– Никита, домбыраны жаныңа қашаннан серік еттің?
– Менің домбыра аспабына деген әуестігім бала кезімнен оянды. Шамамен бес-алты жасар баламын. Көлікте келе жатып, радиодан домбыра күмбірін тыңдап қалдым. Аспаптың даусы менің бойымды әп-сәтте баурап алды. Алайда қандай музыкалық аспап екенін білмей дал болдым. Әкемнен бұл қазақтың домбыра аспабы екенін сұрап білген соң, қызығушылығым одан сайын арта түсті.
Көлік ішінде орындалған домбыра күмбірі құлағымнан кетпейтінді шығарды. Менің музыкалық аспапқа деген қызығушылығымның алабөтен екенін байқаған ата-анам мектеп табалдырығын аттап жатқан маған былай шарт қойды: «Егер алғашқы тоқсанды кілең бестікпен аяқтасаң, домбыра алып береміз», деді.
– Сонымен сабақ үлгерімің қалай болды?
– Әрине, үйге берілген тапсырманы тиянақтылықпен орындап, озат атану үшін бар күш-жігерімді жұмсадым. Күнделігіме қойылған әрбір бестік баға менің домбыраға жету жолымды жақындата түскендей көрінді. Мектептен қайтқан тұста сыныптастарым сияқты ойын ойнамай, үйге қарай асығатынмын. Арқама асынған сөмкемді аша сала, сабақ қарайтын бөлмеге ұмтылу дағдыға айналып кетті.
Бір күні ұйықтап жатқан мені домбыра күмбірі оятып жіберді. Ұйқылы-ояу жатырмын. Түсім бе, өңім бе, білмеймін. Әйтеуір домбыра күмбірі құлағыма алғашында талып жетіп, кейін үдей түскені. Көзімді ашып қалып едім, домбыра күмбірі үзілген жоқ. Әлі де естіліп тұр. Төсектен лезде тұрып, төрдегі бөлмеге жүгіре жөнелдім. Мен сол сәтте қолына домбыра ұстаған әкемнің бір күйді құйқылжыта орындап жатқанына куә болдым. Табалдырық тұсында аңтарылып тұрған мені көрген ол маған қарай жақындап, қолындағы домбырасын ұсынды. «Бұл сенікі» деген дауысын естір-естіместен домбыраны қапсыра құшақтап алыппын. Міне, сол уақыттан бастап мен домбырадан айырылған емеспін. Қайда жүрсем де өзіммен бірге алып жүремін.
– Домбырада ойнауды ең алғаш әкең үйретті ме?
– Әкем домбырамен күй емес, дәстүрлі әндерді орындайтын. Ұлттық аспапқа деген құлшынысымның жоғары екенін аңғарған ол мені жергілікті музыкалық мектепке жетелеп алып барды. Міне, мен күй ойнауды осы өнер ордасында меңгердім. Ол жерде қазақ музыкасының тілін рухани феномен дәрежесіне көтерген Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбет, Абыл, Сүгір атты күй саңлақтарының шығармаларымен таныс болдым. Елу шақты күй үйреніп, облыстық, республикалық байқауларда топ жардым. Атап айтсақ, 2016 жылы Астана қаласында өткен «Нұрлы жастар» республикалық ән-күй фестивалінде бірінші орынды жеңіп алдым.
– Сенің ең сүйікті күйің қайсы?
– Алғашқы үйренген күйім – «Ерке сылқым» болғандықтан, мен үшін орны бөлек. Музыкалық шығарманың желдірме желісі бірде баяулап, бірде төгіліп орындалады. Керімсал күйді толқи тыңдасаң, жүрек түкпірінің қылын шертетін құдды көзге көрінбейтін сиқырға толы құпиясы бардай. Жалпы, әр тыңдарман бұл күйден өз қалауын тауып сезінеді.
Ал менің анама «Көңіл толқыны» күйі ұнайды. Жүрек тебірентетін сарындар мен сүйкімді және мәнерлі әуен динамикалық желіске толы музыкамен сомдалып, философиялық терең толғаныспен кескінделеді. Музыкалық композицияның күрделі жүйесі көлеңкелі өмірдің кесапатты көрінісіндей әсер қалдырады. Кейде екеуара отырғанда осы бір туындыны орындап беруімді сұрайды. Жалпы, күйдің жүрек қылын шертіп өтетін тұсы әрбір тыңдарманға әртүрлі естелік қалдырады.
– Естуімізше, өзің де күй шығарады екенсің, сол рас па?
– Күй шығару өнеріне бойлап көргенім бар. Тырнақалды туындыма «Тұлпар» деп ат қойдым. Оның шығу тарихына мына оқиға түрткі болды. Әкем мені аймақта ұйымдастырылған ат жарыстарынан еш қалдырған емес. Көмбеден суырыла шығып, сайысқа түскен жылқыларды шаң қаптырып кететін қазанаттардың шабысын көргенде делебем қозатын. Сол сәтте көңіл пернемде бір тылсым күш оянып, мені домбыраға қарай жетелей түсті. Міне, осы бір тылсым күш бастапқыда жанымды түршіктірді. Өйткені құдды менің саусақтарымды біреу басқарып отырғандай, домбыра шанағынан күй саулай жөнелетін. Мен тек ағыл-тегіл орындалып жатқан күйді ұмытып қалмас үшін жадыма сақтай бердім. Осылайша, тұлпардың шабысындай ырғақты, ойнақы күй шығардым.
Келесі туындым «Сұңқардың самғауы» деп аталады. Анам екеуміз Алатау бөктерін саяхаттап жүргендегі көрініс тағы бір күйдің өмірге келуіне себепші болды. Аспанда қанатын еркімен жайып, ауаны «сызып» ұшып жүрген алып құс назарыма ілінді. Жыртқыш құстың кенеттен төмендегі жемтігіне қарай құлдырай шабуылдағанына анаммен бірге куә болдық. Небәрі бір-екі секундтық көрініс жадымда сақталып қалды. Жерге қарай жұлдыздай аққан құстың өзін басқару икемділігінен айырылмай, олжасын іліп әкеткеніне тәнті болдым.
Күйдің бастапқы бөлімі баяу басталады. Бұл сәтте құс қанатын керіп, көкте қалықтап, иен даладағы аң-құсты торуылдап жүргенін аңғаруға болады. Бәсең ырғақты, созыңқы әуен шорт үзіліп, төкпелей жөнеледі. Бұл жыртқыш құстың төмендегі жемтігіне қарай құлдилап төмен ұшқанын паш етеді.
– Таяу күнде мерзімді әскери қызметіңді аяқтайсың. Алға қойған жоспарыңмен бөліссең.
– Әскерден кейін күйшілік өнерімді әрі қарай дамыту үшін еңбектенемін. Өзім шығарған күйлердің авторлық құқығын бекітіп, ұлттық музыка саласының қолданысына енгізгім келеді. Осылайша, қазақ рухының асқақтығын, ойының кемелдігін, пейілінің кеңдігін құлашына сыйдырған күй әлеміне теңізге тамған тамшыдай болса да өз үлесімді қосқым келеді. Себебі күйшілік – көне замандардан бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ең киелі де қастерлі, өнегелі өнер. Оның қадіріне жетіп, ұлықтай білуіміз қажет.
– Көп рахмет, өнерің өрге жүзсін!
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»