Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы сауда-экономика саласы екіжақты байланыстардың басты бағыты саналатынын айтты. Бұл ретте екі елдің үкіметтеріне таяу келешекте сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға дейін жеткізу міндеті жүктелгенін еске салды.
Президент Стратегиялық инвестициялық жобалар туралы бірлескен мәлімдемеге сәйкес энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика салаларындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың маңыздылығына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әмірліктердің Masdar компаниясымен жаңартылатын энергия көздері саласындағы бірлескен жобаларды ілгерілету бойынша ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ AD Ports Group және Terminals Holding компанияларымен бірлесіп көлік-логистика желісі мен әуе тасымалы қызметтерін кеңейтуді көздейтін инвестициялық жобалардың жүзеге асырыла бастағанын атап өтті.
Әңгімелесу барысында ақпараттық технологияларды дамыту бағытындағы ықпалдастық мәселесіне айрықша мән берілді.
Президент Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы достық пен ынтымақтасты нығайтуға зор еңбек сіңіргені үшін Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арикиді II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.