Қоғам • 19 Желтоқсан, 2023

Еліміздің үшінші мегаполисі қалай дамып келеді?

236 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі 2023 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің өңірлерімен бірлесіп қолға алған жобаның кезекті материалы республикалық маңызы бар қала – Шымкентке арналған. Қала тұрғындары үшін 2023 жылдың ең жақсы жаңалығы, әрине, биылғы жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Шымкент қаласын 2035 жылға дейінгі дамытудың жаңа бас жоспарын бекітуі болды, деп жазады Egemen.kz.

Еліміздің үшінші мегаполисі қалай дамып келеді?

Бұл қалаға не береді?

Біріншіден, Еліміздегі үшінші мегаполистің дамуы енді қатаң түрде жоспарға сай жүреді. Еліміздің ірі өнеркәсіптік, сауда және мәдени орталықтарының бірін кешенді дамыту аясында тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғаяды, жаңа индустриялық аймақтар пайда болады, айналма теміржол желісі мен тәулігіне 20 мың жолаушыны өткізу қабілеті бар вокзал салынып жатыр. Қаланы кеңінен көгалдандыру бойынша шаралар қарастырылған.

Екіншіден, қала экономикасы салаларының дамуы өнімділікті арттыруды, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыруды, отандық тауарларды сыртқы нарыққа шығаруды қолдауды қамтамасыз ететін тиімді индустриялық, инфрақұрылымдық, инвестициялық және сауда саясатын жүзеге асыру арқылы, қолданыстағы мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тиісті инфрақұрылымды дамыту жалғасады.

Үшіншіден, өндірістік аумақтарды жаңғырту мәселелеріне көп көңіл бөлінетін болады. Осылайша, 2035 жылға қарай олардың аумағын жаңа индустриялық аймақтар салу есебінен 5 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда, онда 14 перспективалы индустриялық кластер дамиды.

Сондай-ақ экологиялық қауіпті аймақтар жойылып, Бадам, Қошқарата, Қарасу және Сайрамсу өзендерінің су қорғау белдеулері мен аймақтарының жобалары әзірленеді. Тұрғындарды ақпараттық-коммуникациялық қызметтердің кең спектрімен қамтамасыз ететін Next Generation Network технологиясын пайдалана отырып, телекоммуникация желілерін кеңейту және жаңғырту жоспарлануда.

Жалпы, қала тұрғындарының өмірін жайлы ететін көптеген істер жоспарланған.

Бүгінгі жағдайы. Оңтүстік мегаполис республикалық маңызы бар басқа қалалармен қалай бәсекеге түсе алады?

Көп нәрселермен. Бірақ ретімен бастайық. Қала экономикасының негізін өнеркәсіп пен кәсіпкерлік құрайды.

Мемлекет басшысының өңір экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Шымкентте 34 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орнын ашумен 229 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 50%-ға жетті. 2023 жылы кәсіпкерлікті дамытудың жалпыұлттық жобасы аясында 20 млрд теңге бөлінді, қазірдің өзінде 18,8 млрд теңгенің 3400 жобасы қолдау тапты.

Бүгінгі таңда 5 өндіріс алаңында 273 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Сондай-ақ 867 гектар аумақты құрайтын 5 жаңа өндіріс аймағын құру жұмыстары жүргізілуде, бұл қаланың өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриалды және агроөнеркәсіптік аймақтарына қажетті инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізілуде.

Оң динамика өңдеу өнеркәсібінде де байқалады. 2023 жылы 8 жоба жүзеге асырылып, 443 жұмыс орны ашылды.

Көлік инфрақұрылымы да жергілікті биліктің назарында. Қала әкімдігінің айтуынша, 2023 жылдың соңына дейін Шымкенттегі жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 71%-ға дейін жеткізіледі.

Қазақстанда алғаш рет жол төсеміне қатысты жаңа технологиялық жоба Шымкентте жүзеге асырылуда. Заманауи технологияларды пайдалана отырып, қайта өңдеу әдісімен қара жолға жол жамылғысы төселеді. Сарапшылардың пікірінше, жаңа тәсіл тиімдірек және жол төсемінің сапасы мен беріктігі бойынша оң нәтижелер береді. Жаңа технологияларды қолдану арқылы көп жылдардан бері келе жатқан жолдардың өзекті мәселесі шешілетін болады.

Сондай-ақ, мегаполис көшелеріндегі кептелістерді жою мақсатында 150 көше қиылысында көлік қозғалысын автоматты түрде реттеп, бағдаршамның жұмысын оңтайландыратын заманауи зияткерлік көлік жүйесі енгізілген.

Сонымен бірге, жолаушыларды өткізу қабілетін сағатына 200 адамнан 2000 адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін жаңа әуежай терминалының құрылысы аяқталуға жақын. Теміржол вокзалын қайта құру жолаушылар өткізу қабілетін арттырады. Екі нысан да жеке инвесторлардың қатысуымен салынып жатыр.

Шымкенттегі маңызды мәселелердің бірі тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету болып табылады. Осы жылы 2 магистральдық газ құбыры мен 3 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде табиғи газбен қамту 94%-дан 96%-ға дейін артады.

Қала билігі баспана мәселесін шешуде бармағын тіктеді. Осылайша, 2023 жылдың соңына дейін қалада 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Маңызды мәселелердің бірі азық-түлік пен ең қажетті тауарлардың бағасын ұстау болып табылады. Бұл көрсеткіш қала тұрғындапы көңіл-күйінің өзіндік барометрі болып табылады. Бағаны тұрақтандыру мақсатында Шымкенттегі 100 сауда орнында ең қажетті азық-түлік тауарлары нарық бағасынан 10-15%-ға төмен бағада сатылуда. Жыл басынан бері 402-сі өткізілген азық-түлік жәрмеңкесі қаладағы халық ең көп шоғырланған 8 елді мекенде ұйымдастырылған.

Азық-түлік белдеуін құру үшін «Alarko Holding» түрік компаниясымен 500 гектар жерге заманауи жылыжай кешенін салу туралы меморандумға қол қойылды, ол ауданы бойынша еліміздегі ең ірісі болады. Жоба 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашып, өңірдегі азық-түлік тапшылығы мен қолжетімділігін толығымен шешеді, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау әлеуетін арттырады.

Әлеуметтік салада білім беру мен денсаулық сақтау бірінші орында тұр. Биыл Шымкентте 22 жаңа мектеп, оның ішінде 19 жекеменшік мектеп салынды. Мұнымен қоса, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 жалпы білім беретін мектеп салу жоспарланса, биыл оның 12-сінің құрылысын басталды. Қазіргі уақытта үш ауысымда оқитын мектептер мәселесі толығымен шешілгенін атап өткен жөн.

Оқушыларды қолайлы оқу жағдайымен қамтамасыз ету мақсатында қаладағы 134 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен, 55 мыңға жуық оқушы мектеп формасымен қамтамасыз етілген. 500 орындық Оқушылар сарайы балалардың сабақтан тыс уақыттағы іс-шаралары үшін ашық.

2023 жылы қала бойынша жалпы өлім-жітім көрсеткіші 11%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 26%-ға, нәресте өлімі 8,5%-ға, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 0,5%-ға төмендеу көрсеткіші Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласының тиімділігін көрсетеді.  

Шымкент  Қазақстандағы жүректі ауыстырып салу жүзеге асырылатын екінші қала болып табылады. Осылайша, осы жылдың шілде айында мұнда қала тарихында алғаш рет жүректі ауыстырып салу отасы жасалды. Бұрын мұндай ота тек елордада ғана жасалса, енді бұл еліміздің өңірлерінде де мүмкін болды. Ал бұл отандық медицинаның да, шымкенттік дәрігерлердің де жетістігі екені анық.

Сонымен қатар, қазіргі таңда Шымкент қаласындағы медициналық мекемелерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша озық тәжірибе орталықтарын ашу жобасы жүзеге асырылуда. Бұл қаладағы денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Шымкент еліміздегі жетекші спорт орталықтарының біріне айналуда. Қазіргі кезде қалада барлық дерлік спорт түрлері бойынша 1077 спорт нысаны бар. Жаңа нысандардың қатарында үстел теннисі спорт кешені, жаңа қалалық ипподром және №20 спорт мектебінің оқу-жаттығу кешені бар. Сондай-ақ «Металлург» стадионы қайта жөндеуден өтіп, 1 спорт мектебі ашылды.

Әкімдіктің мәліметінше, қала тұрғындарын бұқаралық спортпен қамту 42 пайыздан астамды құрайды. Спортшыл қауым мен барша шымкенттіктер үшін ең маңызды оқиға «Ордабасы» футбол клубының өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атануы болып табылады.

Мемлекеттік органдардың басымдығы азаматтардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету болып табылады, оның ішіне, атап айтқанда, жұмыспен қамтуды ұлғайту және жалақыны арттыру кіреді.

2023 жылы білім және спорт саласы қызметкерлерінің айлық жалақысы 25-30%-ға, денсаулық сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету 30%-ға, басқа да мемлекеттік қызметшілердің айлық жалақысы 22%-ға өсті. Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап жалақысы төмен 16 мыңнан астам бюджет қызметшілеріне үстеме көзделген. Қала әкімдігі, соның нәтижесінде облыстағы орташа жалақы 17,6 пайызға өсті деп атап өтті.

2023 жылы қала тұрғындары үшін маңызды оқиға көп жылдар бойы қараусыз қалған «Спутник» қоғамдық саябағы мен «Фосфорник» мәдениет сарайының қала меншігіне қайтарылуы болды. Сарай мен оған іргелес саябақ аумағын қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстары жақын арада басталады.

Жалпы, Шымкенттің 2023 жылғы қорытындысы еліміздегі үшінші мегаполистің заман ағымынан қалмай, даму жоспары үлкен екенін көрсетеді.