Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
80 млн тонна межесіне алғаш рет 2011 жылы жетсек, аса берекелі өндіріс 2018 жылы тіркелді – 90,3 млн тонна. 2024 жылдан әрі қарай жылына 100 млн тонна өндіреміз деген жоспар да бар. Жалпы, 30 жыл бедерінде мұнай өндірісі 3,5 есе артты. 2021 жылғы дерек бойынша, әлемде мұнай өндіру бойынша 13-орында, дәлелденген мұнай қоры бойынша 12-орындамыз. Барланып, дәлелденген мұнай қоры 3,9 млрд тоннаға тең екен. Жалпы, экспорт құрылымындағы мұнай үлесі 50 пайыздан асады. Тиісінше, республикалық бюджеттің тең жартысына жуығы мұнай-газ саласынан түскен табыс есебінен қалыптасып отыр. Мұнайдың 96 пайыздан астамы мұнай құбырлары арқылы және жалпы көлемнің 70 пайызы Еуропа елдеріне бағытталатынын да айта кетелік. Италия, Нидерланд сияқты елдер – басты тұтынушыларымыз. Соңғы жылдары Қазақстан мұнайын сатып алуда Қытай үлесі артып келе жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында CNPC директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулянмен кездесіп, ынтымақтастық мәселесін талқылауы да бекер емес. Мемлекет басшысы барлау және өндіру ісін жалғастырудың маңыздылығына және Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру жайына тоқталған. Сонымен қатар қазақ мұнайының ҚХР-ға экспортталуы да кеңінен қозғалыпты.
Қазір ел аумағында жұмыс істеп тұрған мұнай кен орындарының саны 200-ден асады. Олардың көбі Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының аумағында орналасқан. Алынатын қорлары бойынша ең ірі кен орындары санатына Теңіз (0,75-1,125 млрд тонна), Қарашығанақ (1,2 млрд тонна), Өзен (1,1 млрд тонна), Қаламқас (67,6 млн тонна) және Жетібай (68 млн тонна) кеніштері жатады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 7,3 млн тонна мұнай сатсақ, қазіргі экспорттық әлеует 64,3 млн тоннаны маңайлайды. 2022 жылы мұнай-газ секторы Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджеттерге жиынтық 9 трлн теңге табыс түсірді. Соның арқасында білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салаларын жеткілікті қаржыландыру жүзеге асты. Жалпы, құрылғалы бері Ұлттық қорға 200 млрд доллар түскен. Бұл – мұнай салығынан түскен сома.
«S&P Global пікірінше, Қазақстанға болашақта жаһандық капиталдың шектелуі жағдайында барлау мен өндіруді қаржыландыруға қаражат тартуда табысты бәсекелесу үшін неғұрлым терең саяси реформалар қажет. Келесі бағыт – мұнай сервис саласы мен машина құрастыруды дамыту. Ірі мұнай-газ жобаларын кеңейту, сондай-ақ жаңа кен орындарын барлау және игеру Қазақстан азаматтарын жұмыспен қамтамасыз етуге және мұнай-газ саласы үшін жабдықтардың өз өндірісін жолға қою есебінен импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Тақтатас мұнайы, көмір қабаттарының метаны, табиғи битум сияқты дәстүрлі емес көмірсутектерді игеру де перспективалы бағыт саналады. Бұрын іске қосылмаған ресурстарды экономикалық айналымға тиімді тарту қолда бар инфрақұрылымды пайдалану есебінен қосымша пайда алуға жол ашады. Қазірдің өзінде еліміздегі тақтатас мұнайының қоры 200 млн тонна деп бағаланады. Экономикалық қауіпсіздікке кепілдік беретін экспорттық маршруттарды әртараптандыру бойынша жұмыстарды белсенді жалғастыру қажет. Мұнай-газ саласының әлеуеті өте жоғары, ол толық көлемде жүзеге асырылмай отыр. Саланы дамыту жаңа технология мен кіріс алып келеді, жаңа жұмыс орындарын құрады. Бұл өз кезегінде еліміздің саяси салмағын арттырып, келіссөздегі позициясын күшейтеді», дейді KAZENERGY қауымдастығының атқарушы директоры Фархат Әбітов.
Елімізде бірнеше шетелдік мұнай компаниясы жұмыс істейді. Олардың негізгілері – Chevron (АҚШ), ExxonMobil (АҚШ), CNPC (Қытай), ENI (Италия), Shell (Ұлыбритания), Лукойл (Ресей), Total (Франция). Бұл ретте өзіміздің «ҚазМұнайГаз» компаниясын да айрықша атап өте аламыз. Дегенмен мұнай-газ саласында шетелдік серіктестердің үлесі бәрібір басым. Жыл сайын экспорттық табыстың 35 пайызға жуығы шетелдік инвесторларға тиесілі болады.
Кеніштерді игергелі бері Теңіз бен Қашаған 647 млн тонна мұнай шығарыпты (Қашаған – 97,8 млн тонна, Теңіз – 549,8 млн тонна). 2000 жылы ашылған Қашағандағы барланған мұнай қоры – 9-13 млрд баррель төңірегінде. Кен орны 2016 жылдан бастап коммерциялық өндіріс деңгейіне көтерілді. Жалпы, ең ірі үш кен орны – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ қосылып соңғы 10 жылда ел қазынасына 30 трлн теңге көлемінде салық төлемін түсірген және оның ең көп үлесі 2022 жылға тиесілі. Үш кеніштен бюджетке 6 трлн 720 млрд 285 млн теңге төленіпті. Соның ішінде, Теңіз – 2 трлн 841 млрд 762 млн теңге, Қашаған – 196 млрд 056 млн теңге, Қарашығанақ 923 580 млн теңге берген. Осы жылдың 9 айының көрсеткіші де жаман емес, жиынтық салық 3 трлн 961 млрд 398 млн теңге болды.
Қазір «Теңіз» кен орнын кеңейту үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Қазан айында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев болашақ кеңею жобасын іске қосу жарты жылға шегеріледі деп мәлімдеген еді. Кеңейту жобасының құны 46,7 млрд долларға бағаланады. 2022 жылдың соңында тәмамдалуы тиіс жоба кестеден кешігіп кейінге қалды және 2024 жылы бітеді деп жоспарланып отыр. Кеңею жобасы Теңіздің жыл сайын 12 млн тонна мұнай өндіруіне мүмкіндік береді. Айта кетейік, Теңіздегі Chevron компаниясының үлесі – 50 пайыз. Сонымен бірге жобаға ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25 пайыз), «ҚазМұнайГаз» (20 пайыз) және «Лукойл» (5 пайыз) компаниялары да қатысады.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 89 млн тонна мұнай өндірмек. Бастапқы жоспар 90,5 млн тонна болған. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, қазір бірнеше ірі мұнай-газ жобалары бойынша техникалық жұмыс жүріп жатыр және жыл қорытындысында мұнайдың ақырғы көлеміне әсер етеді. Ал былтыр біз 84,2 млн тонна мұнай өндірдік. Дегенмен алдағы жылдарда ақырындап өндіріс көлемін арттыру ойда бар секілді. 2027 жылы еліміз 105,5 млн тонна мұнайды жер бетіне алып шығуды жоспарлайды. Бұл Үкіметтің 2023-2027 жылдарға арналған мұнай-газ және мұнай-газ химия жобалары бойынша кешенді жоспарында бекітілген. Кешенді жоспар аясында мұнай-газ, мұнай-газ өңдеу және мұнай-газ химия салаларына 37,3 млрд доллар инвестиция тарта отырып 20 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба шеңберінде 2029 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытының модернизациясы да бар. Қайта жаңғыртудан кейін зауыттың қуаттылығы қазіргі 6 млн тоннадан (жылына) 12 млн тоннаға дейін артпақ. Зауытқа шикі мұнайды жеткізу мақсатында Кеңқияқ – Атырау (жылына 6-дан 15 млн тоннаға дейін) және Кеңқияқ – Құмкөл (жылына 10-нан 20 млн тоннаға дейін) мұнай құбырлары кеңейтілмек.
Кім қалай десе де, жақын жылдарда мұнай дәуірі аяқталмайды. Иә, түбі бір таусыларын кім-кімде ақиқат деп таниды, бірақ жер астында барланған және дәлелденген миллиардтаған текше метр мұнай жатқаны да жалған емес. Қазақстандағы мұнай мен газ қоры кемі 60-100 жылсыз түгесілмейді.
Тапқан мұнайды тиімді тасымалдауда – үлкен міндет. Бұл орайда Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңызы үлкен. Осы мақсатта Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия аталған дәлізді дамыту бойынша жол картасына қол қойды. Бұл елдерден бөлек дәлізді дамытуға Қытай, Сингапур сияқты елдер де ерекше қызығушылық білдіріп отыр. Тіпті Еуропалық одақтың өзі осы орайда Қазақстанмен айрықша ынтымақтастық орнатуға ниетті. Қазір орта дәліздің рөлі күн санап күшейіп келеді, бұған ЕО, Орталық Азия және Қытай арасындағы жүк тасымалының екі есе өсім көрсеткені дәлел.
Президент «ҚазМұнайГаз» компаниясына батыстық компаниялармен бірлесе отырып Каспий теңізі арқылы экспорттық маршрутты әртараптандыруды жүзеге асыру тапсырмасын берген еді. Әрине, бұған біраз жыл жұмсалуы мүмкін, дегенмен біз үшін түпкілікті нәтиже қымбат. Жоспар толық жүзеге асқан жағдайда Қазақстан өз мұнайын Каспий арқылы Әзербайжанға апарып, сол жерден Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы Түркияға немесе теміржолмен Грузия порттарына жеткізеді. Бұл орайда Қазақстан Каспий теңізіндегі инфрақұрылымды жетілдіру мәселесін алға шығарып отыр.