Оларға «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында Отбасы банкінен жылдық 2% (ЖТСМ 2,1%-дан бастап) мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие беріледі. Мемлекеттік бағдарламаның шарттары бойынша алғашқы жарна несие сомасының кемінде 10 пайызына тең болуға тиіс.
Баспаналы болғандар қатарында ақтаулық Замира Орынбаева да бар. Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ана осы кезге дейін пәтер жалдап, баспана тауқыметін тартқанын айтады.
«Бәрі шынайы болды. Әкімдікте де, банкте де жан-жақты қолдау көрсетті. Нәтижесінде, пәтерлі болдым. 3 балам, жолдасым бар. Отбасымызбен қуанып жатырмыз», дейді Замира Орынбаева.
Ал 5 баланың анасы Қалдыгүл Нұрманова 2021 жылы үй кезегіне тұрып, «Отбасы банкте» қаражат жинай бастаған. Соның арқасында мемлекеттік бағдарламаға қатысып, бүгін баспаналы болып отыр.
«Мемлекеттік бағдарлама болмаса, бізге баспана алу қиынға соғары анық. 2 пайызбен беріп жатыр. Алғашқы жарна 10 пайызды әкімдік төлеп берді. Біз бұған дейін Мұнайлы ауданында пәтер жалдап тұрғанбыз. Бүгін, міне, өз үйіміздің кілтін алып, төбеміз көкке жетті. Еліміздің басты мерекесі Тәуелсіздік күнінде бізге шексіз қуаныш сыйлағандарына рахмет», дейді Қалдыгүл Нұрманова.
Пәтер кілттерін тапсыру рәсіміне Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Дархан Абдалиев және «Отбасы банк» Маңғыстау облысы филиалының басшысы Медет Әбуғалиев қатысты. Жаңа баспана иелеріне кілтпен қоса, құрылыс компаниясы мен «Отбасы банк» атынан естелік сыйлықтар да табысталды.
Осы іс-шараның аясында баспана жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Оған 11 ірі құрылыс компаниясы қатысып, дайын тұрғын үй кешендерінен пәтерлер ұсынды. Ал «Отбасы банктің» мамандары тұрғындарға ипотека алудың түрлі жолын көрсетіп, сол арада төлемдер сомасының есебін шығарып, түрлі кеңес берді.
«Баспана жәрмеңкесін өткізудегі мақсатымыз – үй іздеп жүрген әр тұрғын бір жерден қажетті ақпаратты алсын деген ой. Оған қоса, алдағы мерекелер қарсаңында құрылыс компаниялары жеңілдіктер жасап жатыр. Ойындар ойнатады. Мұндай іс-шараны жылына 2-3 рет ұйымдастырамыз», дейді «Отбасы банк» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Медет Әбуғалиев.
Жәрмеңкеге келушілер құрылыс компанияларының әралуан ұсыныстарының ішінен өздеріне оңтайлысын тауып, нысанды аралап көру күнін белгілеп, жылжымайтын мүлікті сатып алу бойынша жан-жақты кеңес тыңдап қайтты.