақсы өмір сүрейік. «Адал әрекетке – баянды берекет» дейді халқымыз. Біздің ауылда ұрпақтар сабақтастығы жақсы сақталған. Бұрын көне мектепте қызмет еткен кәрі мұғалімдердің балалары қазір жаңа мектепте білім беріп жүр. Керемет қой! Ел азбасын, ауыл тозбасын. Күннен күнге жағдайымыз жақсарып келе жатыр. Енді бір өтінішім, жас мұғалімдер кешке дейін алаңсыз еңбек ету үшін балабақша керек. Кейбір ауылдастар баласын Ақжайыққа сүйрейді. Кейбірі үйде қалады. Неше түрлі оқиғаны естіп жатамыз. Құдай сақтасын, сондықтан қауіптің алдын алу керек, – дейді өңір басшысының білегінен ұстаған кәрі ұстаз Күләш Смағұлқызы.
Абай ауылында – Абай мектебі
Жоғарыда айтылған 27 мектептің бірі Абай ауылындағы Абай мектебінің ғимараты екен. Ақжайық ауылдық округінің құрамына кіретін шағын елді мекен де – Жайықты жағалай орналасқан жайлы қоныстың бірі. Әу баста мектеп 1952 жылы ашылған. Көне ғимараты 1974 жылы салынып, небәрі 60 орынға есептелген, спортзалы, акт залы жоқ болатын. 2023-2024 оқу жылында барлығы 132 оқушы білім алса, оларға 30 педагог маман сабақ беріп жатыр.
«Жаиксельстрой» ЖШС салып шыққан 108 орындық жаңа ғимаратта 9 оқу кабинеті бар. Соның ішінде біріктірілген химия-биология, физика-математика, қазақ тілі, орыс тілі, шетел тілі, мультимедия кабинеттері қарастырылған. Сонымен қатар 2 шеберхана, 1 спортзал, 8 орындық оқу залы бар кітапхана, 48 орындық асханамен жабдықталған. Мектеп құрылысына 807 млн теңге жұмсалған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев егемен елдің келешек ұрпағына үлкен сенім білдіріп, «Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу – бұл аса маңызды мемлекеттік міндет. Еліміздің болашағы дарынды, отаншыл жастардың қолында болуы керек» деген еді. Осыған орай мемлекет тарапынан Президентіміздің тапсырмасына сәйкес біраз күрделі мәселе қолға алынды. Жыл басынан бері облыста 10 мектепті қолданысқа берген едік. Жаңа ғана Үлкен Еңбек ауылында 60 орындық негізгі мектеп ғимаратын аштық. Енді, міне, Абай мектебінің де тұсауы кесілмек. Жыл соңына дейін тағы 5 мектеп тапсырылады, – деді Н.Төреғалиев.
Өңір басшысы келер жылы Абай мектебінің айналасын қоршап, абаттандыру үшін облыс бюджетінен қаржы қарастырылатынын айтты. Жаңа мектеп ғимаратының ашылу салтанатында осы білім ордасының ардагері Ерболат Қапезұлы Қарағойшин тебіреніп сөз сөйледі.
– Қадірменді ауылдастарым, бүгін – Абай ауылындағы Абай мектебі ұжымы үшін де, бүкіл ауыл үшін де үлкен қуаныш. Бұл – біздің ауылда 71 жылдан кейін қайталанып отырған зор қуаныш. Балаларымыз біз армандаған жаңа мектепте оқитын болды. Құрметті ұстаздар, мен бүгін сіздерге үлкен аманат тапсырғым келеді. Ол аманатым – болашақ жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беріп, оларды мейірімділікке, қайырымдылыққа тәрбиелеп, жаңа әділетті Қазақстанды құруға үлкен үлес қосатын ұрпақ дайындасаңыздар екен деймін! Қиын да қызығы мол қызметіңізге толағай табыс тілеймін. Сіздерді қуантатын шәкірттеріңіз көп болсын! – деді қарт ұстаз.
Осы сапарда Нариман Төреғалиұлының аузынан естігеніміз, өңірде «Қаладан – ауылға» атты жаңа бағдарлама қолға алынбақ екен. Оның мәнісі – ауылдық елді мекендердің әлеуметтік жағдайын көтеріп, халықты тұрақтандыру.
– Біз болашақта әлеуметтік нысандарды, тұрғын үйлерді қаладан емес, ауылдардан көптеп сала бастаймыз. Мысалы, спорт кешендері барлық 12 ауданда салынды. Енді үлкен елді мекендерде салуға кірісіп жатырмыз. Мұндай спорт кешені жоқ жерлерде ауыл мектебінің спортзалдары кешкісін жастарға ашық болады. Ауылдарға тұрғын үй саламыз, жол апарамыз, су апарамыз. Алдағы 10-15 жылда біздің мемлекетіміз адам танымастай өзгереді. Жақсылықты айта жүрейік! – дейді өңір басшысы.
Батыс Қазақстан облысы