– Жыл сайын аймақта қолданысқа берілген тұрғын үй көлемі артып келеді. Биыл 4170 пәтерлік 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 2500-ге жуық пәтер өз иелеріне табысталды. Осылайша, 11 мыңнан аса жерлесіміз жайлы үйге қоныс тепті. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1000-нан аса пәтер сатып алынуда. Бұған дейін Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш аудандарында 300-ден аса отбасы баспана қуанышына кенелсе, бүгін Сырдарияда 80 үйелмен қоныс тойын тойлайды, – деді аймақ басшысы.
Кентте бой көтерген 40 үйдің әрқайсысында 2 пәтерден бар. Құрылысы биыл мамыр айында басталған үйлердегі әр пәтердің жалпы алаңы 65 шаршы метр болады. Осы жылы Сырдария ауданының бюджеті 11 млрд теңгеден асып, аудандағы кезек күттірмейтін түйткілдерді шешуге, тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған қаржы көлемі ұлғайды. Аудандағы 72 шақырым жолды жөндеуге 3,4 млрд теңге бөлінді.
Облыс елді мекендерін газдандыру бағытындағы жұмыстар қала іргесіндегі бұл ауданда да жалғасып жатыр. Көп ұзамай «көгілдір отын» игілігін көре бастайтын елді мекендер қатарында аудандағы Сәкен Сейфуллин және Асқар Тоқмағамбетов ауылдық округтері тұр.
Қызылорда