Сан ғасырлық тарихы бар, байтақ жері, байсалды елі бар республиканың басшылығына жергілікті ұлттың салт-сана, әдет-ғұрпынан мүлде хабары жоқ, көлденең адамды тағайындау – шектен шыққан кемсітушілік еді. Сол орайда Желтоқсан көтерілісі халықтың сана-сезімі өскендігінің, өзін толғандыратын проблемаларға азаматтық көзқарасын ашық білдіре алатындығының да айқын көрінісі болды.
Желтоқсан көтерілісінен кейін «Қазақ ұлтшылдығын айыптау», жаппай қуғын-сүргін науқаны кеңінен өріс алды. Бұған құқық қорғау органдары, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлері құлшына кірісті. Жастардың бас көтеруіне қозғаушы болғандар, үгіт-насихат жүргізгендер жаппай жауапқа тартылды. Жоқ жерден пәле іздеу, қаралау, қудалау жұмыстары одан кейінгі жылдары да жымысқы саясаттың астарында қызу жалғаса берді. Алдымен «Қазақ ұлтшылдығы» деген атақты қаулы шықты. Ойдан-қырдан қашқан, қуғын-сүргін көрген барша халықты бауырына басқан, пана болған, қонағына төрін беріп, өзі босағаны қанағат тұтқан, қошемет көрсеткен халқымыздың маңдайына «ұлтшыл» деген қара таңба басылды. Барлық мекеме-кәсіпорында, оқу орнында ұлтшылдықтың ұясын анықтау, осындай пиғылдағы адамдарды әшкерелеу, қоғамнан аластату науқаны қарқын алды. Сол желеумен көптеген жас жұмыстан босатылды, оқудан шығарылды. Кемсітудің, қорлаудың неше атасын бастан кешірді. Адамдық тұрғыда жүйке ауруына ұшырады, маман ретінде кәсіптік бағытта өсіп-дамуына тосқауыл қойылды. Біраз адам тіпті қылмыстық жауапқа тартылып, сотталды.
Енді желтоқсан көтерілісінің бастау бұлағы, шығу төркіні, себеп-салдары, тарихи маңызы жөнінде бір-екі ауыз сөз. Қылышынан қан тамған қызыл империяның қитұрқы саясатына сауатты әрі ашық түрде наразылық білдіріп, қарсы тұру еліміз тарихында сонау ХХ ғасыр басындағы 20-30 жылдардан бері болмаған жайт еді. 1986 жылы желтоқсанда алаңға шыққан жастар көзі ашық, көкірегі ояу, мүлдем жаңа буынның өкілі. Кейде мынадай ой келеді: «Сол ызғарлы күндері іштен тынып, үнсіз, тілсіз қалғанда не болатын еді». Ел болудан, ұлт болудан қалатын едік-ау... Демек, шын мәнінде, сексенінші жылдарғы халқымыздың ары мен ұяты қазақ жастары болды. Желтоқсан көтерілісінің кенеттен бұрқ ете түсіп, алып империяның көсемдері күтпеген адуын мінездің бой көрсетуінің себебі мен салдарын сарапшылар әртүрлі түсіндіргенімен, ортақ белгілері бар екендігін де айту керек. Сол кездегі қазақ қоғамында қалыптасып, пісіп-жетілген ауыр ахуал бұл көтерілістің жоқ жерден пайда болмағандығын көрсетеді.
Деректер бойынша, 1915 жылдың қарсаңында қазақтардың саны 6 миллиондай болған. Өкінішке қарай, бұл сан сол сұрапыл кезеңдердегі сан қилы, қанқұйлы себептерге байланысты айналасы отыз жылға толмайтын уақыт ішінде, нақтырақ айтқанда, 1945 жылы 2,5 миллионға дейін кеміп кетті. «Жұт жеті ағайынды» демекші, 1930-1960 жылдар аралығында Қазақстанға 4 миллионға жуық адам көшіп келді. 1962 жылы еліміздегі жергілікті ұлт өкілдерінің үлес салмағы 29 пайызға дейін күрт түсті. Ал сол сан сапаға әсер етпей қоймады. Қазақ халқы өз тамырынан ажырай бастады. Салт-сана, бітім-болмысына қауіп төнген ұлттың болашағы бұлдыр тартты. Тіпті қазақ тілі қолданыс аясынан сырылып, барлық халық шаруашылығы салаларынан, тіпті күнделікті тұрмыстағы қолданыстан біртіндеп ығыстырыла бастады. Кеңестік жүйе кезеңінде, бір деректер бойынша, қазақ тілі сабағы 700-ден аса мектепте оқу пәндері қатарынан шығарылып тасталды.
Сол кездердегі Қазақстанға жер аударылған, күштеп әкелінген сандаған халықтың бұл нәубетке еш кінәсі жоқ еді. Олардың барлығы да солақай саясаттың, тұрлаусыз тағдырларының құрбаны еді. Алайда көпұлтты ахуал, ортақ тыныс-тіршілік жергілікті ұлттың жан-жақты дамуына кері әсерін тигізді. Оның үстіне, «жығылғанға жұдырық» іспетті, қазақ даласының әлеуметтік және экологиялық тынысы да тарыла бастады. Республика алып атом полигонына, экологиялық аурулар ошағына айналды. Сөйтіп, 1970-1980 жылдары бұрынғысынша Қазақстанды орыстандыру, ұлттық өзіндік ерекшеліктерді жоғалту, қазақ тілінің аяқасты етіліп, құлдырауы, экологиялық проблемалардың шиеленісу үдерістері тереңдей түсті.
Соның бәрі келіп, 1986 жылдың желтоқсанында көкіректі кернеген ашу-ыза болып ақтарылды. Бүтіндей бір ұлтты қорлаған өрескел өктемдікке жастар қауымы жалаң қолдарымен-ақ қарсы тұрды. Олар жоғарғы басшылықтың әрекетіне қарсы өздерінің келіспеушілігін ашық білдірді, өз халқының азат өмірі үшін айқасқа шыққан саналы күрескерлер ретінде танылды. Желтоқсан көтерілісінде осындай, тоталитарлық үрдіс жағдайында пісіп-жетілген, түбірімен қате ұлттық саясат салдарынан туындаған алғышарттар бар еді. Көтеріліс сандаған жылдар сорабында мызғымас қамал саналып келген кеңестік империяның іргесін шайқалтып, көбесін сөгіп, ақыр аяғында ыдырауына әкелген пәрменді соққы болды. Алматы кейінде Баку, Вильнюс, Тбилиси қалаларында да өткен Мәскеудегі саяси орталыққа бағынбауды көздеген бас көтерулер шеруін бірінші болып бастап берді.
Сөйтіп, жылдар жылжып өте берді. Кең қанат жайған жариялылық желімен тоқыраудың тоңы жібіп, тілден тиек, ойдан тұсау алына бастады. Еліміз көлемінде ұлттық мәдениетті, тарихты, дәстүрді тануға бірыңғай ұмтылыс өріс алды. Ұлттық дамудың семіп қала жаздаған тамырына жаңа нәр құйылды. Осы тұрғыдан алғанда 1986 жылғы Желтоқсан ел Тәуелсіздігі үшін, ұлтымыздың гүлденуі үшін, оның өсіп-өркендеуі үшін тер төккен, бейнет шеккен азаматтардың барлығы үшін де қадірлі, қасиетті.
Желтоқсан қаһармандары өздерін жаппай соққыға жығып, қақаған аязда мұздай су шашқанына, өздеріне қарсы иттер, БТР-лер, сапер күректері мен шоқпарлармен қаруланған милицияның ерекше жасақтарын, арнаулы әскерлердің курсанттары мен солдаттарын айдап салғанына, сондай-ақ, «бейбіт жасақтар» дейтіндердің арматурамен соққының астына алғанына, жаппай тұтқындауға қарамастан, бірнеше күн бойына бүкіл елімізде бір жерде ашық, бір жерде жасырын түрде халықтың еркі мен мұң-қайғысын жанына жалау етіп, республиканың дербестігіне, еркіндігіне және тәуелсіздігіне қол жеткізу жолындағы күресті жалғастыра берді. Олар денсаулығын, болашағын, тіпті өмірін де құрбандыққа шалды. Сол кездегі ұл-қыздарымыздың ерлігі мен батырлығы бүгінде аңызға, тағылымды тарихқа айналды. Сондықтан да оларды орынды мақтаныш ете білейік, кейінгі өскелең буынға үлгі-өнеге етейік.