Қоғам • 16 Желтоқсан, 2023

Әлеуметтік көмек арта түседі

140 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ежелден жалғасқан жетім мен жесірін жылатпаған ата салтының жүлгесі үзілген жоқ. Бүгінде олар «асыраушысынан айырылғандар» деген санат бо­йынша мемлекеттің әлеуметтік қамқорлығы мен игілігін көріп отыр. Сонымен бірге мүгедектігі бар жандарды да жарылқау – әлеуметтік маңызды мәселе.

Әлеуметтік көмек арта түседі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері мүгедек­тігі бар және асыраушысынан айырыл­ғандарға мемлекеттен берілетін әлеумет­тік жәрдемақыларды (МӘЖ) төлеуге рес­пуб­ликалық бюджеттен 479 млрд теңге жұм­салған. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу бойынша 59,4 млрд теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер жүргізілген.

«Мемлекет басшысы 2023 жылғы 7 маусымда Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заңға қол қойған (2023 жылғы 12 тамызда күшіне енді). Факультативтік хаттаманы қабылдау – БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің Қазақстан азаматтарының жеке өтініш­терін қарау құзыретін мойындау. Биыл шілдеден бастап «Әлеуметтік кодекс» күшіне енді, онда барлық азамат үшін әлеуметтік қорғау саласында тең құқық­тар мен мүмкіндіктер көзделген», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Сала мамандарының айтуынша, Әлеуметтік кодекс мүгедектігі бар адамдар­ды әлеуметтік қолдауға айтарлық­­тай сеп­­тігін тигізіп отыр. Мәселен, биыл 1 шіл­­деден бастап І топтағы мүгедек­­тігі бар жандарға күтім жасайтын адам­­дар­ға мүгедектігі бар балаларды тәрбие­леп отырған ата-анаға немесе бала асы­рап алушыға (қамқоршысына) төленетін жәрдемақылардың мөлшері 14,5%-ға ұлғайтылды. Сондай-ақ еңбек ету қабі­летінен айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры­нан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5%-ға артты. Жыл басында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер мөлшерінің 8,5%-ға ұлғаюын ескере отырып, жылдық мәнде олардың мөлшері 23%-ға өсті.

2023 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша мүгедектігі бар адамдар бойынша МӘЖ алушылар саны – 535,4 мың адам, ал асыраушысынан айырылғандар 187,4 мың адам болған. Мүге­дектігі бойынша МӘЖ мөлшері мүге­дек­тіктің тобына және тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байла­нысты болады.

«Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері қайтыс болған асыраушының қарамағын­дағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты белгіленеді. Сонымен қатар мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдем­ақы­лардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаң­тардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5%-ға өсті, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап орташа есеппен 14,5%-ға қосымша арттырылды. Мәселен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері І топқа – 89 248 теңге, ІІ топқа – 71 398 теңге, ІІІ топқа 48 681 теңге болды», дейді министр.

Бұған қоса міндетті әлеуметтік сақ­тандыру жүйесіне қатысушыларға әлеу­меттік тәуекелдер туындаған жағдай­да МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүргі­зе алады. Мәселен, биылғы 11 айдың қоры­тын­дысы бойынша 98,8 мың адам еңбек ету қа­бі­летінен айырылу бойынша, ал 63,4 мың­ға жуық отбасы асыраушысынан айы­рылу бойынша әлеуметтік төлем алып отыр.

Осылайша, биылғы әлеуметтік пакет­тердің өсуіне қарап, қоғамдағы әлсіз топтардың әлеуеті артып келе жатқанын пайымдауға болады. Өткенге өкпе жоқ. Келер жылы да кем-кетіктің орны тола түсеріне сенім мол.