Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2023

Аудандар көркейіп келеді

110 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік батыс бөлігінде орналасқан Шал ақын мен Ғ.Мүсірепов аудандары – іргелес жатқан мекендер. Екеуінің де тарихы бай, даму қарқыны жоғары.

Аудандар көркейіп келеді

Шал ақын ауданының ор­талығы Сергеев қаласы 1969 жылы пайдалануға берілген су қоймасы маңында орналасқан. 117 шаршы шақырымды алып жатқан бұл су қоймасы Сергеев қаласын электр қуатымен қам­тамасыз етеді. Сонымен бірге Есіл тасыған тұста жаға­сындағы елді мекендерді жайылма судан құт­қаратын қойма. Қоймаға Иманбұрлық өзенінің суы да құлайды. Аудан аумағы – 5 мың шаршы шақы­рымдай, халқының саны – 19 мың, кезінде 45 мыңға да жеткен. Қазір қазағының үлесі – 46, орысы – 43 пайыз, қалғаны басқа этностардың өкілдері. Аудан ұзақ жылдар Сергеев аталып, 1999 жылы оған осы жерде туып өскен атақты Шал ақынның есімі берілді.

Ал Ғ.Мүсірепов ауданы 1997 жылы Көк­шетау облысы та­ратылғанда, оның Рузаев пен Чис­тополь аудандарының біріктірілуінен құ­рылған. Аудан алғашында «Целинный» деп аталып, артынан, 2002 жылы 100 жылдық мерейтойына байланысты сөз зергері Ғ.Мүсі­ре­повтің есімі берілген. Бұл аудан облыстағы жер көлемі жағынан (11 мың шаршы шақырым) үл­кен­ аудандардың бірі саналады. Ауданда 41 мыңдай тұрғын бар, соның үштен бірі ғана – қазақ. Бұл жерге тың игерушілер көптеп келген. Аудан орталығы – Новоишим ауы­лы (бұрынғы Куйбышев) облыс ор­талығынан 260 шақырым жерде орналасқан. Аудан аумағында атақты Тоқсан бидің бейіті бар.

Шал ақын ауданы кейінгі 3 жылда эконо­микаға инвестиция тартудан күрт өрлеуге қол жеткізіп, оны жылына 7 млрд теңгеден 2,5 есе арттырып 17 млрд теңгеге апарды. Соның ішінде ауылшаруашылығында 2 млрд тең­генің аса ірі 4 жобасы іске асырылды. Ал биыл 10 млрд теңгенің инвестиция­сы құйылған бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, Сер­геевка қаласының түбінде «ZHA-Group LTD» ЖШС 1 мың тұяққа есептелген аса ірі тауарлы-сүт фермасының құ­рылысын аяқтауға жақын. «Асыл фармс» пен «Гермес агро» ЖШС әрқайсысы 600 тұяқ сиыр­­ға шақталған екі тауарлы-сүт фер­масын салып жатыр. Сон­дай-ақ 6 шаруашылық 100 мың тонна дән сақтай алатын астық қабылдау бекеттерін тұрғызуда. Ы.Ыбыраев ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында сүт өңдейтін цех ашылды. Осы бағдарлама бойынша 172 млн теңгеге барлығы 22 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ «Аграрлық-несиелік корпорация» АҚ 75 млн теңгенің 500 бас қой қыстататын кешен құрылысын қаржыландырды.

Биыл аудан диқандары 202 мың га жердің дәнін жинап, гектар берекелігін 11,4 центнерден айналдырды. Биылғыдай өте ауыр жыл бұл – жақсы көрсеткіш. Майлы дақылдар 45 мың га жиналып, гектар басы 9,1 центнерден өнім алынды.

Аудан әкімі Рахат Смағұ­ловтың айтуына қарағанда, осы ауданның аумағында 1995 жылға дейін аса ірі Үлкен Тораңғұл және Кіші Тораңғұл көлдерінен су тартып, төрт ауданның жерін суландыратын арық жұмыс іс­теген екен. «Қазір сол арықты жаңғыртуды қолға алып отырмыз. Егер оны сәтті іске асырсақ аудан аумағында картоп пен көкөніс егуді еселеп арттырамыз. Биыл «Асыл Фармс» ЖШС бүрку әдісімен 400 гектар жер­ді су­ландыратын жүйені іске қосты. Оған Американың айналдыра су шашатын «MAS Агро» маши­наларының төртеуін қою арқылы қол жеткізілді», дейді әкім.

Биыл аудан аумағында түрлі әлеуметтік бағдарламаларға қа­тыс­тыра отырып, 1087 адамның жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасалды. Ал атаулы әлеуметтік көмек 479 адамнан тұратын 93 отбасына берілген.

Президенттің тапсырмасына сәйкес қолда­нылмай жатқан жерлерді мемлекеттің жер қо­рына қайтару мұнда жақсы қарқынмен жүргі­зілуде. Соңғы екі жылда 19 мың гектар жер мемлекетке қай­тарылды.

Ауданның ветеринариялық-санитариялық әл-ауқаты тұрақты. Аудан аумағында аса қауіпті ауру­лар тіркелген жоқ. Аурулардың та­ралу қау­пін болдырмау және азайту мақса­тында Сі­бір жарасынан өлген малдың көмілген орнын мал қорымдарынан аластауға ерекше назар аударылған.

Аудан аумағынан 557 шақы­рым автожолдар өтеді, соның 182 км – республикалық, 78 км – об­лыстық маңызы бар жолдар. Қал­ғаны аудандық маңызы бар­лар, биыл олардың 74%-ы

қа­нағаттанарлық жағдайға жет­­­кізілді. Аудан­дағы 41 елді ме­кеннің 6-уы ғана ауыз суды Есіл­дің топтық құбырынан ішеді. Қал­ғандары жер асты су көз­де­рінен алып отыр. Биыл 4,0 және 1,6 млрд теңгенің екі жобасы арқылы 10 ауыл­ды топтық су жү­йесіне қосу қолға алынған. Сондай-ақ Көкшетау топтық су құбырына 5 ауылды қосу үшін 7,4 млрд теңгенің жобасы игерілетін болады. «Шағын ауылдарда суды тазарту жүйесі бар кешенді блок-модульдерді орнату есебінен таза сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, 12 модульді орнату жоспарланған», дейді Р.Смағұлов.

Аудандағы 30 жалпы білім беретін мектеп, 1 балабақша және 26 шағын орталық барлық 2 692 оқушы мен 553 бөбекті қамтыған. Биыл, бұрынғының үстіне 16 мектеп жаңадан жылы туалеттермен қамтамасыз етілді. Облыс­тық бюджеттің есебінен 4 мектеп күрделі жөндеуден өткізілді, ал келесі жылы 9-ын жөндеу үшін ЖСҚ дайындалды.

Биыл Ғ.Мүсірепов ауданында орташа ең­бекақы былтырғымен салыстырғанда 15,7 пайызға артып, 238 мың теңгеге жетті. 2009 адам жұмысқа орналастырылды, соның 1 619 тұрақты орындарға қойылды. Аудан аумағына биыл 217 адамнан тұратын 69 отбасы көшіп келіп, қоныстандырылды.

Осы жылдың 10 айында ауда­н экономикасына 29,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Жеке ин­­вестициялар көлемі соның 97,0 пайызын құрады. Құры­лыс жұ­мыстарының көлемі 4,8 млрд теңгені құрап, 11,9 мың шар­­шы метр тұрғын үй пайда­лануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,9 пайызға артық. «Дипломмен – ауылға» бағдар­ламасы бойынша биыл 25 маманға 129,4 млн және 40 маман­ның ауылдарға көшіп баруына 13,8 млн теңге үстемеақы берілді.

Бұл ауданда өнеркәсіп жақсы қарқынмен дамып келе жатқа­нымен экономиканың драйвері әлі де ауыл шаруашылығы болып қала береді. Биыл аудан ди­қандары 97,6 млрд теңгенің өні­мін алды. Ауа райының ба­рын­ша қолайсыз болғандығы себепті бұл былтырғымен салыс­тырғанда 33,4% төмен. Жи­налған астықтың жалпы көлемі 610,3 мың тонна болды, ал майлы да­қылдар көлемі 43,5 мың тоннаны құрады.

Ауданда мал шаруашылығы жақсы қар­қынмен дамуда. «УК Әділ» ЖШС биыл 400 тұяқ сиырға тауарлы-сүт фермасын (ТСФ) ашуды көздеп отыр, бүгінге дейін 309 тұяқ са­тып алынды. «Бу­денное-СК» ЖШС 1200 тұяқ­қа шақталған ТСФ құрылысын бастады. «Нежинка Ерке» мен «АЗКО» ЖШС да тиі­сін­ше 600 және 400 тұяққа арналған ТСФ салу­ды жоспарлаған. Ал «Адани-Агро» ЖШС 1 200 тұяқ ет беретін қара мал өсіруді қолға алды.

Ауданда майлы және дәнді дақылдарды өңдейтін екі ірі өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Соның бірі «Маслодел» ЖШС тәулігіне 400 тоннаға дейін рапс, күнбағыс, зығыр майларын өн­діреді. Ағымдағы жылы 37 мың тоннадан астам май өндіріп, олар елден тыс жерлерге де экспорт­талады. «Казмил» ЖШС 360 мың тоннаға дейін құрама жем өндіреді. Ағымдағы жылы 155 мың тоннадан астам өнім өндіріп, Қытайға экспорттады.

Бүгінгі таңда ауданда 1 900-ден аса ШОБ өкілдері тіркелген, бұл былтырғымен салыс­тырғанда 7,3% артық. Соның ішінде биыл 14 ШОБ 579 млн теңгенің субсидияларын алды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 24 тұрғын 182,5 млн теңгенің жеңілдетілген несиесіне қол жет­кізді. Биыл ауда­н кәсіпкерлері өз күштерімен 21 бизнес нысанын іске қосып, 136 жаңа жұмыс орнын ашты. Бұлардың қатарында «Семейный» супермаркеті, «Қуа­ныш» мейрамханасы, «Караван» сауда үйі және т.б. бар», дейді ауда­н әкімі Руслан Аңбаев.

Аудан аумағынан 931 шақы­рым автожол өтеді, соның 304 шақырымы – респуб­ли­­калық, 141 шақырымы – облыстық және 486 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Биыл жалпы сомасы 1 млрд теңгеге «Шұқыркөл-Андреевка-Раисовка» аудандық маңызы бар автожолға жөндеу жүргізілді, Березовка ауылының кіреберісіне жөнделді. Сондай-ақ Нежинка, Ставропол, Пески, Червонное, Шөптікөл, Ново­селовка, Возвышенка ауыл­да­рын­дағы кентішілік жолдарға 483 млн теңгеге жөндеу жүр­гізілді. Тағы 8 ауылдың кентішілік жол­да­­рын жөндеу жоспарланып отыр.

Аудан аумағында биылғы 10 айда бар­лығы 11,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жылдың аяғына дейін аудан орталығында 50 пәтер­лік тұрғын-үй пайдалануға бе­ріледі деп күтілуде. Биыл 398 млн теңге қаражат бөлініп, Андреев, Ломоносов, Дружба ауыл­дары­ның орта мек­тептері күрделі жөн­деуден өтті. Жөндеуді қажет ететін қалған мектептерге ЖСҚ жасалып, келер жылдың жоспарына енгізілген. Оқу­шыларды мектептерге тасымалдау үшін екі Yutong автобустары алынған. Бар­лық ауыл мектептері жылы туалеттермен қам­тамасыз етілген. Ауданның денсаулық сақтау жүйесі жақсаруда. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Рузаев ауылында орна­ласқан дәрігерлік амбулатория ғи­маратының шатырына 75 млн 866 теңгеге күрделі жөн­деу жүргізілді. Аудандық ауру­хананың қабылдау бөлімі 10 млн 503 мың теңгеге жөнделді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы