Еңбек • 16 Желтоқсан, 2023

Милананың жетістігі

187 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көкшетаулық Милана – жергілік­ті ұлттың тілін ғана емес, сан ғасыр бойы жал­ғасып келе жат­қан мазмұнды да мағыналы салт-дәстүрін жетік меңгерген жан­ның бірі. Тіпті бар болмысы, жан дүниесі қазақы­ла­нып кеткен.

Милананың жетістігі

Облыс орталығында қазақ тілінің бар нәшін келтіріп, мүдірмей, барынша шешен сөйлейтін жас қызға таңырқап қарайтындар аз емес. Жергілікті ұлт тілінің кірпігі ғана қимылдап, өз аға­йы­нымыз өз тілінде сөйлеуге шор­қақ болып жатқан жерде түрі басқа бойжеткеннің өз ойын еркін білдіріп, тілдің бар шырайы мен шұрайын келтіретіндігі қызық көрінетін. Ел таңырқаған елгезек қыз туралы аз-кем әңгімелеп берсек, жарасымды болмақ. Өзгелер өнеге алсын, тіпті өзіміздің өз тілінен жеріген замандастары да.

Милана Тарасова Зеренді ауда­нын­дағы шоқ жұлдыздай шағын ғана Ұялы ауылында өсті. Кілең қазақ­тың іші. Бес жасында жергілікті мек­тептің табалдырығын аттады. Даярлық сыныбына барды. Тілі қазақша шыққан. Тек қазақ тілінде ғана ойлайтын балдырғанның білімге деген талабы тәп-тәуір еді. Ата-анасы Вера мен Анатолий Тарасовтар бауыр еті бала­ларының қазақ тілінде білім алуына еш қарсылық білдірген жоқ. Қайта ырыздығын осы даладан теріп жеп, жергілікті ұлтпен тонның ішкі бауындай араласып кеткендіктен тұлымы желбіреген қыздарының көрші-қолаңның балаларымен бауыр басып, қазақ тілінде сөйлеп жүргенін көргенде қуанатын. Өздері де салт-дәстүрді бір қазақтай біледі. Кілең жергілікті ұлт өкілдері тұрған ауылда күн кешкен соң көрші-қолаңмен дәм-тұзы араласпай тұра ма? Қыздары да ата-анасының ықпалымен қазақ халқының бар салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын бір кісідей меңгеріп кетті. Үйрену, білу бір басқа, өзін құтты қа­зақ­тың қызындай сезіну, осы топы­рақ­тың қасиетін бойына сіңіріп, болмысы толайым қазақжанды болу ғажап қасиет. Милана бастауыш сыныпта оқып жүргенде қазақ тілін жетік меңгергендіктен, өзге ұлт өкілдері арасында өтетін тіл сайыстарына үзбей қатысатын. Қазақтың қызынан еш айырмашылығы жоқ болғандықтан, аудандық, облыстық байқауларда сан мәрте бас бәйгені иеленді. Оның ішінде аудандық «Тіл дарын» олимпиадасы мен «Махамбет оқулары» сайысында жарқырай көрінді.

– Мен әсіресе, ұлы Абай мен Махамбеттің, Мұқағалидың жырларын түпнұсқадан оқығандықтан, жақсы түсінемін, – дейді Милана. – Бір-екі рет оқысам болды, жадымда жатталып қалады.

Тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін бірнеше колледжге түсуге мүмкін­дігі бар еді. Мәдениет қызметкері, мұғалім болғысы келген. Кейін журналистиканы көңілі қалады. Павлодардағы С.Торайғыров атындағы университетке түспекші де болды. Әйтсе де, қыздарын жерге, күнге тигізбей, әлпештеп өсірген ата-анасы алысқа жібергісі келмеген. Туып-өскен, бауыр басқан, өзі жанындай жақсы көретін Көкшетауда да жоғары білім алуға әбден болады. Қазір Милана Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ филологиясы факультетінде білім алып жатыр. Ал көңіл түкпіріндегі журналист болсам деген арманы әлі де жас жанына жай тапқызбайды. Облыс орталығындағы «Болашақ» сара­йында ұйымдастырылған журналис­тика үйірмесіне үзбей барып жүр. Милананың қабілет-қарымын, тіл шеберлігін байқаған ұстаздары облыс орталығында жиі өтетін мәртебелі жиындарды жүргізуді сеніп тапсырады. Оқуымен бірге тіл үйрету сабағын өзі де жүргізіп жүр.

– Меніңше, тіл үйрену үшін ең алдымен орта керек, содан соң елге, жерге деген перзенттік махаббат болуы шарт, – дейді Милана. – Көкшенің төңірегіне көз салып қараңызшы, қандай ғажап сурет! Тіпті тілмен сипаттау мүмкін емес. Көк мұнарға малынған көгілдір шоқылар, мөлт-мөлт етіп жатқан айна көлдер, аппақ қайың ғажап әлем емес пе? Егер осындай сұлу да сымбатты өлкеде тусаң, оған қалай ғашық болмассың? Бұл жер қазақтың жері, сондықтан біз жергілікті ұлттың тілін үйреніп, дәс­түрін меңгеруді парыз санаймыз.

Жазғы демалыс кезінде қалалық сотта жастар тәжірибесінен өткен ол жеке кабинет жабдықтап, «Erekshe soile» курсын ашты. Бәлкім сабақты қызғылықты өткізетіндіктен шығар, Милананың курсына аз уақыттың ішін­де келушілер қатары көбейе түсті. Олардың арасында әлденеше ұлт өкіл­дері бар, жастары да әрқилы. Саба­ғына қатысып көрген ата-аналар дән разы.

Тәжірибесі сәл толыса келе, жергі­лікті ұлт тілінің жанашыры, онлайн және офлайн форматта жеке әрі топпен тіл үйрету сабақтарын жүргізе бас­тады. Өз айтуына қарағанда, тың­даушылары аз уақыттың ішінде кәдім­гідей тіл сындырып, төселіп қалады екен.

– Қаршадай қыздың осы бір ұлт үшін істеп жатқан еңбегін көр­ген­де іштей риза боласың, – дейді Көк­ше­тау қала­сының тұрғыны Алмажан Сәрсенбай. – Миланаға қа­рап оты­рып, өз неме­релерімнің тіл біл­мей­тіндігіне қысы­латын едім. Қол­­да­рынан жетектеп әкеліп, та­быс­­­тадым. Шынтуайтында, қазақ ба­ла­сы­ның өз тілін өзгеден үйренгені намыс тә­різді болып көрінеді. Бірақ амалым бар ма?

Милана облыс орталығындағы Достық үйінде мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау орталығының төрайымы. Әртүрлі тақырыпта мақа­лалар жазады. Аудармамен айналысады. «Мен қазақша сөйлеймін» челленджіне қатысып, облыстық сот төрағасының Алғысхатына, «Маған қазақша сөйлеу ұнайды» байқауында бас жүлдеге ие болды. Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімінің Алғысхатымен марапатталды. Ең бас­тысы, Көкше жұртшылығы өз тілінде сөйлеп, іші-бауырыңа кіріп тұратын әдемі қыздарын көрген сайын құрмет көрсетеді. Өткен жылдың желтоқсан айында Милана Тарасова «Қазақстан» телеарнасы түсірген «Менің Қазақ­станым» деректі фильміне түсті. Тү­сіру тобы Милананың ауылына барды. Ата-анасынан, мұғалімдерінен, жерлестерінен сұхбат алды.

Өз басы балаларын орыс сыныптарына берген қазақтарды көргенде, ті­тір­кенетіні бар. Шіркін, осылар қа­зақ тілінің қаншалықты бай, әдемі, әуезді екендігін білсе ғой дейді ішінен. Күндердің бір күнінде Алтайдан Атырауға дейінгі аттың тұяғын тоздырып, сұңқардың қанатын талдыратын сайын дала қазақ тілінде сөйлеп, сол тілде ән салып, жыр жырлап тұр­ғандығын аңсайды. Сол күнге жетсем дейді.

Санаға салып салмақтасаң, арман­ның әдемісі осы емес пе?

 

Көкшетау