Қаржы • 20 Желтоқсан, 2023

Заңсыз шығарылған активтер: 1 трлн теңге мемлекет қазынасына қайтарылды

224 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылдан бастап заңсыз шығарылған активтерді қайтару бел­сенді жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы бұл іске ерекше маңыз беріп, арнайы заңға да қол қойды. Бас про­кура­тураның жанынан комитет те құрылды. Қазіргі уақытта қазы­наға қайтарылған қаржы көлемі 945 млрд теңгеден асады. Активі 13 млн айлық есептік көрсеткіштен асатын немесе 44 млрд 850 млн теңгеден аса заңсыз қаржы жиғандар заң қы­ры­на ілігеді.

Заңсыз шығарылған активтер: 1 трлн теңге мемлекет қазынасына қайтарылды

Меншігіндегі активі бұдан аз тұлғалар аталған заң аясында қуда­лан­байды, яғни қолданыстағы құқық­тық процедуралар негізінде ак­­тивінің қаншалықты заңды еке­ні тексеріледі.

Ал заң заңсыз жолмен шыға­рыл­ған активтерді мемлекетке қайтаруға немесе Қазақс­тан­дағы заңды экономикалық айналымға тартуға, оларды заңсыз алуға және шығаруға ықпал еткен се­беп­­тер мен жағдайларды жоюға, сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіруге ба­ғытталған. Мұндай ауқымды жұ­мысты әділ және нәтижелі жүр­гі­зу мақсатында арнайы мем­ле­кеттік қор және басқарушы компания құрылды.

Жемқорлыққа қарсы күрес агент­тігінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің басшысы Қанат Сүлейменовтің айтуын­ша, қайтарылған қаржы сомасына тек ақша емес, жылжымайтын мүлік нысандары да кіреді. Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, арнайы комитетпен қатар Премьер-министр басшылық ете­тін арнайы комиссия да жұмыс істеп жатыр.

«Комиссия құрамына құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары және қоғам қайраткерлері кірді. Құ­рам құпия емес, көпшілікке жарияланды. Ал реестрге келер болсақ, біз оны жария ет­пей­­міз. Өйткені бізде заң бо­йынша кінәсіздік презумпциясы бар. Сондықтан мұндай тізі­лім­ді жариялау адамның әлі де дәлелденбеген кінәсін айғақ­та­уы мүмкін. Сол себепті реестр жабық. Бірақ капиталдарды қай­та­ру бойынша жұмыстардың қоры­тындысы негізінде тиісті ақпа­раттарды беріп отыратын боламыз», дейді Үкімет басшысы.

Қаржы министрі Ерұлан Жа­мау­баевтың сөзінше, актив­тер­ді қайтарудың екі нұсқасы жұмыс істейді.

«Қазір заң күшінде, комиссия бірнеше рет отырыс өткіз­ді. Капиталды қайтарудың екі нұс­қасы бар – ерікті және мәж­бүр­лі. Бұл ретте тізілімге енуі мүм­кін тұлға комиссияға келіп, өз еркімен мүлікті қайтара алады. Оның қандай мүмкіндіктері бар? Біріншіден, ол өңірлердегі, моно­қа­­лалардағы маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаны таңдап, қаржыландыра алады. Бұл опция заңмен қарастырылған. Не болмаса ақшалай әкеліп: «Мынаншасын қайтардым, мынаншасын елден алып кеттім, ол мынандай есепшотта немесе қобдишада, соны қайтарып отырмын» деп айта алады. Ол үшін арнайы есеп­шот аштық. Үшінші нұсқа – мүлікпен немесе акциялармен, облигациялармен немесе бағалы қағаздармен қайтару. Осы мақсатта біз оны басқаратын арнайы компания құрдық», деді министр.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, заңда заң­сыз сатып алынған активтерді қайтарудың нақты механизмі бар.

«Егер мемлекет бұл активтің заң­сыз сатып алынғанын дәлел­де­се, оны алып қоюға болады. Сондықтан бұл – заң тұрғысынан өте маңызды. Нақты заңдық ме­ха­низм бар. Менің ойымша, бұл заң қажет. Бұл – ел хал­қы­­­ның басым бөлігінің тілегі. Біз аймақ­тарға барған кезімізде тұр­­ғындар кейбір адамдардың «кө­лең­келі» жолмен табылған актив­тері бар екенін, олардың қашан қайтарылатынын сұрайды. Бұл қоғамның әлеуметтік және адамгершілік әділеттілікке қатыс­ты туындаған жаппай сұра­ғына жауап деп ойлаймын», дейді депутат.

Қазірге дейін жалпы құны шамамен 1 триллион теңге тұратын құнды активтер – капитал, жылжымайтын және жылжитын қымбат мүлік, коммерциялық нысандар, акциялар, кәсіпорындар, жерлер, бағалы металдар мен асыл тастар мемлекетке қайтарылды. Соның шамамен 600 миллион доллары шетелден әкелінді. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, 2024 жылы ұлттық заңнама тағы өзгеріп, бұдан былай шет мемлекеттермен арадағы сомасы 50 мың доллардан асатын ұсақ операциялар да бақылау нысанасына ілінбек. Ұлттық банк қаражат көлемі 50 мың доллардан асатын операциялар туралы Қаржы ми­нистр­лігін құлақтандырып оты­­рады.

Бас прокурор Берік Асылов­тың айтуынша, комитет ше­телге шы­ға­рылған активтерді іздеу, заң­сыз схемаларды әш­ке­ре­леу үшін тіпті жасанды интеллект пен IT технологияларды да қол­дануға дайын.