Ең үздік нәтижеге Ақмолда Сайрамкез қол жеткізді. 67 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан қандасымыз қоссайыстың қорытындысы бойынша 294 (126+168) кг салмақты еңсеріп, төртінші орынға табан тіреді. Бұл тартыста Ақмолда Солтүстік Корея, Болгария және Түрікменстанның спортшыларынан қалып қойды. Өзге зілтеміршілеріміздің нәтижелері одан да төмен. Тіптен, 81 кг салмақта сынға түскен Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы, Азия чемпионы Денис Улановтың өзі 14-орынды қанағат тұтты.
Ерлер мен әйелдерді қоса алғанда жалпы есепте Солтүстік Корея құрамасына тең келер команда табылмады. Дохада сарапқа салынған 18 бас жүлденің тоғызын солар иеленді. Екінші орында – Қытай. Қытай елінің өкілдері үш алтынды олжалады. Сондай-ақ теңдессіз деп танылғандар қатарында Латвия, Болгария, Түркия, Қатар, Әзербайжан және Арменияның бір-бір зілтеміршісі бар.