Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Қаламқас-теңіз, Хазар» және Әуезов кен орындарын игеруге жауапты «Kalamkas – Khazar Operating» компаниясының басшылық құрамымен кездесті. Кездесуге компанияның бас директоры Құрманғазы Исқазиев және жобаның әлеуетті серіктестерінің өкілдері, «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Андрей Решетнев, «KCOI» Rosetti Marino» ЖШС атқарушы директоры Мирко Боргези, Ilf/Doris ЖШС сату және маркетинг жөніндегі вице-президенті Бардон Франсуа, GPS «Oiltec» ЖШС және «Global Process Systems» консорциумының басшысы Браунхилл Мартин қатысты. Сондай-ақ «МРТС» АҚ бас директоры және акционері Владимир Дурнин, «CNGS Engineering Ltd» акционері Сергей Вандер, «Ersai» ЖШС бас директоры Пак Артур, «ILF Kazakhstan consulting engineers» ЖШС бас директоры Талғат Теміржанов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ірі мұнай-газ жобалары департаментінің бөлім бастығы Әлібек Жайқанов қатысты.
Каспий теңізінің Қазақстан секторында орналасқан «Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов» кен орны стратегиялық маңызға ие. 1707,17 шаршы метр аумақты алып жатқан ірі қазба орны. Оны пайдалану құқықтарына байланысты 2023 жылы қаңтарда Энергетика министрлігі мен «Қазмұнайгаз ҰК» АҚ арасындағы тікелей келісім жүргізілді. Іс барысында 2023 жылы ақпан айында «Kalamkas – Khazar Operating» компаниясы құрылып, Энергетика министрлігі мен «Қазмұнайгаз ҰК» АҚ өзара кен орнында 45 жыл мұнай өндіру туралы келісімге қол қойды.
«Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары А.Решетнев «Қаламқас-теңіз және Хазар» кен орнын алдын ала базалық жобалау аяқталғанын, Теңіз платформасының құрылысын 2024 жылдың соңында бастау және жоба аяқталған соң жылына 4 млн тонна мұнай өндіру жоспарланғанын айтты.
– Мұндай жоба Маңғыстау облысында алғаш рет жүзеге асырылып жатыр. Біз құрылыс барысында екі мың жұмыс орнын құруды көздеп отырмыз, ал құрылыс аяқталғаннан кейін 300-ге дейін адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Біздің мақсатымыз – жобаны 2028 жылдың екінші тоқсанының соңында немесе 2029 жылдың бірінші тоқсанының басында аяқтау. Біз сондай-ақ кен орнында жұмыс істейтін жас мамандарды оқытуды жоспарлап отырмыз, – деді Андрей Решетнев.
Бұл кен орнындағы мұнай ресурстарының жалпы қоры 81 миллион тоннаға бағаланады. «Қаламқас-теңіз» жобасы шеңберінде жағалаудан 64 шақырым қашықтықта металл конструкциялардан теңіз платформаларын құру көзделеді. «Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов» кен орындарын игеру жөніндегі жоба шеңберінде 6 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестициялар тарту жоспарлану үстінде. Ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясы осы жобада шетелдік стратегиялық серіктес болады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін жақсарту шаралары туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл отандық және шетелдік инвесторлар жүзеге асыратын инвестициялық жобалардың осы өңірдің ғана емес, бүкіл елдің экономикалық әлеуетін арттырудағы маңыздылығын көрсетеді. Бұл жоба шешуші рөл атқарады, мен оған жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Болашақ қатынастарды жақсарту үшін барлық қажетті қадамдарды, соның ішінде экологиялық заңнаманы сақтауды, тығыз жұмыс байланыстарын дамытуды және өндірістік қауіпсіздікке жауапты болу керек екенін айтқым келеді. Біз біліктілігі жоғары жергілікті мамандарды тартуға, сондай-ақ қосымша дағдыларды қажет ететіндерді даярлау мен оқытуға ұмтыламыз, – деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.
Маңғыстау облысы